Қайталап айтуды қажет ететін мәселе – балалардың қоршаған ортасын есепке ала отырып, жасына, деңгейіне, білімі мен танымына сай оның тәрбиесін қолға алу. Бала бес жаста болса, әліппені үйреткендей, діни мағлұматтарды ерінбей, жалықпай түсіндіруіміз керек. Ол жеті жасқа келгенде берілетін білім басқа болса, он жасқа келгенде одан күрделірек білім алуы тиіс.
Алайда мұның мынадай маңызды жағы бар, балаға айтпақ болған мәліметіміз оның жасына сай әрі келесі кезеңнің де талаптарына жауап бере алатындай, оның алға басуына септігін тигізетіндей болуы керек. Өйткені, ол өзі өмір сүрген уақытты онсыз да көріп-сезе алады. Ол ортаның бергені мен мұғалімнің айтқанын жеткілікті санауы мүмкін. Ендеше, біздің тәрбие арқылы сіңіретініміз алдағы уақытта оның кәдесіне жарайтындай болуы керек. Хазірет Әли: «Балаларыңызды бүгіннің білімі мен мәдениетіне лайықтап емес, ертеңнің жағдайына лайықтап даярлаңыздар. Өйткені, олар бүгін үшін емес, ертең үшін туылды» деген. Бұл ұстанымды жалпы білім мен таным тұрғысынан қарайтын болсақ, дәл қазіргі білім мен мәдениетті жеткілікті деп санау таяздық. Өйткені, уақыт өте келе басқалар сізді басып озып, ал сіздің артта қалып қоюыңыз ғажап емес. Бұл ұстаным баланың қазіргі күйін емес, болашақтағы жағдайын жақсартады. Иә, алты жасар балаға жеті жасар баланың тәрбиесін, ал жеті жасында оған сегіз жастағылардың бағдарламасын әзірлеген жөн.
Қорыта келе мынаны айтуға болады: бес жасына дейін балаға берілген діни әрі ұлттық тәлім жұғымды болуы үшін оның ақыл-есі толысқан болуы керек және орташа шамамен алғанда, он бес жасқа дейін оған берілетін білім біртіндеп күрделенеді. Жиырма жасар бозбалаға немесе бойжеткенге он бес жасар кездегі тәлімді бермек болсаңыз, оның дін, иман, тәрбиеге қатысты осы кезге дейін алған мәліметін қойыртпаққа айналдырып жіберуіңіз мүмкін. Адамның ағзасына қажетті қорек оның жасына қарай өзгеретіні секілді ақыл-ойы, сана-сезімі деңгейінде рухани азық ала алады.
Егер тәрбиелегіңіз келген адамның қоғамдық санасын әрі ақыл-ой деңгейін анықтамай жатып оған тәлім беруге талпынсаңыз, оны өзіңізден бездіріп алуыңыз мүмкін. Бүгінгі күні білім саласының көптеген кемшіліктеріне қарамастан, кейбір жастарымыздың сана-сезімі тұнық қалпын сақтаған. Мұны Аллаһтың жақсылығы не олардың санасының жетілмегені, жиырма бес жаста бола тұра он бес жасар бала тәрізді өз заманынан артта қалып қойған деп түсінуіміз керек. Сана сезімі жетілмей қалған адам бір күні алда-жалда діни әрі ұлттық, қоғамдық пікірі өзінен әлдеқайда биік адаммен кездессе, Құдай сақтасын, іштей өз құндылықтарынан жерініп, өмірден түңіліп кетуі кәдік. Тәрбиелеу ісінде жас шамасына қарай жүктелетін міндеттерді уақытынан сәл бұрын жүргізу жайында Ислам діні мынадай кеңес береді: «Балаға намаз оқу он бес жасында парыз болса, сіз оны он жасынан бастап үйретіңіз. Оны ораза ұстауға да парыз жасынан ертерек үйретіңіз». Бұл діннің басқа да парыздарына қатысты. Бала неғұрлым ертерек қамданса, ертең өзіне жеңіл болмақ.
Балаға берілетін тәрбие кішкентайынан қолға алынса, оған да, өзіңізге де жеңіл тиеді. Егер олар балиғат жасқа толысымен діни парыздарды міндетті түрде орындасын десек, оны осыған алдын ала дайындағанымыз жөн.
Ғалымдардың тұжырымдауынша, бала жиырма бір жасқа дейін қоғамдық санасы өсіп, діни тұрғыдан кемелденуі тиіс. Демек, баланы бұл жастан кейін тәрбиелемек болсаңыз, қиынға соғады. Олай болса, жиырма бір жасқа дейін оның мінез ерекшелігін ескере отырып діни, ұлттық құндылықтарды санасына сіңіруіміз керек. Осы жасқа дейін ол дінді практикалық әрі теориялық жағынан толық меңгерсе, кейін кездесетін қиындықтарға мойымайтын болады.
Бала бұл кезеңге дейін сіздің барлық іс-әрекетіңіздің маңызы мен мақсатын түсінетін дәрежеге жетеді. Сіздің ендігі міндетіңіз – осы күнге дейін оның көріп-білгендерінің түп-төркінін түсіндіріп, сәті түскенде құлшындырып, реті келгенде ағат кеткен тұстарын ескертіп отыру. Сондықтан да белгілі бір жасқа дейін балаға іс-әрекетпен үлгі көрсету маңызды. Белгілі бір жастан кейін баланың ойлау деңгейіне қарай мәселелерді түсіндіру қажет...
Алла елшісі «Ұят – иманның маңызды бір тірегі» деген. Тағы бір хадистерінде «Ұяты жоқтың – иманы жоқ» деп айтып кеткен. Олай болса, ұрпағымыздың арлы, ұятты, ибалы болып өсуін тілесек, тәрбиесін бүлдіршін кезінен бастап қолға алуымыз керек. Олар есейе келе, Құран тәрбиесін бойға сіңірген сайдың тасындай нағыз атпал азаматтарға айналады.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Дінде тәфаққуһты үйрену әрбір мұсылманға міндет. Олай болса үйреніңдер, үйретіңдер, түк білмейтін надан болып дүниеден өтпеңдер» деген. Осы хадисті басшылыққа ала отырып, біз балаларымызға жеті жасынан бастап қарапайым ғылымхал мәліметтерін үйрете бастағанымыз дұрыс. Имам Ғазали да осы тұрғыда ойын былай жеткізеді: «Бесін намазы уақытында намазға бастайтын адам дәрет пен намазға қатысты мәліметтерді тура сол уақытта үйрене алмайтындықтан алдын ала үйренуі тиіс».
Намазға үйрету кезінде кейбір ғалымдар балаларға оңайлату үшін бесін мен екіндіні, ақшам мен құптанды бірге қосып оқуына болатынын айтқан. Олардың ұйықтап жатқандарынан намаз оқығаны абзал деген. Осы жастан бастап балаларға діни мәліметтерді берумен қатар дінге деген құрметтерін арттыра түсу керек.
Айтып өткеніміздей, бала тәмииз жасына келгенде оған діни білімдерді үйрете бастаған жөн. Бұны Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да бір хадисінде былай баяндайды: «Білімді жастайынан үйренген адам тастың үстіне нақыштағандай, есейгенде үйренген адам судың бетіне жазу жазғандай».
Осыған ұқсас тағы бір хадисінде:
«Кім Құранды жас кезінде үйренсе, етіне және қанына сіңдіреді, ал есейгенде үйренген уысынан тез шығарып алады», – дейді.
Кейбір ғалымдар: «Санада әлі ешқандай білім немесе сенім тұрақтамай тұрып ол ештеңе жазылмаған ақ қағаз тәрізді. Бұл жерге бір нәрсе жазылса, артынан басқа нәрсе жазу қиын, өшіру де оңай емес. Адамдардың түсініктері де солай. Оған дұрыс немесе бұрыс, қандай да бір білім, сенім немесе әдет бірінші жазылса, оны өшіру қиын». Кішкентай кезінен үйренген нәрселер баланың бойына қасиет ретінде сіңіп қалады. Сондықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балаларға әлі парыз болмаса да құлшылықтар мен діни білімдерді үйретуді ерте қолға алуды өсиет еткен.
Тәмииз жасынан бастап балалардың үйренетін білімдері: иман негіздері, Құран және ғылымхалдағы қарапайым мәліметтер. Бұл білімдерді бала тәмииз жасына дейін де аздап үйрене бастайды. Ал бірақ бұдан кейін саналы түрде, мектепте оқушы ұстаздан білім үйренгендей үйренуі керек. Сол үшін бұрынғы кездерде мұсылман мемлекеттерінде кішігірім медреселер болған. Қазіргі таңда ондай мүмкіншіліктер болмағандықтан, ата-ана бұл істі өзі мойнына алады немесе баласына арнайы ұстаз жалдайды. Яки, мешіттердің жанынан ашылған медреселерде мектептен тыс уақыттарда оқыту секілді шаралар қарастырғаны жөн.
Көпшілік ғалымдар балаға Құран оқуды үйренудің ең сәтті кезеңі ретінде 7 жасты айтады. Бірақ баланың қабілетіне қарай одан да ерте бастауға болады деген көзқарастарды ұстанатындар да бар. Десе де 7 жасқа дейін де арабша оқуды, жазуды үйретуге болады.
Өзіне сегіз жасынан бастап қызмет еткен сахаба Әнәс ибн Мәликке Пайғамбарымыз бірде былай деп өсиет айтқан екен: «Әй, балам! Құранды оқудан қол үзбе, себебі, Құран өлі жүректі тірілтеді, жамандықтардан, теріс қылықтардан және шектен шығудан сақтайды».
Имам Бұхари балаларға кішкентай кезінен Құран оқуды үйретуге болады деген көзқарасты ұстанады. Ал ғұлама Ибраһим Нәхаи балаға ақыл кіргенге дейін бұл ерте десе, Саид ибн Жубәйр тәмииз жасына дейін Құранды оқытуды ғұламалардың құптамағанын айтады. Ибн Кәсир алғашқы мұсылмандардың тәжірибелерінен мынадай мәлімет ұсынады: «Сахабалар балаларын алғашқы жылдарда ойынға қоя беріп, сосын барып Құранды оқуды үйренуді дұрыс көретін. Баланы ерте кезден қырағатқа (Құранды ережесіне сай оқу) мәжбүрлеу оны тез зеріктіретінін, баланың бәрібір ойынға қашатынын айтқан. Кейбіреулері бала үйреніп отырғандарын түсінбейінше, Құран үйрету дұрыс емес деп қабылдаған. Естері кіріп, тәмииз жасына жеткенге дейін баланы өз еркіне жіберіп, баланың талабы, есте сақтау қабілеті мен зейініне қарай жайлап үйрету керектігін айтқан». Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмір сүрген тұста Амр ибн Сәләмә деген бала ауылына келіпкеткен мұсылмандардан Құран үйренеді екен. Кейіннен Пайғамбарымыздың қасына баратын топқа ілесіп, Мәдинаға келеді. Келген топтың ішінде Құранды ең көп білетін сол болғандықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны 8 жасында руластарына имам етіп тағайындаған екен. Сахаба Абдуллаһ ибн Аббас өз естелігінде былай дейді: «Пайғамбарымыз қайтыс болар кезде мен 10 жаста едім. әл-Мухкәмді оқыдым». Он жасында осынша сүрені жатқа білуі – оның Құран оқуды ерте бастағанын көрсетеді.
Алғашқы мұсылмандар балаға Құран оқытуды бастату жасы турасында әр түрлі көзқарасты ұстанғанымен: «Сендердің ең қайырлыларың − Құранды үйренгендерің әрі үйреткендерің» деген хадис негізінде барлығының балаға Құран үйретуді аса маңызды санағаны анық.
материал «Исламдағы бала тәрбиесі» кітабынан алынды,
ummet.kz