23
Сенбі,
Қараша

һижри

Егер әйел куйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шықса, мынаны білсін

Егер әйел куйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шықса, мынаны білсін

Исламдағы отбасы
Жарнама

Əйелге отбасылық өмірінде жүктелетін тағы бір міндеті – күйеуінің мақұлдауынсыз үйінің босағасынан аттап баспау. Баратын жері жайлы күйеуін хабардар етіп, келісімін алған соң ғана жолға шығуы мұсылман əйелге жарасымды дағды. Барғаннан кейін де кеш түспей қайтуы керек.

Құран кәрімде Алла тағала былай деген: «Уа, Пайғамбардың жұбайлары, байсалдылық танытып, үйлеріңде отырыңдар. Бұрыңғы қараңғылық дәуіріндегідей жасанып алып көшеге шықпаңдар». Аят Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жұбайларына арналғанымен, бұйрық жалпы әйелдер қауымына тиісті.

Бір күні бір әйел келіп: «Уа, Алланың елшісі, әйелдің күйеуі алдындағы міндеті не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Күйеуінің рұқсатынсыз үйінен шықпау» – деп жауап қайырады. Егер күйеуінің рұқсатынсыз шығатын болса, аспандағы періштелер, рақым және азап періштелері ол әйелге тәубеге келгенге дейін немесе үйіне қайта оралғанға дейін лағынет айтады», – деп жауап береді.

Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген екен: «Қандай да бір әйел күйеуінің рұқсатынсыз тысқа шықса, үйіне қайта оралғанға дейін немесе күйеуі риза болғанға дейін Алла тағаланың қаһарында болады». Бұл міндетті әйелге жүктеу арқылы Ислам діні оны үйге қамауды көздемейді. Қайта оның орынсыз өсек-аяңға ілікпеуін, ерімен жарасымды жұп болып, сенімнен шықпауды мақсат етеді. Бүкіл еркек атаулы жұбайының өзіне адал болғанын қалайды. Отбасын асырау қамымен түзде жүргенде үйдегі әйелінің қалаған жағына қыдырып, уақытын қалай болса солай өткізгенін ешбір еркек құптамас. Бірақ бұл қағида әйелді түбегейлі күйеуіне тәуелді етпейді. Мына жағдайларда ерінің келісімінсіз тысқа шығуына рұқсат етеді.

1. Әйелдің қаражаты жетіп, қажылыққа барғысы келсе, қасына некелесуіне болмайтындай жақын туыстарының біреуін ертіп, күйеуінің рұқсатынсыз қажылыққа бара алады.

2. Үйіне қажет заттарын жеткізетін ешкім болмаған жағдайда, әурет жерлерін жауып көшеге шығып, қажеттіліктерін өзі барып алуға мүмкіндігі бар.

3. Ата-анасы қатты ауырып, оларға қарайтын жан қалмаған жағдайда күйеуінің рұқсатынсыз төркініне барып, ата-анасына қарайласуына рұқсат. Бірақ осы уақыт аралығында күйеуі әйелінің нәпақасына жауапты болмайды.

4. Дін тұрғысынан білгісі келген мәліметтерді күйеуі үйретпесе, әйелі сол деректерді өзгеден білу үшін күйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шыға алады.

Бүгінде дінімізбен тыйым салынған жоғарыдағы ескертпелер аяқ асты болып, ерлі-зайыптылардың арасында бір кикілжің шыға қалса, келіншектердің төркініне қарай тұра қашуы дағдыға айналғаны жасырын емес. Өкінішке орай, шырқы бұзылған кей шаңырақта бұл үйреншікті жағдай іспетті. Ері қабақ шытса, әйелі үйінен безіп, төркінін сағалау дәстүрге айналған жайы бар. Бірнеше күннен кейін күйеуі аяғына жығылып немесе туыстары араға түсіп, «әке-көкелеп» келіншекті алып келеді. Кейде қызының бетбақтығын ата-анасы да құптап, оттың үстіне май құяды. Ата-анасының өз жағында екенін көрген қыз отауынан ұрыс-керіс шыққан сайын кетіп отыруды әдет қылады. Күйеуінің де бұған еті үйренеді. «Қайда барады дейсің, өзі үшін қайтып келеді» деп немқұрайлылық таныта бастайды. Күйеуінің рұқсатынсыз өздігінен басы ауған жаққа кете беретін осындай әйелдер үшін тыйым салған Ислам дінінің бұл қағидасының өте орынды екенін көреміз. Осындай салғырттық пен бей-берекеттілікке көз жұма қарайтын ерлі-зайыптылар бір-бірінсіз өмір сүруге дағдылана бастайды. Ар жағында ажырасудың ауылы алыс емес. Әрине, бұл жерде тек қана тартып отырады деп әйелдерге ғана қара күйе жағудан аулақпыз. Кейде ішіп алып, кейде ашуға мініп жарына жұдырық ала жүгіретін еркексымсақтар да аз емес. Ер азаматтардың маскүнемдігі мен ондай пасықтығы өз алдына бөлек әңгіме. Біздің бұл жерде айтпағымыз, отбасылық өмірдің ауыртпалықтарына дайын болмай күйеуге шыққан келіншектердің жайы. Бұндай әдет біздің қоғамымызға, сірә, батыстың гендерлік көзқарасынан келген болар. Жастарымыздың дін танымай өскендігі де бұған өз кесірін тигізуде. Себебі, бұрын аналарымыз бен әжелеріміздің төркініне кетіп қалуы деген мүлде болмайтын.

материал «Исламдағы жанұя» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: