Некенің бақыты үшін қажетті қасиеттер: адамгершілік, түсіністік, шынайылық, махаббат, альтруизм (басқалардың мүддесі жолында өз мүддесінен бас тартуға дайын моральдық принцип), жанашырлық, жұбайын құрметтеу, балалардың ата-аналарына деген сүйіспеншілігі.
Ал бақытты отбасы болу мақсатында ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сенімі мен адалдығын қамтамасыз ететін жалғыз жол – Аллаға және ақыретке деген сенім. Біздің сеніміміз бойынша, салихалы және ізгі ерлер мен әйелдер жұмақта бірге болады. Ал салихалы дегеніміз жоғарыдағы аталмыш барлық қасиеттерді бойына сіңірген адам болғандықтан, бұл сенімнің эмоционалдық тұрғыда адамға үлкен үміт сыйлары анық.
Екі дүниеге деген сенімі бар жан жұбайына деген махаббатының да мәңгілік екендігінде күмәні болмайды.
Жаннатта өзіне және жұбайына мәңгілік жастық шақ пен денсаулық берілетінін білетін адам жұбайымен қарым-қатынас барысында қартаю мен денсаулыққа байланысты туындайтын қиыншылықтарға көз жұма қарайды. Осылайша ерлі-зайыптылар мәңгілік үшін осы дүниеде жанкештілік пен шыдамдылық танытады. Осындай көзқарастағы адамдар арасында ұрыс-керіс болса да, ұзаққа созылмайды, шеңберден шықпайды. Мұндай түсінік бақытты отбасы болуда маңызды болғандықтан шешуші рөл атқарады.
Бұл, бәлкім, ерлі-зайыптылардың шынайы сүйіспеншілікке қол жеткізудегі ең қысқа жолы болар. Себебі бақытты отбасы болғысы келген адам ақиқат-ажалдың жететінін білетіндіктен, мына жалған дүниеде ғана емес, мәңгілік ғұмырда серігі болар адал жанның қасында болғанын қалайды.
Көпшілік отау құруды эмоционалды және моральдық тұрғыда жетілген адамдардың ешқандай проблемасыз бақытты өмірі деп біледі. Алайда бұл эмоциялар мен сезімдер мәңгілік өмірдегі сүйіспеншілікке жету мақсатында болмаса, аталмыш анықтама теріс дегенге саяды. Сүйіспеншілік, құрмет, сенім, жанкештілік, кешірімділік, жомарттық сияқты сезімдердің барлығы бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Яғни, құдды бір көлік іспеттес: бір бөлшегі жұмысын дұрыс атқармаса, көлік істен шығады, ілгері жүрмейді. Ерлі-зайыптылардың мәңгілік махаббаттан алыстауының басты себебі – олардың бір-біріне тек серіктес ретінде қарауы болып табылады, яғни олар бірін-бірі жаннаттық жұбай ретінде елестете алмайды.
Айсбергтің көрінбейтін бөлігі, су бетіндегі бөлігінен әлдеқайда үлкен болатыны секілді, некенің шынайы хикметі күн кешіп жүрген бұл өткінші өмірде емес, жаннаттағы мәңгілік өмірде жасырылған.
Ол дүниедегі неке бақыты туралы естеліктің өзінің кереметтігі соншалықты – осы өмірде-ақ өзімізді әр күні бақытты сезінуімізге жеткілікті.
материал «Бақытты отбасының сыры» кітабынан алынды,
ummet.kz