Сұрақ: Ассалаумағалайкүм. Жақында қайтқан туыстарымның қабірін зиярат еттім. Шыны керек, қорымға барғанда не істеуге болатынын немесе болмайтынын білмейді екем. Дінімізде қабір зияратына қатысты айтылған ережесі, әдебі бар ма?
Уаалейкумсалям,
Қабір зияраты кезінде марқұмдарға сәлем беріледі. Өйткені қабір иелері сәлемді естиді. Әбу Һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте: Қандай да бір пенде өзі танитын кісінің қабірінің жанынан өтіп бара жатып оған сәлем берсе, ол оған сәлем қайтарады, - деген (Ибн Асакир риуаяты).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне қабір жұртымен тірі адамдарға сәлем бергендей сәлемдесуді үйреткен. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Бақиғ қорымын зиярат етіп: «Сәлем сендерге, уа, мүмін қауым жұрты! Біздер де, Алла қаласа, сіздерге қосылармыз. Алладан өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін», - деп сәлем беріп, дұға еткен.
Сондай-ақ, қабір зияратында ескерілгені абзал өзіндік әдебі мен тыйымдар тізімі төмендегідей.
Зияраттың әдебі:
- Алланың разылығы үшін шынайы ықыласпен ниет етіп зиярат ету,
- Зиярат еткенде дәретпен бару,
- Аз уақыт болса да дүние тіршілігін тастап, ақыретті ойлау,
- Зиярат орындарында ақырын жүру, дауыс көтеріп сөйлемеу,
- Қабір жұртына сәлем беру,
- Қабір басында «Фатиха», «Ясин», «Мүлік», «Ықылас» сүрелерін немесе өзі білген басқа сүрелерді оқып, сауабын марқұмға бағыштау,
- Марқұмның жақсы қасиеттерін еске алу,
- Зияраттан тыныш, байыпты күйде қайту.
Зиярат барысында тыйым салынатын істер:
- Қабірді басу, қабір үстінде отыру, қабір үстінде ұйықтау,
- Қабірді сипау, ұстау, сүю, айналып жүру,
- Қатты дауыс шығарып жылау,
- Қабір жанында шам немесе шырақ жағу,
- Өсіп тұрған ағаштарға шүберек, маталар байлау,
- Қабірге қарап намаз оқу.
Ummet.kz