Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Кімде-кім түнде оянып, жұбайын да оятып, екеуі бірге немесе бөлек екі рәкәат намаз оқыса, Алланы көп зікір етуші ерлер мен Алланы көп зікір етуші әйелдер қатарына жазылады» (Әбу Дәуіт, Татавву 18, Уитр 13).
«Түнде тұрып намаз оқыған, әйелін де тұрғызған, тұрмаса, жүзіне су себелеп оятқан адамға Алланың рахымы жаусын. Дәл сол секілді түнде тұрып намаз оқыған, күйеуін де тұрғызған, тұрмаса, жүзіне су себелеп оятқан әйелге Алланың рахымы жаусын» (Әбу Дәуіт, Татавву 18, Уитр 13). Бұл хадис шәрифтерден ұғатынымыз – жанұяның бақыты екі ауыз сөзбен айтқанда:
1. Жұбайлар арасындағы пейіл мен ықылас, 2. Бірін бірі тақуалыққа ынталандыру сияқты екі үлкен әдетке тікелей қатысы бар.
Осы айтқандарыңыздың барлығы бір бойынан табылатын өнеге жанұя көрсету керек болса, бұған жарқын мысалдар бар ма? Әлбетте. Көптеген мысалдар келтіруге болады. Алайда, барлығының басында, әрине, Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) құрған тұғырлы да бақытты отбасы келеді. Өйткені, өмірінің барлық сәттерінде, барлық мәселелерде баршаға үлгілі жолбасшы болған Расулалла жанұя бақыты мен тыныштығы мәселесінде де бәрімізге өнеге боларлық отбасын құрып, барлық жағынан кәміл, кемшіліксіз дерлік, берекесі мен ынтымағы жарасқан тіршілік жолын көрсетіп берген. Яғни, ол бақытты жанұя құру үшін ең кәміл отағасы әрі ең кәміл әке үлгісін көрсетіп берген. Ал оның мүбәрак жұбайы Хазіреті Хадижа анамыз – ең кәміл әйел және ана үлгісі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) басқа жұбайлары да осындай.
Қысқасы, Ол құрған отбасы ұясында Оның бойынан кішкентай да мін орын алмаған. Бұл қиялымыздан да асып кететін үлкен жетістік. Әрине, пенде болғандықтан пәк жұбайларымен өз арасында ұсақ-түйек мәселелер туындаған кездері бар. Алайда, Оның ұлы биязы мінезінің және идеал тұлғасының арқасында олардың барлығы қайырлы да берекелі нәтижеленіп, сондай жағдайларда өзін қалай ұстау керектігі жайында да үмметке көркем өнеге болып қалған. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрған отбасы ұясы өзінің ұлы тұлғасы секілді барлық жағынан ең идеалды әрі өнегелі отбасы болып қала бермек.
Ол жанұя дүниедегі сондай құзырлы да көркем отбасы болғаны соншалық, бірнеше күн бойы ыстық тамақтың иісі шықпаса да, бақыт пен шаттықтың иісі аңқып тұратын. Оның үстіне сол киелі ұядағы пәк жұбайларының бөлмелері тек бастарын сұғатындай ғана ықшам орын болатын. Алайда, ол ұядан азықтың ең ләззаттылары ризалық пен сабыр, тобашылық үзілмейтін. Алла Расулының жанұялық өмірінде қолданған тәрбие әдісі олардың жүректеріне шексіз бауырмалдық пен махаббат ұялатқан еді. Ешбір әйел өз отағасын сол аналарымыздың Алла Расулын сүйгеніндей сүйе алмас, сірә. Ешбір отағасы өз жұбайын Алла Расулының өзінің мүбәрак жұбайларына сыйлаған махаббатындай сүйе алмайтын шығар. Ешбір бала Фатиманың өз әкесін жақсы көргеніндей жақсы көріп, ешбір әке өз перзентін Алла Расулының Хазіреті Фатиманы жақсы көргеніндей жақсы көре алмайтын шығар.
Расулулла (с.ғ.с) әрбіреуі мүминдердің аналарындай болған жұбайларына осындай әділдікпен қарайтын. Бұл тұрғыда ол қолынан келгенше тырысып баққан, әйтсе де кемшіліксіз әділдік орнатудың қиындығын мойындай отырып, Хақ Тағалаға жалбарынған болатын: «Я, Рабби! Өзім байқамай, біреуін екіншісінен артық сүюім мүмкін. Ол әділетсіздік болады. Сондықтан да Раббым, қолымнан келмеген жерлерде Сенің рахымыңа сиынамын!..».
материал «Тұғырлы отбасы» кітабынан алынды,
ummet.kz