22
Жұма,
Қараша

һижри

«Ер мен әйелдің өзара міндеті» туралы аяттың тәпсірі

«Ер мен әйелдің өзара міндеті» туралы аяттың тәпсірі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Алла Тағала: «Нағыз ерлер(тәрбие беруде) әйелдерге басшы һәм (нәпақамен қамтамасыз етіп) қорған болғандары. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қамқор болу сынды мәселелерде) артық (қабілетті етіп) жаратқандығы әрі ер адамдардың қаражат жауапкершілігін арқалағандығы.

Ал ізгі әйелдер – Аллаға толық мойынсұнатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ, Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің құқын аяқасты етпей (отбасына тән абырой мен ерлері тапқан мал-дүниені) лайықты түрде сақтай білетін жандар. Әйелдеріңнің қыңырлыққа басып, бағынбай кетуінен қорықсаңдар, оларға алдымен насихат айтыңдар, (насихат нәтиже бермесе,) олардан бөлек жатыңдар. (Сонда да қыңырлығын қоймаса, бір жеріне зақым келтіріп алмай ақырын) ұрыңдар. Егер түзеліп мойынсұнса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер. Біліп қойыңдар, Алла – Али (бәрінен үстем), Кәбир (ұлы)» («Ниса» сүресі, 34-аят) деген.

Аяттың тәпсірі: Бұл аятта Алла Тағала ерлі-зайыптылардың көтерген шаңырақтарын шәйқалтпай, жарасымды өмір сүрулері үшін бір-бірінің алдындағы кейбір міндеттері көрсетілген. Отбасы мүшелерінің өзара көптеген міндерттері бар. Солардың ең бастысы өзара сыйластық, жанашырлық. Сыйластық болған жерде иманмен өмір сүру, баланың дұрыс тәрбие алуы, өмір қиындықтарын оңай еңсеру сынды істер өз кезегімен нәтиже бермек. Ал ерлі-зайыптылар, бір-бірінен айып іздеп, берекесіздік белең ала бастаған жағдайда отбасындағы қиындықтар шешілудің орнына еселене түспек.

Аятта үш маңызды іс сөз етіліп тұр деуге болады. Әуелі, отағасы қармағындағы жас балалары мен әйелін асырауы басты міндеті ретінде айтылады. Ел қатарлы жақсы өмір сүрмеген жағдайда, бала-шаға арасында ұрыс-керістің туындауына, тіпті, қоғамда әртүрлі қылмыстардың жасалуына әкеліп соғары анық. Сол себепті, ер адамның міндеті тек отбасымен шектелмей, бір ұшы қоғаммен байланысып жатқанын көруге болады.

Екіншісі, отбасындағы ішер асы, киер киімі болған әйелдің басты міндеттерінің бірі ерінің ар-намысын сақтап, отбасындағы құпиялықты сыртқа шашпау және ері тауып әкелген дүние-мүлікті ұқыппен жұмсау, ысырап етпеуі көрсетілген. Яғни, бірді екі ете отырып, отбасы мен қоғам бүтіндігін сақтау екінші кезекте әйел кісінің еншісіне қалдырылған. Үшіншісі, аталмыш міндеттерін дұрыс атқармаған әйелге насихат ету, бөлек төсек салып жату және уақытша бөлек қалу арқылы тәрбие беру жолдары көрсетілген. Енді, осылардың әрбіріне жеке-жеке бір тоқталып көрелік.

Отағасының міндеті

Адамның ғұмыры өзгелермен барыс-келістен тұратындықтан, әркімнің өмірде өз жауапкершілігін білуі маңызды. Жауапкершілік болмаған жерде баяшатты да, баянды ғұмыр кешу болмайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бір хадисінде: «Барлықтарың бақташысыңдар және әркім қарамағындағы іске жауапты. Имам (басшы) халқынан жауапты. Отағасы отбасы мүшелерінен жауапты. Әйелі де күйеуінің үйіне әкелген дүниесінен жауапты. Қызметші қожайынының ісінен жауапты» (Бұхари, 7138) – деген.

Пайғамбарымыздың (с.а.с) ұлағатты бұл сөзі, қара құлдан ханға дейінгі әркім өз ісінен жауапты екенін, сол үшін Алланың құзырында сұралатынын ескертіп отыр. Әсіресе, отбасындағы ер мен әйелді атап айтуының да өзіндік мәні бары ақиқат. Ислам шариғатында, отағасының әйел, бала-шағасын адал жолмен асырауы басты міндеті болып табылады. Алла елшісі (с.а.с): «Сендердің ішкен, жегендерің адалдан болмай тұрып қайдан дұға-тілектерің қабыл болсын», – деген. Адамның қорек еткен азығы сүйеккке сіңіп, ет болып бітуімен қатар, адам бойындағы ізгі қасиеттері де сол жегенішкені негізінде қалыптасады. Ислам шариғаты, нәзік жанды әйел затын отбасындағы бар дүниені дұрыс пайдалануға ғана жауапты етіп, отағасы болған ер-азаматтың мойнына өмір бойы бала-шағасын адал жолмен асырау сынды ауыр жүкті артып қоюының өзі дініміздегі әділдіктің бір көрінісі деуге болады.

Қасиетті Құранда: «Халал рызықтан жеңдер» («Мүмін» сүресі, 51-аят) деп әмір етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) бір хадисінде: «Тозаққа жануға ең лайықты ет (адам) харам тамақты қорек еткен кісі» (Сахихут тарғиб, 1729.) десе, тағы бір риуаятта: «Адамға қорек еткен асы билік жүргізеді. Харам тамақ жеген адам күнә істеуді қаласын яки қаламасын мүшелері жамандыққа бұрып тұрады. Ал халал тамақ жеген адам, сауапты істі қаласын яки қаламасын мүшелері ізгілікке бастап тұрады» – деп жеп-ішкен азығымыз өмірімізге ықпал ететіндігін айтады.

Демек, адал кәсіп етіп, таза тамақ жеу Алла Тағаланың әмірі және мұсылмандық парыз саналғандықтан, әйел мен бала-шаға отағасыдан адал ризықпен асырауын талап ете алады. Сонымен қатар, нəпақаның өлшемі немесе отбасы мүшелерінің тамағы, киім-кешегі және баспанасы секілді күнделікті қажетті нәрселер ер адамның жағдайына қарай белгіленеді. Бұл жерде әйел ерінің шамасынан тыс нәрселерді талап етуге құқы жоқ. Әрі әйел кісі әлеуметтік ісінде күйеуіне бағынышты болғандықтан, ата-анасына көмектесе алмай жатса күнәкар болмайды. Ал ата-анасымен, туысқандарымен қарымқатынас жасап тұруына әбден құқылы.

Әйелдің міндеті

Аятта зікір етілген әйел кісінің басты міндеттері ар-намысын сақтау, бөгде еркекпен көңіл қоспау және отбасындағы сырды сыртқа шашпау. Алла елшісі (с.а.с.): «Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «Жұмақтың қалаған есігінен кір» деп айтылады» (Ахмад,1661.) – деген.

Отбасындағы әйел адам ерінің маңдай тер, адал еңбегімен тауып әкелген дүниемүлікін ысырап етпей, жауапкершілікпен қарауы басты міндеті дедік. Бұл отбасылық өмірдегі күнделікті азық-түлік, электр жарығы, суды қолдану, тіпті, әр бөлмеге кіріпшыққанда электр жарығын өшіріп жүру сынды істердің бәрін экономдап қолдануын білдіреді. Кейде көзге бір бөлменің жарығы бірер сағат жанып қалуы, суды ағызып қоймай, тоқтатып қолдану істері болмашы іс болып көрінуі мүмкін. Алайды, орынсыз жанған шырақ пен артық аққан судың минут, секундтына ақша есептелетіндіктен, бәрі ысырапқа жатады. Бұл шариғат талабына да, адамгершілік қасиетке де сай келмейді.

Әсіресе, кейбір табыс көзі шектеулі отағасыларға ауыр тиері анық. Әйелі бір тапқанын екіншісіне жеткізбей отырса, оның жұмысқа деген қызығушылығын салқындатып, жұмыссыз қалуына себеп болуы мүмкін. Бұл ерлі-зайыпты арасында ұрыс-керістің туындауына, ажырасуға және әке-шешенің тәрбиесін көрмеген жетімдердің көбеюіне әкеліп соғады.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда дінге жаңа бет бұрған кейбір қарындастарымыз, шариғаттың «Отағасы әйел, бала-шағасын бағуға міндетті» деген тұсын жалаң түсініп жүрген тәрізді. Әрине, мұсылман әйелдердің барлығын айыптаудан аулақпыз.

Әйтседе, хадистегі «Әйелі де күйеуініңүйіне әкелген дүниесінен жауапты» деген жеріне сүйене отырып, кейбір әйелдердің «Мені ерім бағуға міндетті. Мен ешнәрсе істеуге міндетті емеспін» деген сынды түсініктері дұрыс еместігін, отбасындағы әйел адамның да өзіндік міндеттері барын ескерту. Ғасырлар бойы Ислам дінін ұстанып келген қазақ халқының салт-дәстүрі мұсылмандық тәрбие негізінде қалыптасқаны анық. Әрбір қазақ отбасындағы әйелдің қыбланамасы әуелі Алла елшісінің (с.а.с) жұбайлары болса, қала берді ақ жаулықты аналарымыз еді. Алла елшісінің (с.а.с) жұбайлары мен ақ жаулықты аналарымыз өз міндеттерін қалай өтеді? Соған қысқаша бір тоқталып өтелік. Алла елшісінің (с.а.с) жұбайлары:

- Пайғамбарымыздың (с.а.с) алғашқы жұбайы Хадижа анамыз саудамен айналысатын, Меккедегі алдыңғы қатарлы байлардың бірі еді. Бүкіл дүние-мүлкін Ислам дінін насихаттау жолына жұмсаған.

- Айша анамыз болса, шариғат ілімдерін жетік меңгерген, хадис көп риуаят еткен ғалым әйел болған.

- Умму Сәләма анамыз әрі ғалым, әрі Ухуд шайқасында батырлығымен танылған парасатты әйел еді.

- Зейнеп бинт Жахш тері өңдеу ісінің қас шебері болған.

- Мәймуна және Жуайриә сынды жұбайлары, өзге дін өкілдерімен қарымқатынасты күшейтуде өз үлестерін қосқан. Сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с) әрбір жұбайы үйде қол қусырып қарап отырмай, отбасы қиыншылығын бірге көтерісіп, Ислам дінінің кең насихатталуы жолында еріне мол үлестерін қосқан асыл аналарымыз еді.

Ал қазақ әйелдері (әжелеріміз бен аналарымыз), үйде ешбір жұмыс істемей отырған ба? Жоқ, олар баққан малдары арқылы үйдегі түрлі қажеттіліктерін шешіп отырды. Мысалы: балаларына малдың терілерін илеп, сырт киімдер мен аяқ киімдерін тігіп кигізген. Жүндерінен киіз басып, арқан-жіп есіп түрлі керекке жаратқан. Малдың сүтінен құрт, ірімшік және май сияқты қоректік күші бар азық жинап, отбасының қысыжазы жейтін тамағын қамтамасыз етіп отырған. Яғни, отағасы сыртқы жұмыстармен айналысқанда, үйдегі әйелдер де қарап отырмай бірге қимылдап, өмірдің ауыртпалығы мен қызығын бірге көтеріскен. Соның арқасында өберелі-шөберелі болып өсіп, бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткізген. ьӨмірде қандай да бір келеңсіз жағдай жүз беріп жатса, оның туындау салдарының бір ұшы ерлі-зайыптылармен байланысты. Олардың өз жауапкершілігін толық сезінбеуі, бала тәрбиесіне кішкентай кезінен көңіл бөлмеуі салдарынан туындайды. Сондай-ақ, өмірлік рухани тәрбие ерлі-зайыптылардың жарасымымен, өзара селбестігі арқылы ғана беріледі. Адам бойындағы жауапты ісіне болған адалдық, еңбек сүйгіштік, сыйластық, үнемшілдік және қарапайымдылық сияқты адами қасиеттер отбасының Ұлы Ордаға айналуына ұйтқы болмақ. Сол себепті, отбасында әрбір ата-ана өз жауапкершілігін сезініп, мойынсал болмайынша береке-бірлікте, бақытты ғұмыр кешуде болмақ емес!

материал «Үкім аяттардың тәпсірі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: