Кез келген адам баласының, ердің әйелді, әйелдің ерді қалауы – табиғи жаратылысынан келген бір қажеттілік. Алайда бұл сезім ақылмен тәрбиеленіп, сүйіспеншілікпен, махаббатпен, құрметпен үнемі қадағаланбаса, пайдадан гөрі зияны басым болады.
Жар таңдауда адам ең қадірлі қазынасы болған «ақылды» қолданбай, тек қана «сезімнің» ғана қалауына мән беріп нәпсінің қалауына ғана бас изесе, онда адамға қажетті ақыл деген аса қуатты құралдың атқаратын функциясының орнына эгоизмді ғана ойлайтын сезімнің рөлі басым болатыны белгілі. Эгоизм басым болған жерде адам баласының қалауы таусылмайды. Бұдан сұлуы, бұдан әдемісі, бұдан жақсысы, бұдан дәмдісі т.б. бітпейтін тойымсыздық... түбі жоқ, тоқтауы жоқ. Бұндай тоқтаусыз қалауды тоқтата алатын жалғыз нәрсе – ақыл.
Ұлы Абай Құнанбайұлының:
Жастықта бір күлгенің бір қаралық,
Күлкі баққан бір көрер бишаралық, – дегеніндей, сезім мен нәпсі баққан адамдар түбі опық жеп, бармағын шайнайтыны белгілі.
Сондықтан үйлену мәселесінде де сезімді бір шетке жинап қойып, тек қана ақылға сал деген мағына шықпайды. Сезім жоғарыда айтқандай, үйге кіру үшін кілт қалай маңызды болса, сезім де сондай алғаш таныстыру, табыстыру, ұнату, жақсы көрсету сынды махаббат деген ұлы түсініктің есігін ашып береді. Алайда үйдің ішіне кіргеннен кейін жылыну, жарық жағу, тамақ істеу, демалу сынды өмірге қажетті істердің бәріне кілт қалай керек болмаса, сезім де сондай үйлену үшін үнемі керек емес. Сондықтан қалай кілтсіз үйге кіре алмағаныңыз сияқты сүймеген, ұнатпаған, жақсы көрмеген, нәпсіңіз хош көріп қаламаған адамды жар етіп ақылға салып, не де болса ала салайын, бәрі бір адам баласы ғой деуге болмайды.
Ендеше, бізге түскен ең үлкен міндет – осы сезім мен ақылдың ортасында тепе-теңдік құрып, әрқайсысының функциясын, яғни, атқарар рөлін шатастырмай, өз орындарында дұрыс қолдана білу.
Күнделікті өмірде үйленетін екі жас сезім мен ақылдың атқарар рөлін шатастырғандықтан, ненің «сүйіспеншілік», ненің «махаббат», ненің «ғашықтық», ненің «ұнату» екенін ажырата алмай дал болады. Соның кесірінен үйленуді көп адам «ғашық болумен», онда да «жыныстық қалаумен» шатастырады. Тура фильмдер мен теле арналардағы бағдарламаларда көрсетілгендей романтикаға толы бір өмір деп ойлайды. Сонымен қатар үйленуді қиял-ғажайып әлемде ойлап, шынайы өмірдегі өзінің ата-анасы мен аға-жеңгесіне, туыс-туғандарына қарап, олардан ақыл-кеңес алғанның орнына, қол жетпейтін бос қиялдарға қол созып, шешуі оңай нәрсені одан сайын күрделі, қияли, романтикаға толы бір іске айналдырады. Оған ақындар қанша қартайса да өлең шығарып, музыканттар ән шығарып, 10 әншінің 9-ы айтқан әнін өзінің қосыла алмай жүрген, қанша қартайса да «ғашығым» деп санайтын, өмірде болмайтын біреуге арнайды. Ал кешке үйіне келгенде кеше ғана артынан қуып, ән арнап, гүл сыйлап, мейрамханаларға шақырып жүріп алған жарына «жаным, қалайсың» деген жылы бір ауыз сөзді қимай, «қатын, шайың дайын ба?» дегеннен ары аса алмайтыны «сезімнің» уақытша нәрсе екенін түсіндіреді.
Бұның бәрі – «сезім» мен «ақылды» өз орнымен дұрыс қолданбауынан, тіпті шынайы өмірден алыстағандарынан. Тіпті өздерінше сүйген қыздарын немесе жігітін дүниедегі бүкіл нәрседен қадірлі көріп, Айға, жұлдызға, Күнге, тіпті «Әлемдегі сенсің, жаным, табынарым» деп Құдайға ғана айтылатын сөзді де арнаудан тайынбайды.
Дегенмен бүгінгі таңда адамдар арасында үнемі пікірталас тудыратын қазіргі заманда «ғашық болу бар ма, жоқ па?» деген сұраққа келсек, әрине, бар. Оған дәлел – біздің ата-әжелеріміздің, ата-аналарымыздың махаббаты. Олар қандай қиын замандар мен қиын сынақтар бастарына түссе де ешқашан отбасыларының жылуын сөндірмеуге берік ниет етіп, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен махаббаттан айырылмады. Өмір болғаннан кейін өзіне тән адам баласының кемшілігі болады, алайда ата-әжелеріміз сол кемшіліктерге қарамастан бір-бірін сүйе білді, сүйіп қана қоймай өмірге 6-10 бала әкеліп, оларды бағып-қағып, оқытып, үйлендіріп, адамзат көшіне адамдық үлестерін қоса білді. Міне, бұлар – «шын ғашықтықтан» келген «шынайы махаббаттың» жемісі.
Сондықтан ғашықтық деген киелі ұғым – осындай ауру бодау берумен өлшенетін ұғым. Әйтпесе кейбіреулердің айтқанындай, бір көре салып ұнатып қалып, артынан қуалап, біреудің жазған әнін оған арнап айтып, өтірік жылап, ертең басқа бір адаммен шаңырақ көтерудің атын ғашықтық емес, қалау, сезім мен нәпсінің ұнатуы, уақытша қажеттілік үшін жақсы көру деп айтады.
материал «Жұбайлар құпиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz