22
Жұма,
Қараша

һижри

Еркек дәрежесінiң артықшылығы

Еркек дәрежесінiң артықшылығы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Алла Тағала әйелге қарағанда ер адамға артық дәреже берiп:

«...Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар. Әйелдерден гөрі ерлердің дәрежесі артық...»; «Еркектер – әйелдердi билеушi. Алла олардың кейбірін кейбіреулеріне артық еткендігі бойынша. Сондай-ақ олар малдарынан да пайдаландырады (әйелдерге мәһр, нәпақа бередi)», – деген. Еркектің әйелге қарағанда ақылы да, күші де артық екені даусыз. Алла Тағаланың «Әйелдерден гөрі ерлердің дәрежесі артық...» деген сөзі әйелдің ердегі ақысына қарағанда, ердің әйелдегі ақысы анағұрлым артық әрі міндеттірек екенін айғақтайды. Пайғамбар (с.а.с.): «Егер біреудің біреуге сәжде етуі мүмкін болғанда, еркектің әйелдегі хақының ұлылығынан әйелді күйеуіне сәжде қылуға бұйырған болар едім», – деген. Ендеше, ер адамның дәрежесiнiң әйелден анағұрлым артықтығы оған белгілі мөлшерде артығырақ жауапкершілік жүктейді.

Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Еркектiң дәрежесi әйелдеріне көркем түрде құрмет көрсетуді және оларға малын аянбай жұмсауға міндеттілiгiн бiлдiредi», – деген. Ал «… еркектер әйелдердi билеушi…» деген сөздердiң арабша түпнұсқасындағы «қаууам» сөзі «бір нәрсені сақтап, оған мән берiп, оны бақылауды бұлжытпай орындаушы» деген мағыналарды білдiредi. Демек, еркек әйелін асырауға, тәрбиелеуге, басшы болуға және әйелін қорғауға мiндеттi. Күйеуi күнәкар болмаса, әйелi оның айтқанына бағынуға міндетті. Ал күнәкар болса, Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқанындай: «Жаратушыға күнәкар болған істе жаратылғанға бағыну жоқ». Алайда «еркектің әйелге қарағанда дәрежесі артық» деген қағиданы кейбір білімсіз надан адамдардың «еркек – әйелдің билеушісі, сондықтан қалаған iсiн бұйырады, әйел бұл бұйрыққа құлақ аспауына хақы жоқ» деп түсінуі жаңсақ болады. Мiнезқұлқы мұсылман тәрбиесіне сай емес адам «еркек» деген қадiрлі атқа лайық емес. Бұл – шариғатқа қайшы амал. Алла Тағала бірін-бірі қорлау үшін адамдардың бірінің дәрежесін екіншісінен артық еткен жоқ. Бәлкім, еркектiң дәрежесiн әйелге мейірімділiк пен қамқорлық секiлдi игi iстер жасауы үшiн артық еткен болар... Сондықтан әйелін құлды ұрғанындай аяусыз ұрыпсоғатындарды «еркек» деу әбестік болар еді. Мұндай адамдар – Аллаға ұнамсыз жандар. Олар әйелдеріне ашуланып, оларды қорлаған кездерінде жүректерінде мейірімділік жоғалып, өзге мұсылмандарға жаман өнеге көрсетерлік, нағыз тасбауыр адамдарға айналады. Шынайы мүмін ер, әлбетте, әйелімен жақсы қарым-қатынаста болады. Ол әйелінің алдындағы жауапкершілікті сезініп, аманатын ықыласпен орындайды. Iс-әрекеттерін дұрыстап, жамандықтар емес, керісінше, тек ғана жақсылықтар жасауға тырысып бағады. Әйелінің қателіктерін ақылмен түзетіп, сабырлылық сақтайды.

Дөрекілiк, тасбауырлық, қаталдық сияқты жағымсыз әдеттер оған жат. Ол әйелінің өзінен жаратылғандығын, өзінің бір бөлігі екенін есiнен шығармағаны игi. Алла Тағала: «Сендерге оларға тұрақтауларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда болдырғаны да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларды ойланған елге белгілер бар», – деген. Олай болса, адам өзіне-өзі дөрекілік, тасбауырлық, қаталдық танытуы мүмкін бе?! «Оның ешкімі жоқ» деген оймен әйелін күң ретінде ұстайтын еркек Алла Тағаланың зәбiр көруші адамға көмекші екенін, зұлымдық жасаушыны жақсы көрмейтінін ұмытпауы қажет. Ал әйел адамға күйеуін сыйлауы, оның артықшылығын мойындауы міндеттеледі. Күйеуі – әйелінің арнамысы мен абыройын сақтаушысы, әкесінен кейінгі қамқоршысы. Әрi ол өмірінің көп уақытын онымен бiрге өткізеді. Сондықтан отбасының ұйытқысы болғысы келген әйел қолындағы бақытынан айырылып қалмас үшiн «еркек пен әйел тең құқықты» деп, өзін әкесіне, күйеуіне қарсы қойып жатқандардың сөзіне еріп адаспауы керек. Ерлі-зайыптылар Алла Тағаланың: «...өзара бір-біріңе кеңшілік етуді ұмытпаңдар...», – деген сөзін әрқашан естерінде ұстағандары абзал.

материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: