21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Құрбан айтқа қатысты жиі қойылатын сұрақтар

Құрбан айтқа қатысты жиі қойылатын сұрақтар

Сұрақ-Жауап

Құрбан Айт мейрамының қарсаңында өткен жылдардағы тәжірибемізге сүйене отырып, жиі қойылатын сұрақтар мен олардың жауаптарын жариялап отырмыз.

Сұрақ: Мұсылмандардың Құрбан айт мейрамы таяп келеді. «Құрбан» деген сөз нені білдіреді?

Жауабы: «Құрбан» сөзі «жақындау», «жақын болу» дегенді білдіреді. Діни термин ретінде бұл белгілі бір уақытта Алла Тағалаға ғибадат жасау ниетімен малды құрбан шалу дегенді білдіреді.

Сұрақ: Мен Құрбан айттан бұрын ораза ұстауға болатынын естідім. Сол жайында айтып берсеңіз.

Жауабы: Көптеген хадистерде айтылғандай, Зүл-хиджа айының алғашқы он күні Аллаға құлшылық қылып, игі амалдар жасауға ең берекелі күндер болып саналады.

Басқаларын айтпағанда, ең кең тараған ғибадаттардың бірі ораза болып табылады. Әсіресе, Зүл-хиджа айының 9-шы жұлдызында болатын Арапа күні ораза ұстаудың маңызы зор. 

Имам Муслим жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«(Сол күнгі ораза) өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады».

Сұрақ: Малды құрбандыққа шалудың үкімі қандай?

Жауабы: Ханафи мазхабына сәйкес, құрбандық шалу уәжіп(міндет) болып табылады. Оған Алла Тағаланың мына сөздері дәлел бола алады:

«Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» (Кәусар, 108:2).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисі бар:

«Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын».

Сұрақ: Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Жауабы: Құрбан шалу уәжіп болуы үшін ол адам: 

- мұсылман болуы керек;

- жұмысқа қабілетті болуы қажет;

- кәмелеттік жасқа толған болуы тиіс;

- еркін болуы керек;

- муқим болуы керек, яғни сапарда болмауы керек;

- зекет төлейтіндей негізгі қажеттерден тыс дүние-мүлікке ие болуы қажет.

Сұрақ: Қандай малды құрбандыққа шалуға болады? Қандай малдар құрбандыққа жарамайды?

Жауабы: Құрбандыққа шалынатын малдардың қатарына жататындар:

  1. Қой мен ешкі;
  2. Сиыр, бұқа және енеке;
  3. Түйе.

Қой мен ешкі бір жасқа, ірі қара мал екі жасқа, ал түйе бес жасқа толған болуы керек.

Бұл малдардың толықтай дені сау болуы қажет, мынадай кемшіліктері болмауы тиіс:

  1. бір немесе екі көзінің соқыр болуы;
  2. әлсіздік, арықтық;
  3. құлағы немесе құйрығының (үштен бірінен астам бөлігі), тісінің (жартысы және одан астам) жоқтығы;
  4. мүйізі сынған;
  5. аяғы ақсақ;
  6. айқын сырқат.

Сұрақ: Мен Құрбан айтқа бір қой алып едім. Бірақ, ол піштірілген болып шықты. Мен оны құрбандыққа шала аламын ба?

Жауабы: Піштірілген малды құрбандыққа шалуға болады. Абу Рафи' былай деген:

«Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі ақ-қара түсті піштірілген қошқарды құрбандыққа шалды» (Ахмад).

Сұрақ: Мейрамның алғашқы күнінен кейінгі күндерде құрбандық шалуға бола ма?

Жауабы: Құрбандықты айт намазынан кейін шалу керек. Бірақ, қандай да бір себептермен бірінші күні құрбандық шала алмаған адам, екінші күні және де үшінші күні, күн батқанға дейін құрбан шалуына болады.

Сұрақ: Бірнеше адам бірігіп құрбандық шалуына бола ма?

Жауабы: Әрбір адам бір қой немесе ешкіні құрбандыққа шала алады. Бір ірі қара малды немесе түйені бір ғана адам да, сонымен қатар жеті адамнан тұратын бір топ адам да құрбандыққа шала алады. Оған қоса, олардың жетеуі де құрбан шалуға ниет етуі қажет. Джабир риуаят еткен, Пайғамбар(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Сиыр жеті адамның атынан құрбандыққа шалынады және түйе де жеті адамның атынан құрбан шалынады» (Әбу Дауд, ән-Насаи).

Сұрақ: Құрбан малы қалай шалынады?

Жауабы: Құрбан шалмас бұрын ниет етіп, бір орын дайындап, пышақты қайрап қою керек. Пышақты құрбандыққа шалынатын малдың көз алдында қайрауға болмайды, бұл - мәкрух. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап, малды рахатына қауыштырсын» (Муслим).

Құрбандыққа шалынатын малды қырынан жатқызып, басын құбылаға қаратады. Содан соң дұға ретінде мына аятты оқиды (оқу міндетті емес, абзал):

«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ»

«Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ үшін. Оның еш серігі жоқ» де.

Содан соң тәкбір айтқан абзал:

«Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, ля иляхаилляЛлаху, Аллаһу Акбар, Аллаһу Акбар, уалилляхил-хамд»

Содан соң «Бисмилляхи, Аллаһу Акбар!» деп, мал бауыздалады. Малдың жаны шыққаннан кейін ғана оның терісін алып, етін бөлшектеуге болады.

Сұрақ: Малды бауыздамас бұрын сүре оқыту үшін имамды (молданы) шақыру қажет пе?

Жауабы: Малды бауыздау кезінде имамның(молданың) болуы міндетті емес. Сүре мен дұға оқу да міндетті емес. Ең бастысы, малды бауыздау кезінде «Бисмилляһ. Аллаһу Акбар!» десе жетіп жатыр.

Сұрақ: Құрбандыққа мал алып соймай, орнына малдың құнын ақшалай садақа ретінде таратуға бола ма?

Жауабы: Құрбандық шалу – бұл Аллаға құлшылық жасау әрекеті. Бұл рәсімнің тарихы сонау Ибрахим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) кезінен бастау алады. Алла Тағала Ибрахим Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) сынау үшін және барлық мұсылмандарға Аллаға бағынудың үлгісін көрсету үшін оған ұлы Исмаилды (оған Алланың сәлемі болсын) құрбандыққа шалуға әмір етеді. Ибрахим Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) ұлын құрбандыққа шалуға дайын тұрғанда, Алла Тағала оның Өзіне бой ұсынуын сынағаннан кейін, құрбандыққа шалуға жерге бір қошқарды түсіріп, Исмаилдің (оған Алланың сәлемі болсын) өмірін сақтап қалған.

Қазіргі кезде біз құрбандық шалу арқылы Ибрахим Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сондай үлкен құрбандыққа баруға дайын болғандығын еске аламыз. Сондай-ақ, Алла Тағала Исмаилдің (оған Алланың сәлемі болсын) өмірін сақтап қалғаны үшін алғыс ретінде құрбан шаламыз. Құрбан шалу арқылы адам Аллаға түгелдей бағынатынын және Пайғамбарлардың (оларға Алланың сәлемі болсын) жолымен жүретінін көрсетеді. Сол себепті, құрбан шалу үрдісінің өзі маңызды. Малдың құнын ақшалай беруге болмайды.

Сұрақ: Құрбандықты міндетті түрде адамның өзі шалуы керек пе? Әлде басқа біреуге өкілдік беруге бола ма?

Жауабы: Өзіңіз шалғаныңыз абзал (сүннет). Бірақ, егер сіз өзіңіз малды соя алмайтын халде болсаңыз, оны сіздің атыңыздан союға біреуге өкілдік беруіңізге болады. Дегенмен, ондай жағдайда да рәсімнің басы-қасында өзіңіздің тұрғаныңыз абзал.

«Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатиманың атынан құрбандық шалғанда, оған рәсімнің кезінде қасында тұруын өтініп, құрбандыққа шалынып жатқан малдың бірінші қаны тамған бойда, оның бұрынғы күнәларының бәрі кешірілетінін айтқан» (Ибн Хиббан).

Бірақ, құрбан шалу рәсіміне қатысуға мүмкіндігі жоқ адам болса, ниет етіп, құрбандыққа шалынатын малдың ақшасын біреуге беріп, өзінің атынан құрбан шалғызуына болады.

Сұрақ: Ет қалай үлестіріледі? Оны түгелдей таратып жіберу қажет пе?

Жауабы: Құрбандыққа шалынатын малдың етін үш бөлікке бөлген абзал (мустахап). Бір бөлігін өзіңізге, отбасыңыздың пайдалануына алып қаласыз, екіншісін қонақтарға асып беруге алып қалған жөн, үшінші бөлігін жоқ-жітіктерге таратқан абзал. Десе де, түгелдей таратып берсеңіз де болады.

Сұрақ: Малдың терісін не істеу керек?

Жауабы: Малдың терісін өзіңіздің қажеттілігіңізге алып қалсаңыз болады немесе садақа ретінде берсеңіз де болады. Теріні сатып, ақшасын өзіңіз пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салынады. Бірақ, сол ақшаны садақа ретінде таратуға болады.

Сұрақ: Құрбан айтты қалай өткізу керек?

Жауабы: Құрбан айтта мерекелік ас пісіріп, дастархан жайылып, балаларға сыйлық беріп қуантып, туған-туысқандарыңызды, достарыңызды мерекемен құттықтап, қуаныштарымен бөліскен абзал. Ең бастысы, оның мейрам екендігі білінуі тиіс.

Сұрақ: Құрбандыққа шалынған малдың етін мұсылман емес адамдарға берсе болады ма?

Жауабы: Құрбандыққа шалынған малдың етін мұсылман еместерге берсе болады. Құрбандықтың етін тарату тек мұсылмандармен ғана шектелмейді.

azan.kz

Бөлісу: