22
Жұма,
Қараша

һижри

Еркектер мен әйелдердің араласып жұмыс істеуі

Еркектер мен әйелдердің араласып жұмыс істеуі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жалпы, жағдайы келсе, әйелдің үйінде отырып бала тәрбиесiмен және отбасы тiрлiктерiмен айналысқаны абзал. Жұмыс істеген әйелдің үй-іші ұрыс-керістен аман болмайтыны рас.

Өйткенi әйелдiң мойнында күнделiктi жұмыстан бөлек бала- шағасы мен отбасына қатысты көптеген мiндеттері бар. Мiнеки, мұның барлығы әйелдi қажытып, төсек қатынасына керi әсер ететiндiктен, ерлi-зайыптылар арасында түсініспеушілік пен кикілжіңдер тудыруы мүмкiн. Егер әйел ерлермен аралас жұмыс істейтін болса, біріншіден, некесiне қауiп төнерi ақиқат. Себебi жұмыс бабына орай, араласуға мәжбүр болған еркек пен әйел арасында бiрте-бiрте жақын қатынас орнап, бір-біріне үйірсек бола түседі. Осылайша, адамдар арасында достық қатынас пайда болады.

Негізінде, бұл – шариғат бойынша ерлер арасында да, әйелдер арасында да рұқсат етiлген байланыс. Бiрақ қызметтестiгi яки көршiлiгiне орай бөгде әйелмен еркектiң арасында достық пайда болуы дұрыс емес. Өйткені достық – жақсы көру мен ұнату байланысы. Бұл байланыс тек қана ана, әпке-қарындас және ері мен әйелі ортасында болуы мүмкін. Ал туыстығы жоқ және некелеспеген еркек пен әйел бір-біріне мүлде бөтен болып табылады. Олардың араларындағы көз салудан бастап, зинаға дейін жалғасатын істің барлығы харам саналады.

Еркек пен әйелдің арасында таза достық болады дейтiндердiң сөзі – өмiр шындығына жанаспайтын жалған iс. Табиғи түйсік бойынша, әйел мен еркек бiр-бiрiне қажет екендіктерiн сезiнедi. Ал шын достықтың тек қана бір жынысқа жататын адамдардың арасында ғана кездесетiнi күнделікті тұрмыс шындығынан көрініс табады.

Бұл тақырыпты талдаудағы мақсатымыз – еркек пен әйелдердiң аралас қызмет етуi ерлі-зайыптылық байланысқа зиян тигiзетiнiн ескерту. Алла Тағала сақтанғанды сақтайды.

материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: