Исламның алғашқы жылдары ауыртпалығымен келді. Пайғамбарымызға (с.а.у.) кәпірлер тарапынан небір зорлық-зомбылықтар, қысым көрсетіле бастады. Осы кезде жұбайының жанынан табылып, оны жақсы күндерге қанаттандырған, сабырға шақырған жан Хадиша еді.
Ол осы Ислам жолында бар байлығын тәрк етті, денсаулығынан да айырылды. Бірақ күйеуіне деген махаббаты сондай, еш мойып, сол күніне бір ауыз шағым айтқан емес. Мүшріктер Пайғамбардың отбасымен және оның соңынан ергендермен барлық қарым-қатынасты үзді. Сөйлеспеді, азық-түлік сатпады, былайша айтқанда байкот жариялады. Бұл үш жылға созылды. Хадиша анамыз қолындағы бар байлығын мұқтаждарға таратып, өздерінде де ішіп-жемге ештеңе қалмаған жағдайға жетті. Сол ауыр кезді ойлап көріңізші! Хадиша анамыздың екі қызы Үммү Гүлсім мен Зейнепті күйеулері қайта әкеліп берген болатын. Анаға одан ауыр не болсын?!
Аштықтан, ауыр азаптан түнде олардың жылағаны естілетін. Осы кездері екі ұлы Абдуллаһ мен Қасымнан да айырылып, азап үстіне қаза жамалды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) жылаған әйелін жұбатып тұрып: “Хадиша, жылама! Оған Алла Тағала жұмақта емізетін әйел дайындады” дейтін. Осындай ауыр күндерге қарамастан, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Хадиша анамызды тек жымиған күйде көретін. Оның жүзіне қараған жан қиындық бар десе, сенбес еді. Ерінің жүрегін жараламайын деп, өз мұңын жасырған жар Хадишадай-ақ болар. Тіпті денсаулығының сыр беріп жүргенін де жұбайына білдірмеді. Осы сабырлығы, төзімдігіне сый болар, ауырып жатқанында Жебірейіл періште оған Алланың сәлемі мен өзінің сәлемін жолдады. Ғалымдар Алла Тағала тарапынан мұндай құрметке ешкім ие болмаған деседі. Осылай 65 жасында біздің сүйіктіміз Пайғамбардың (с.а.у.) аяулы жары Хадиша анамыз бұл дүниені артқа тастап, өмірден өтті. Ол қайтыс болған жыл “Қаралы жыл” аталды. Өйткені дәл осы жылы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ағасы Әбу Тәліп те қайтыс болған еді.
материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,
ummet.kz