30
Сенбі,
Қараша

һижри

Ата-анам ораза ұстауыма қарсы. Не істесем болады?

Ата-анам ораза ұстауыма қарсы. Не істесем болады?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Менің жасым 18-де, балиғат жасынан және кәмелеттік жастан астым. Мен өзімнің қалауымен намаз оқып, ораза ұстауды бастаған едім. Алайда ата-анам бұл ниетіме түпкілікті қарсы. Не істесем болады?

Жауап: Егер сіз намаз оқып, ораза ұстағыңыз келсе, онда оны жасаңыз. Бірақ ата-анаға құрмет көрсетуден, оларға бағынып, айтқандарын істеуден, оларға қатысты мейірімділік пен жұмсақтық танытудан бас тартпаңыз. Өйткені Ислам діні ата-ананы құрметтеуге үлкен мән береді. Сізді дүниеге келтіріп, өсіріп, бағып-қаққан ол – сіздің ата-анаңыз. Сізге жанашырлық танытып, сізді риясыз жақсы көретін, сізге әрдайым жақсылық тілейтін ол – сіздің ата-анаңыз. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле»[1], - деп бұйырады. Яғни, ата-анаға қарсы шығу түгілі, оларға «түһ» сөзін айтудың өзі дінімізде айыпталады.

Алла Тағала бұйырған парыздарды, діни тәжірибелерді орындауға ниет білдіргеннен бастап, сіздің мойыңызға өте маңызды жауапкершілік жүгі артылады. Ол жауапкершілік жүгі – сіздің Алламен байланысты дұрыс орната білуіңіз (яғни жеке өзіңізге қатысты құлышылық-мінәжат), екіншісі, сіздің отбасымен, туыс-жақынмен және қоғаммен мәмілені тиісті деңгейде құруыңыз. Егер намаз оқып, ораза ұстауды бастасаңыз, дінді айналаңыздағы адамдарға құбыжық етіп көрсетпей, керісінше Исламның әдемілігін, көркемділігін барлық қырынан танытуыңыз қажет. Бұл жауапты іс сіздің отбасыңыздан басталады. Ата-ананың сізге немесе дінге қатысты әрбір ісіне және сөзіне барынша түсіністікпен, толеранттылықпен, сыпайылықпен қарауыңыз қажет.

Ата-аналары Ислам дінін қабылдамаған сахабалар Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) ата-аналарына қатысты сұрақтарымен келген кезде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға ата-аналары қандай болса да құрметпен қарау керектігі туралы өсиет еткен. Олай болса сіздің тарапыңыздан жылы шыраймен, жұмсақ сөздермен, ақыл-парасатпен әрі сабырлықпен ата-анаңызға намаз оқудың мәнін, ораза ұстаудың артықшылығын, Ислам дінінің көркемділігін айтып түсіндіргеніңіз абзал болмақ.

Сондай-ақ, Алла Тағаладан ата-анаңыз үшін үнемі дұға тілеп, екі дүниенің жақсылығын, игілігін және туралықты түсінулерің сұраудан шаршамаңыз. Алла Тағала бәрін Көруші, Білуші, Естуші.

 ummet.kz


[1] «Әл-Исра» сүресі, 23-аят.

Бөлісу: