22
Жұма,
Қараша

һижри

Байлық абзал ма, әлде кедейлік пе?

Байлық абзал ма, әлде кедейлік пе?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Дәулетті болудың орта жолының ең керемет үлгісі Әлемнің мақтанышы Мұхаммед (с.а.у.) өмірінде байқалады.

Ол жомарттықтың мұсылманның негізгі табиғатынан болғандығын баяндаған.

Ол (с.а.у.): «Берген қол, алған қолдан абзал» (Бұхари, Зекет 18); «Тек екі кісіге ғана құмартып қарауға болады. Олардың бірі – Алла оған дәулет беріп, соны хақ жолында жұмсау мүмкіндігіне жеткен кісі; екіншісі – Алла оған білім берген және сол білімін жүзеге асырып, басқаларына да үйреткен кісі» (Бұхари, Мүслим) деген.

Осылай үгіттерімен қайырымды болуға қызықтырады да бір жақтан да: «Уа, Раббым! Мені пақырлықпен өмір сүргіз, кедей қылып тіршілік көрсет, махшар күнінде пақырлармен бірге тірілт!» (Тирмизи, Зүһд 37) деген секілді дұға еткен. Және үйінің бір бұрышын ғаріп, пақыр және міскіндер тұратын пана халіне дайындаған.

Бүкіл пақырлар және міскіндерге жақындық көрсетіп олардың әр түрлі қиыншылықтарына дәрмен болуға тырысқан және өзі қарапайым өмір сүруімен де оларға ең күшті жұбату ұсынған.

Хадис шәріпте: «Алла алдында дәулет есебін бермейтін кедейлер, байлардан қырық жыл бұрын жәннатқа кіреді» (Тирмизи, Зүһд) деген.

Қатесін біліп, истиғфар (кешірім сұрау) ететін жерде, жүрегі қатайып қалғандықтан иләһи тағдырды ұмытып «Мен істедім, мен таптым» деген оймен кедейлерді қорлағандарға қандай обал! Олардың бақытсыз Қарун тәрізді жойылуға ұшырайтындары сөзсіз.

Әуелі салиқ кісі болған Қарун Мұса пайғамбар (а.с.) үйреткен химия білімінің арқасында орасан зор байлыққа ие болған. Бірақ көңілін дүниеге деген қызығушылықтан және дүниеге берілуден қорғай алмағандықтан бүкіл әдемі және таза ерекшеліктерін жоғалтып алды. Асқақтаған байлығы себепті мақтанып, тәкаппар болды. Алла Тағала былай дейді: «Қарун Мұсаның қауымынан еді, оларға қарсы азғындық жасады. Біз оған кілттерін күшті-қуатты адамдардан құралған топ әрең көтеретін қазыналар берген едік. Сонда қауымы оған былай деген: «Құтырма! Біл, Алла құтырғандарды жақсы көрмейді» (Қасас сүресі, 76-аят).

Бірақ Қарун елінің де Мұсаның (а.с.) да сөздеріне құлақ аспағаны соншалық Мұса (а.с.) оған малының зекетін беруін айтқанда Мұсаның (а.с.) арқасында бай болғанына қарамастан: «Малыма көз салдың ба? Бұл байлықты мен өзім таптым!..» - деді.

Хазірет Пайғамбардың сахабасы болғанымен Қарун сияқты дүниеге пенде болып, рухани жоқшылықтың шөліне тап болған Саләбәнің жағдайы да ойландыратын ғибратты оқиға:

Ансарлық (Мәдиналық) Саләбә мал-мүлікке өте құмарланатын. Ол бай болуды армандайтын және бұл үшін Пайғамбардан (с.а.у.) дұғасын сұрайды. Оның бұл сұранысына Аллаһ Расулі (с.а.у.) былай жауап береді: «Шүкіршілігін істей алатын аз малың, шүкіршілігін істей алмайтын көп малыңнан қайырлы...»

Бұл сөздерден кейін сұранысынан айныған Саләбә біраз уақыттан кейін тағы да құмарланып қайтадан Пайғамбарға (с.а.у.) келеді де:

«Уа, Расулаллаһ! Дұға етіңіз, бай болайын!» - дейді.

Бұл жолы Хазірет Пайғамбар (с.а.у.) оған былай деп жауап береді: «Мен, сен үшін жеткілікті үлгі емеспін бе? Аллаға ант етемін, егер сұрасам осы таулар алтын және күміс болып артымнан келетін еді. Бірақ мен көңіл аудармадым».

Саләбә сонда талабынан айныды, бірақ көңілінде соғып тұрған әуесқойлық дауылы басылмай ішінен: «Егер бай болсам жарлы-жақыбайларға жәрдем беріп өте көп сауапқа жетемін!» - деп ойлап нәпсісінен жеңіліп үшінші рет Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) қасына барып:

«Сені хақ пайғамбар етіп жіберген Аллаға ант етемін, егер Ол мені байытса кедей-кепшіктерді қорғап қолдаймын, әрі хақ иесіне ақысын беремін!..» - деді.

Ақыры оның қайтпас табандылығына қараған Алла Расулі (с.а.у.): «Уа, Раббым! Саләбәға сұраған дүниесін бер!» - деп дұға етті.

Көп ұзамай осы дұғаның арқасында Алла Тағала Саләбәға орасан зор байлық береді. Отарлары жайлауларға сыймайтын болады. Бірақ сол кезге дейін мешіттің құсы лақабымен танылатын Саләбә мал-мүлікпен айналысқандықтан бірте-бірте жамағаттан алыстай бастады. Біраз уақыттан кейін тек Жұма намаздарына ғана келетін болады. Тағы біраз уақыттан кейін Жұма намаздарын да ұмытып кетеді.

Бір күні оның жағдайын басқаларынан сұрап білген Алланың Пайғамбары (с.а.у.): «Саләбәға обал болды!..» - деді.

Саләбәнің дүниеқоңыздығы мен надандығы осы істегендерімен шектелмейді. Зекет жинаушы қызметкерлер өзіне келгенде оларға: «Сендердің осы істегендерің хараж жинау ғой!» - деп, бұрын беремін деп айтқандарын бермей қойды әрі кедейлерге аятпен белгіленіп берілуге тиісті болған азғантай төлемді де берместен, азғындық жасап кетеді. Сөйтіп, ақыры мұнафиқтардан болады.

Осы жағдай Құранда былай баяндалады: «Олардың (мұнафиқтардың) кейбірі: «Егер Аллаһ, бізге өз кеңшілігінен мал берсе, сөзсіз садақа таратамыз және әлбетте салиқ кісілерден боламыз» - деп Аллаға ант береді. Бірақ Алла оларға өз ілтипатымен байлық бергенде олар Алла берген игіліктерде сараңдық көрсетіп, Аллаһтың әмірінен бет бұрып, берген сөздерінен айныды» (Тәуба сүресі, 75-76 аяттар).

Ақымақтығынан Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) ескертулерін тыңдамай, рухани жоқшылықта масқара болып өлген Саләбә дүниенің жалған байлығына алданып мәңгілік кедейлерден болды. Өкінішті халде, өлерде Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) әуелде айтқан сөздері құлағында жаңғырып тұрғандай еді: «Шүкіршілігін істей алатын аз малың, шүкіршілігін істей алмайтын көп малыңнан қайырлы...»

материал «Ораза.Зекет.Садақа» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: