Жақсы бір адаммен танысып, жақсы бір ақ отаудың босағасын көтеріп, өзі өмір сүрген қоғамда жақсы жар немесе жұбай болуға нақты шешім қабылдаған жастардың ойына келетін маңызды сұрақтар:
Қалай жақсы отбасы боламыз?
Қаржылық жағдайы жақсы болғаны ма?
Атадан келген тектілігі жақсы болғаны ма?
Көп оқыған, бірнеше оқу орнының дипломы бар болғаны ма?
Болашақ жұбайы жұмыс істей ме әлде үйде балаға қарап отыра ма?
Еркектің немесе әйелдің үйленгеннен кейін басқа адамдармен, туысқандармен барыс-келісі қалай болады?
Қай уақытта бала туу жоспарланады?
Оны кім қалай тәрбиелейді? т.б. сансыз сұрақтарды қоя берсек көп.
Бұндай сұрақтарды үйленетін жастар алдын-ала ойланып, толғанып, жауабын іздемесе, үйленгеннен кейін жауабын табу өте қиын.
Демек, жоғарыдағы сұрақтарға қарағанда ата-бабаларымыздың «үйлену оңай, үй болу қиын» деген тағылымы бостан-босқа айтылмағаны белгілі. Себебі жар таңдап, үйлену деген – базарға барып, бағасы мен сапасын қолмен ұстап, көзбен көріп ала салатын тауар емес. Соның өзінде базарға тауар алуға барған адам қандай тауардан қанша мөлшерде алатынын алдын-ала білмесе, кім нені ұсынса, соған мәз болып, қолында бар адал ақшасына адал емес, сапасыз тауар алғаны сияқты, өмірлік серігін таңдауда алданып, сан соғып қалып ертең өмір бойы бармағын шайнап, өкініп жүрмесіне кім кепіл. Оның үстіне сүйіп алған жары ұнамай қалса, кепілдік мерзімі (гарантия) толмай тұрып фирмасына апарып беретіндей тауар емес.
Қазақта «үй алма, көрші ал» деген мағынасы таудай аталы сөз бар. Мәселенің маңыздысы – сенің алған үйің болған материяда емес, мәселе ертең балаңмен баласы ойнайтын, әйеліңмен әйелі араласатын әдепті, тәрбиелі, жомарт, жанашыр көршіңнің болуында. Осы аталы сөзді үйленумен салыстыратын болсақ, әрине, өзіне не нәрсенің керек екеніне алдын-ала ойланып шешім қабылдамаған екі ойлы адам басқалардың ұсынғанына қарай амалсыз шешім қабылдауға мәжбүр болады.
Ұлы хакім Абай Құнанбайұлының:
Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба,
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапіл қалма, – деген өлең жолдарынан-ақ жар таңдаудың бүкіл болмысын аңғарамыз.
Алдымызда, өмір тағдырымызда не күтіп тұрғаны белгісіз, алайда өмірден алған тәжірибелер мен қорытындыларға негізделе отырып, алдын-ала сақтықтар жасап, жоспарлар құрып, болатын тәуекелдердің алдын алмасақ та кері әсерін азайтуға болады.
Әне, сол сияқты жар таңдау мәселесінде де өмірлік тәжірибелер мен ата-аналардың ақыл-кеңесіне, ұлттық болмысымыздағы құнды салт-дәстүрлерімізге негізделмесек, 20 жыл өмір сүріп те әлі өз-өзімізді танымай тұрып, орта жолда кездескен жасы, жынысы, тәрбиесі, білімі, мәдениеті мен руы басқа, тіпті басқа отбасыда тәрбиеленген біреудің баласының мінезін танып білу, жоғарыда айтқанымыздай, қолмен ұстап, көзбен көретін тауар емес екеніне тағы бір рет сенуіміз керек. Демек, жасы жиырмаға енді толған кез келген жастың ақылы мен білімі басқа бір адамды жар етіп қабылдауға жетпейтіні белгілі. Адамдар қалай алдын-ала боран, өрт, тасқыннан сақтанатыны сияқты отбасы құрғаннан кейін де болатын қиын сынақтардан аман-сау өту үшін алдын-ала сақтық шараларын жасауға міндетті.
Бүгінгі таңда айналамызда үйленіп, отбасы құрып жатқан жастар мәселесіне көз жүгіртіп, зер салып қарасақ, көбінесе өмірлік тәжірибесі аз екі жастан бастап, екі жастың ата-аналары, яғни болашақ құда-құдағилар да алда болатын тәуекелдерді сөз етіп, олар туралы сақтық шараларын ойластырғанның орнына тек қана жақсы нәрселерді сөз етіп, алда болатын сынақтарды сөз етудің өзін «жаман ырым» санап, жастарды да бұндай нәрселерге бастарын ауыртпай, үйлену тек қана той жасау деп түсінетін жағдайға жеткені белгілі. Ал жастар болса өмірде көргені аз, тәжірибелері жеткіліксіз болғаннан кейін «той жасасақ болды, бақытты болып кетеміз» деп ойлайды. Олар алғаш танысудан басталған бір-бірін сағынып тұру, ренжітпеу, аялау, сыйлық сыйлау т.б. әрекеттер табысқанға дейін, тіпті одан ары жалғаса береді деп ойлайды. Алайда үй болып, шаңырақ көтерген сәттен бастап, өмірдің қиыншылығы мен жауапкершілігі басталған сәттен бастап кімнің кім екені, шынайы жүзі белгілі болады. Тіпті шешімі қиын сұрақтар алдынан шыққан сәтте, үйленгендеріне өкінетіндер қаншама. Демек, үйлену, отбасы құру деген тек қана ақ көйлек киіп, той жасау еместігін кеш түсінеді кейбір жастар.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz