Үйлену – пенделер үшін пайдалы, үлкен мақсатқа бастайтын Алла Тағала жолға қойған ұлы да, берекелі бір келісім болып табылады. Үйленудегі негізгі мақсат екеу: ұрпақ сүю және харамнан сақтану.
Біріншісі – ұрпақ. Отау құруға ниет еткен адамның алғашқы мақсаты – Алла Тағалаға ғибадат қылатын, өзі өлгенде артынан дұға жасап отыратын, адамдар ортасында есімін ұмыттырмайтын игі ұрпақ қалдыру яғни перзент көру. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғəлайһи уə сəллам) бізге үйленуге әмір ететін және үйленбеу ниетінен қайтарып: «Көп туатын сүйкімді әйелге үйленіңдер. Өйткені, Қиямет күні мен сендермен бірге басқа пайғамбарлардың алдында көп болып тұрамын», - деген хадисті Әнәс ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) риуаят еткен.
«Көп туатын сүйкімді әйел» деген сөздің мағынасы: яғни, көп балалы, жақсы қасиеттерімен, көркем мінез-құлқымен күйеуіне өзін жақсы көрсете білетін сүйкімді әйел. Ал «көп болып тұрамын» деген сөздің мәні: яғни, Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғəлайһи уə сəллам) үмбетінің көптігіне басқа пайғамбарлар алдында қуанып тұрады. Өйткені, кімнің үмбеті көп болса, сауабы да соғұрлым зор келеді. Үйленудің осынау ұлы мақсатын Алла Тағала: «...Жұбайларыңнан сендерге балалар, немерелер пайда етті...», - деп айқындайды ("Нахл", 72).
Немере—перзенттің перзенті. Алла Тағаланың жаратқан табиғатына орай адам ұрпағын жақсы көреді. Құранда Алла Тағала: «Адам баласы үшін әйелдер, балаларды... қызыға сүю әдемі етіп көрсетілді» ("Әли Имран", 14); «Мал мен балалар дүние тіршілігінің сәні...»,- дейді ("Кәһф", 46). Пенде өз перзентін ерекше жақсы көргендіктен Алла Тағаланың алдында күнәкар болып қалуы мүмкін. «Шын мәнінде малдарың, балаларың бір сынақ. Үлкен сыйлық Алланың қасында» ("Тағабун", 15).
Егер перзент сынағы адамға ауырлау тиіп, оларды асырау мақсатында харам кәсіппен айналысу немесе олардың өзінен кейінгі жағдайларын ойлап, Алла жолында күресу сияқты міндетті ұмытатын болса, өзіне зиян келтіріп алуы мүмкін. Сондықтан, олардың жағдайы үшін болса да харам істерге барудан сақтану керек. Алла Тағала: «Ей, мүміндер! Сөзсіз, әйелдеріңнен, балаларыңнан өздеріңе дұшпан болатындары да бар. Олардан сақтаныңдар. Егер оларды кешірім етсеңдер, шығыссаңдар, жарылқасаңдар, шексіз Алла – өте Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», - деген ("Тағабун", 14).
Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Сөзсіз, әйелдерің мен балаларыңның арасында өздеріңе дұшпан болатындары да бар» деген аят Исламға кірген меккелік бір қауым жайлы еді. Олардың әйелдері мен балалары қоныс аударуларына қарсы болды. Олар кейінірек Мәдинаға, Пайғамбарымызға (саллаллаһу ғəлайһи уə сəллам) келгенде, өздерінен бұрын келгендердің дінді көп білетінін аңғарады. Сосын олар әйелдері мен балаларын жазаламақшы болғанда, «...егер оларды кешірім етсеңдер ...» деген аяттың жалғасы түсті», - деген (әт-Тирмизи, Хаким).
Екіншісі – харамнан сақтану. Үйленудегі негізгі мақсаттардың бірі – тек қана тән құмарлығы мен қажетін өтеу ғана емес, сонымен қатар зина және басқа да әдепсіз іс-әрекеттерден сақтану. Демек, ұстамдылықтың артуына септігін тигізеді. Бірақ, харамнан сақтану тек ниетке байланысты болғандықтан бұл екі нәрсені бір-бірінен айыруға болмайды. Себебі, егер адам қайта-қайта жыныстық қатынас жасап, тек қана құмарлығын басумен шектелсе, онда оның жануарлардан айырмашылығы қайсы?! Демек, еркек пен әйелдің бас қосуының үлкен бір мақсаты болуы тиіс. Бұл мақсат – құмарлықты басу, оны харамнан тыю үшін халал жолмен қосылу. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғəлайһи уə сəллам) осыған үндеген. Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (саллаллаһу ғəлайһи уə сəллам): «Ей, жас жігіттер! Араларыңда кімнің үйленуге шамасы келсе, үйленсін. Өйткені, бұл көзді төмен қаратып, жыныс мүшелерін сақтайды. Ал, кімнің шамасы келмесе, онда ораза ұстасын. Өйткені, ораза оны әтек еркектің халіне түсіреді»,- деді»,- деген (әл-Бұхари, Муслим).
Яғни, үйлену мен оның жүгін көтеруге шамасы жеткен, жыныстық қатынас жасауға жарамды жігіт үйленсін. Өйткені, әйел алу басқаға көз салудан сақтап, тәнді харам істен қорғайды. Ал кімнің бұған шамасы жетпесе, онда ораза ұстасын. Себебі, ораза құмарлықтың күшін, отын басып азайтады. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғəлайһи уə сəллам) Алла Тағаланың пенделеріне бөтен әйелге қарауға тыйым салғанын, зина және басқа да әдепсіз іс-әрекеттерден жыныс мүшелерін сақтау керектігін олардың ойларына салады. Жәбир ибн Абдуллаһ (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (саллаллаһу ғəлайһи уə сəллам): «Егер сендердің біреулеріңе әлдебір әйел ұнап, көңілі ауса, дереу өз әйеліне барып ләззат алсын. Өйткені, бұл оның көңіліндегі құмарлық сезімін басады», - деді», - деген (Муслим). Ал төсек қатынасы құмарлығын басу үшін ғана үйленгендердің құштарлығын арттыра түседі. Бұл оларды өз әйелдерімен ғана шектелмей, тіпті харам істерге бастауы да мүмкін.
материал «Жұбайлар шаттығы» кітабынан алынды,
ummet.kz