- қайшылықтың себептерін анықтау;
Алла Тағала айтады: «Бастарыңа түскен бір бәле (ақымақтық істеп) бірдемені бүлдіріп қоюларыңның салдарынан болады, сондай-ақ Алла олардың көбісін кешіруде» («Шура» сүресі: 30).
Ұрыс-керіс пен араздасу неден пайда болады? Осы сұрақтың жауабын ерлі-зайыптылар бірігіп іздегендері жөн. Отбасы бақыты бірінші бөлімде айтылып кеткен факторларлардың ұқыпты түрде атқарылуымен жүзеге асатын болса, бәле дегеніміз, керісінше сол факторлардың отбасы аясында еш сақталмауынан, немесе шалалығынан келеді. Алла Тағаланың алдында кешірілуге болатын бір-бірінің кейбір сипаттары мен қателіктерін елемей көтере салу ерлі-зайыптылардан барынша талап етіледі. Өйткені бір адамның табиғаты екінші жақтың табиғатынан өзгеше, бірі белсенді, екіншісі енжар, тағы біреуі әңгімешіл болса, екіншісі тұйық, бірінің қолы ашық та, екіншісі қор жинауды қалайды, бірі қатты болса, екіншісі жұмсақ, бірі үйдің ішін күнде тазалауды ұнатса, екіншісі аптасына бір мәрте тазалауды қалайды. Міне, осындай себептердің салдарынан ерлі-зайыптылар өзара түсінісе алмаса, бірі өз райынан қайтпаса, қарым-қатынастары, әрине, шиеленіседі.
Ұрыс-керістің шиеленісуіне кейде ерлі-зайыптылар арасына шақырылмаған ата-аналарының, туысқандарының, тіпті достарының кірісуі залалын тигізіп жатады. Дүниеге бала келіп жатса, тіпті оған ат қоюда таласып, оның атын біз қоймадық деп, немесе баланың дүниеге келу тойы біз айтқандай асханада емес, үйде жасалды деп туыстар араздасып жатады.
Әбу Һурайра, Алла Тағала оған разы болсын, пайғамбарымыз (алайһи ас солату уа ас салам) жайлы былай деген екен: «Алланың елшісі алдына ұсынылған асқа ешқашан кінә тақпайтын, тәбеті болса, жейтін, ал тәбеті болмаса, қоя салатын».
Ешнәрсе себепсіз пайда болмайды, кез-келген аурудың пайда болуына бір нәрсе себеп болады, сол себептен тыйылу үшін оны алдымен анықтауымыз қажет. Сол себептен дәрігерге барып ауруды анықтағандай, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы араларында туған қайшылықтың себептерін мұқият анықтауы қажет, қолданылатын ем сонда ғана тиімді әрі дұрыс нәтиже береді.
- шешу жолдарын белгілеу;
Ислам – кемел дін, оның қамтымаған, жүйелемеген саласы жоқ. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «..әрі саған Құранды әр нәрсені ұғындырушы етіп және мұсылмандарға тура жол етіп, әрі рахым етіп, әрі сүйінші етіп түсірдік» («Нахыл» сүресі: 89).
Ислам діні адамдар арасындағы байланысты да, адам мен жанұясының арасындағы байланысты да қамтиды. Егер олардың арасында қайшылық туса оның шешу жолдарын да көрсетеді. Алла Тағала айтады: «Бір нәрседе қайшылыққа келсеңдер, дереу оны Алла мен елшісінің алдына апарыңдар» («Ниса» сүресі: 59).
Егер де ерлі-зайыптылар арасындағы қайшылықтың себептері отбасы бақытына апаратын факторлардың мүлдем жоқтығынан болса, онда Алла Тағаладан жәрдем сұрай отырып, қиыншылықтарға мойымай, төзімділікпен сол факторларды бірте-бірте тірілту жолында отбасы өмірлерін қайта бастағандары жөн болады.
Ал егер қайшылықтың себептері табиғаттары мен әдет-ғұрыптарының өзгешеліктеріне байланысты болса, онда өзара түсінісуден басқа амалдары қалмайды, мысалы кейбір нәрселерде екінші жақтың көңілін тауып қанағаттандыруы үшін, өз табиғатынан қайтуы айыпқа жатпайды. Айша анамыз, Алла Тағала оған разы болсын, қызғаныштан қиратқан табақты пайғабарымыз (алайһи ас солату уа ас салам) өзі-ақ көтере салып, күлімдеген бойы жерге төгілген асты өзі-ақ жинай салды емес пе?! Әйел түгіл, соғысуды парыз етуден бұрын Алла Тағала пайғамбарымызға (алайһи ас солату уа ас салам) кәпірлердің өздерін де кешіре салуға шақырған болатын: «Көктер мен жерді және екеуінің арасындағы нәрселерді ақиқатпен жараттық, әрине, Қиямет келеді. Оларға шырайлы түрде кешірім жаса!» («Хижр» сүресі: 85).
Ал енді адамның бойынан өзгеруі қиынға соғатын бірен-саран қисық мінездер шығып жатса, екінші жақ оған сабыр етіп төзе білуі қажет. Уақыт өте келе ол бұл мінезбен қалай істесу керектігіне бейімделеді, дағдыланады. Алла Тағала айтқандай: «Адам әлсіз болып жаратылған» («Ниса» сүресі: 28).
Пайғамбарымыз (алайһи ас солату уа ас салам) әйел заты туралы былай дейді: «Әйел адам – қабырға секілді, егер түземек болсаң, сындырасың, ал құрышыңды қандыр- мақ болсаң, қисық болса да, қандырасың».
Қайшылықтың себебі бала тәрбиесіне қатысты болса, онда асықпай, алдымен ислам тәлімдеріне жүгініп, исламдағы бала тәрбиелеу негіздерімен танысып, кейін олардың қабілеттеріне көңіл бөліп, болашақта қандай салаға икемділіктері бар екендігіне көз жеткізіп барып, әркім өз қалағаны үшін емес, алайда баланың болашағы үшін маңызды да қажетті шешімді кеңесе отырып қабылдаулары қажет.
Қайшылықтың себебі әл-ауқаттың төмендегіне қатысты болса, онда екеуі, ең алдымен, Алла Тағаланың өздеріне ақшадан басқа сыйлаған ырыстарын естеріне алулары керек. Сол кезде олар өздеріне берілген ырыстың қисапсыз екендігіне және олар үшін Раббыларына әлі шүкір етіп үлгермей жатқандарына көздері жетеді. Пайғамбарымыз (алайһи ас солату уа ас салам) айтқандай: «Байлық - малдың көптігінде емес, алайда байлық дегеніміз – жан дүниенің байлығы», тағы бір сөзінде: «Өздеріңнен әл-ауқаты төмен адамдарға қараңдар да, әл-ауқаты жоғары адамдарға қарамаңдар, бұл Алланың нығметіне күпірлік жасамауларың үшін жақсы» - деген.
- насихаттау мен сөгудің айырмашылығы;
Әйел кісі күйеуінің айтқанына көнбейтін болса, күйеуі оны шариғаттың талабы бойынша, алдымен уағыздауы қажет. Алла Тағала айтады: «Олардың қыңырлық көрсетуі сендерге қауіп тудырса, дереу оларды уағыздаңдар» («Ниса» сүресі: 34).
Ислам әдебіндегі уағыз қызықтыру мен қорқытуды қатар ұстанады, ал қатал сөз уағызға жатпайды. Шындығында, уағыздың көркі - жұмсақ сөз. Алла Тағала Мұса мен Һарунды Перғауынға жібергенде, оның залымдығына қарамастан, ол екеуіне жұмсақ сөйлеуін бұйырады: «Перғауынға барыңдар! Ол шектен шықты. Оған жұмсақ сөз айтыңдар, мүмкін ойланар әрі қорқар» («Таһа» сүресі: 43,44). Пайғамбарымыз (алайһи ас солату уа ас салам) Хафса анамызды София анамызға тіл тигізгендігі үшін: «Алладан қорықсаңшы, әй, Хафса!» - деп уағыздайды, бұдан артық сөз айтып сөкпейді.
- төсегінде жалғыз қалдыру мен шет қақпайлаудың айырмашылығы;
Уағыздың емі қонбаған болса, Алла Тағала Құран Кәрімде емнің келесі тәсілін білдіреді: «..және төсектерінде (теріс қарап жатыңдар да) оларды (ойлануға) тастап қойыңдар» («Ниса» сүресі: 34). Әйел кісі айтқанға көнбесе, уағызға құлақ аспаса, күйеуі оны төсектік қатынасты тоқтатуы арқылы тәрбиелейді. Алайда төсектік қатынасты тоқтату дегеніміз мүлдем түнді басқа бөлмеде немесе басқа үйде өткізуі емес. Саналы әйел күйеуінің бір төсекте теріс қарап жатқанынан-ақ қателігін түсіне қояды, сондай-ақ күйеуінің басқа бөлмеге немесе басқа үйге кетіп қалмағанында оның өзіне жақын екендігін сезеді, күйеуі туралы ойы өзгереді, райынан қайтып, күйеуінен кешірім сұрайды, сол кезде жан дүниелері бір-біріне ұмтылып арақатынастары қайта жақсарады. Төсектік қатынасты үзу дегеніміз өз ақиқатында елеп-ескермеу немесе шет қақпайлау емес;
Күйеуі елеп-ескермейтін болса, тіл қатпайтын болса, татуласу қиынға соғып, араларына пайда емес, зиян әкеледі. Пайғамбарымыз (алайһи ас солату уа ас салам) ескерткендей, ренжіп сөйлеспей қою немесе шет қақпайлау секілді қылықтардың ұзақтығы ислам әдебінде үш күннен аспауы қажет: «Мұсылманға үш күннен артық бауырын тастауға болмайды».
- зақым келтірмейтіндей сабау;
Алла Тағаланың алдында әйелінің құқықтарына әділетті болған ер кісіге әйелі қыңырлық көрсетуін еш тоқтатпайтын болса, яғни жоғарыдағы екі тәсілді елемесе, онда Алла Тағаланың Құран Кәрімде нұсқаған тәсілдерінің үшіншісін қолданады: «..және оларды таяқтаңдар» («Ниса» сүресі: 34). Бұл аяттың сыртқы мәтінінен шариғат әйел адамды мүлде құрметтемейді екен деп пайымдауға болмайды, негізінде, мұсылман отбасы ешқашан өздерінің арақатынасын бұл дәрежеге жеткізбейді. Алайда ислам шариғатының кемел көзқарасында әйелдердің іштерінде сөз ұқпайтын, айтқанды елемейтін, шариғаттың айтқанына емес, қалауына еріп, күйеуі жоқ әйелдей күйеуінің ар-намысы мен құқықтарына жеңіл қарайтындары да болады. Сондықтан осындай төтенше жағдайларда ғана күйеуіне бұл тәсілді тәрбиелік мақсатпен қолдануына рұқсат етіледі. Зейнеп, Алла Тағала оған разы болсын, айтады: Алланың елшісі (алайһи ас солату уа ас салам) бізге былай деп уағыздады: «Отты көрдім, тұрғындарының басым көпшілігі әйелдер екен», олар: «Алланың елшісі-ау, неліктен олай болды?» - деп сұрайды, ол: «Жақсылықтың қадірін білмегендері үшін» - дейді. Олар: «Сонда олар Аллаға шүкір етпей ме?» - деп сұрайды. Ол: «Күйеулеріне шүкіршілік білдірмейді, жақсылықты бағаламайды, егер олардың біреуіне өмір бойы жақсылық істеген болсаң, кейін сенен бір нәрсені көрсе болды, мен сенен ешқашан жақсылық көрмедім ғой, - дейді».
Ер адам отбасына өзін-өзі басшы еткен емес. Алайда бұл дәрежені оған Алла Тағала берді: «Ер кісілер әйелдеріне басшылық етеді, өйткені Алла бірінің үстіне бірінің дәрежесін осылай көтерген еді және олар (әйелдерін асырауға) малдарын жұмсайды» («Ниса» сүресі: 34). Ол дүние мен ақиретте әйелі мен балалары үшін жауап береді, ал енді жауап беретін болса, оларды бақыламай ма екен, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыймай ма екен?! Ал енді әйелі мұны еш ұқпайтын болса, өз дегенімен жүрсе, күйеуі онымен ажырасуға асықпай, уақыт күтіп жақсы бағытқа өзгертуге талпынатын болса, осындай тәсілдерді әйелін жек көріп емес, тәрбиелік ниетпен қолданады.
Сондай-ақ бұл аятта әйелді әр қателігі үшін қайта-қайта ұрып соғу мүлдем көзделмейді. Алдымен, ер адам тарапынан отбасы бақытына жеткізетін факторлардың бәрі жүзеге асырылуы қажет. Бұл амалдары әйеліне ешқандай әсер бермеген болса, жоғарыда айтылған екі тәсіл тәрбиелік мақсатпен қолданылады. Сонда да әйелі қыңырлық көрсетуін тоқтатпаса, үшінші тәсілге сүйенуіне болады, егер онымен әлі де тұрамын деген үмітпен жағдайларын өзгертуге тырысса.
Ислам әдебінде әйелді таяқтау дегеніміз оны денесіне зақым тиетіндей күшпен ұрып, соғып мазақ ету, немесе өш алу емес. Алайда мұндағы мақсат - араларының жарасуы. Алланың елшісі (алайһи ас солату уа ас салам) әйелдің қақы турасында бір сахабаға былай деген еді: «Өзің тамақ ішкенде оны да тамақтандыр, өзің киім кигенде, оны да киіндір, бетінен ұрма және қорлама, әрі теріс қарап жатқаның болмаса, үйде жалғыз тастама» - деген. Пайғамбарымыз (алайһи ас солату уа ас салам) әйелдер қақында ер адамдарға былай өсиет еткен еді: «..Әйелдеріңе жақсы қараңдар, расында, олардан сендерге бас июлері ғана талап етіледі, оларды ықтиярсыз бір нәрсеге мәжбүрлеуге қақыларың жоқ, егер ашық арсыздық жасаған болса, онда төсектерінде жақындаспай оларды (ойлануға) тастап қойыңдар, және оларды денелеріне зақым тимейтіндей ғана таяқтаңдар, ал енді қойдым деп өздеріңе бой ұсынған болса, оларға қарсы қысым көрсету жолдарын іздемеңдер».
- төрелік;
Ал енді жоғарыда айтылған тәсілдердің ешбіреуі ерлі-зайыптылардың арасын жарастыруға көмектеспеген жағдайда Алла Тағала бұйырғандай төрелікке жүгіну шарасы ғана қалады: «Екеуінің арасындағы қатынастың шиеленісуінен қауіптенсеңдер, күйеудің жұртынан бір төрешені және әйелдің жұртынан бір төрешені дереу жіберіңдер, егер екі төрешінің де қалағаны жарастыру болса, онда Алла екеуінің (ерлі-зайыптылар-дың) арасына сәттілігін салады, расында, Алла бәрін білуші әрі бәрінен хабардар» («Ниса» сүресі: 35).
- ажырасу;
Татуласу қиынға соққан жағдайда ерлі-зайыптылардың пайдасы үшін ажырасу шарасы кейде қажеттілікке айналады. Бұл нәрсе екі жақтың туыстарына қаншалықты ауыр болғанымен, ушыққан ұрыс-керісті тоқтатудың жалғыз-ақ жолына айналады. Алланың елшісі (алайһи ас солату уа ас салам) айтқандай: «Адал етілген нәрселердің Алла Тағалаға ең жек көрініштісі – ажырасу».
Бір-бірін жұбайлыққа таңдау барысында таңдаулары мұқият болмаған, осының нәтижесінде табиғаттары келісе алмаған әрі аралары жараса алмаған ерлі-зайыптылар өздеріне сай жұбайды қайта іздеп көрулеріне мұрсат ретінде ислам шариғаты жеккөрінішті болса да олар үшін ажырасу жолын заңды етті. Ажырасудың салдарынан ерлі-зайыптылар өмірден түңілмеулері үшін Алла Тағала олардың болашағы жайлы Құран Кәрімде былай дейді: «Егер екеуі ажырасатын болса, Алла ол екеуінің әрқайсысын Өз кеңшілігінен байытады» («Ниса» сүресі: 130).
Ислам діні некені бұзу құқығын отағасының қолына беріп қойды. Әйелінен ажырасуды шын қалайтындығын дәлелдеуі үшін некені әйелінің етеккірден тазарған уақытында бұзуын қалады, мүмкін жақындасуды қалап райынан қайтар ма екен?! Ер адам некені бұза сала әйелін үш етеккірден тазарғанша үйінен шығаруына болмайды және әйеліне де шығуға болмайды. Жүректеріндегі тақуалықты сынау үшін және аралары жарасып қалу үмітімен Алланың даналығы бекіткен әділ үкім осындай: «Әй, пайғамбар, әйелдерді некеден шығарған кездеріңде мерзімдері келгенше күтіңдер және оларды үйлерінен шығармаңдар, әрі өздері де кетпесін, тек ашық арсыздық істесе ғана болады» («Талақ» сүресі: 1). Алла Тағала тағы бір аятта былай дейді: «Некеден ажырасқан әйелдер үш (етеккірден) тазаруды күтеді» («Бақара» сүресі: 228).
материал «Отбасы бақытына апаратын отыз жол» кітабынан алынды,
ummet.kz