Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Әйел байлығына, шыққан тегіне, көркіне және діндарлығына қарай таңдалады.
Сен діндарын таңда, сонда бақытты боласың», – деген. (Бұхари, никах 15) Бұл хадиске қарап отырсақ, жар таңдауда Пайғамбарымыз болашақ жар немесе болашақ балаларымыздың анасы, отбасымыздың ұйытқысы, ата-анамыздың көз қуанышы, қолғабыс ететін сүйікті келіні болатын адамның ең маңызды қасиеті – имандылық, яғни қазақша айтқанда, сенімді, арлы, адал, ұятты болуын баса назарға алғаны белгілі.
«Ұят – иманның жартысы» дейді тағы бір хадис шәріпте. Ендеше, жас келіннің ең көрікті ерекшелігі – ұятты, инабатты болуы. Оның маңызды екенін Пайғамбарымыздың тағы бір хадисі анықтап, аша түскендей, онда «Қоқыстың арасында өскен гүлге қызықпаңдар» – деп ескерткен. «Бұдан қандай мағына түсінуге болады?» деген сахабаларға Пайғамбарымыз: «Нашар ортада өскен сұлу әйел», – деп түсіндірген. Хадисті Омар (р.а.) одан ары мағынасын аша түсіп былай дейді: «Жаман ортада өскен сұлу әйелден сақтаныңдар, себебі оның туған баласы тегіне ұқсамай қоймайды. Текті, көрегенді жердің қызын алыңдар, себебі ол нағашыларына тартқан салихалы ұрпақ дүниеге әкеледі», – деген. Демек, бабаларымыздың «баланың жақсысы – нағашысынан» немесе «алма – ағашынан алысқа түспейді» деген сөздерінің тектен-текке айтылмағанын осыдан түсінеміз.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz