22
Жұма,
Қараша

һижри

Ренішті үш күннен асырмаудың сыры неде?

Ренішті үш күннен асырмаудың сыры неде?

Иман келтіру

Ренішті үш күннен асырмаудағы сақтық неде?

Ондағы даналық – соңы бара-бара кекшілдік пен ерегеске, жанжалға, өзара жауыздық пен дұшпандыққа ұрындырмаудың алдын алу болса керек. Өмірде кішкене реніштен барып арты үлкен дауға, рулас елдерді бір-бірімен араздастырып қырғынға ұшыратқан жағдайлар аз болмаған. Сол себепті ашу өртін дереу сөндіріп, арадағы ренішті жоюға талпынудың, ымыраға келудің, татулық пен діндегі бауырмашылдықты жоғары қоя білудің қоғамдық мәні зор. Бірінші болып кешірімге бара білу – қай кезде де адамның кішіпейіл, қайырылғыш, иілгіш секілді жақсы мінезін байқатады. Ал өлсем де кешірмеспін деп ант ішу, анасы тасқа жерік болып тас болып түскендей, не әкесі бүгін өлгендей түнеріп райынан қайтпау – долы, шайпау, қатал мінездің, қала берді кекшілдік пен сасық тәкаппарлықтың нышаны. Адамның адамдығы сынға түсетін осындай кездері мұсылмандық мінезден ауытқымай, ішкі ар таразысының өлшемдерінен мүлт кетпеу – әр кісінің емес ер кісінің ғана қолынан келетін ерен қасиет екені аян.

Біреуді ренжіту көбінесе мінездің нашарлығынан, білімнің, жеке мәдениеттің таяздығынан, дөрекіліктен, басқаларды өзінен төмен санаудан я болмаса өзіне жеңіл деп санаған қылықтың өзгеге ауыр, зіл болып тиетінін парықтай алмаудан туындап жатады. Жаны жайсаң, мінезі жайма шуақ адам кісі көңіліне қаяу түсіретін тұстарды (сөзді яки іс-әрекетті) жақсы білетін, аса сезімтал келеді. Көңілді тырнап кететін тікенек мінезді емес, кісі жанын ізгілікке бөлейтін, жүрген жеріне сыпайылық ұялататын сымбатты ақылдылығынан таймайды. Көрген жанды сүйсінтіп, мақтадай жұмсақ мінезімен үлгі болады. Өзі ренжісе де өзгені ренжітуге жол бермейді. Өйткені, реніштің арада салқындық тудыратынын, адамдарды бір-бірінен суытып, жат қылып жіберетінін жақсы біледі. Кешіріскен күннің өзінде көңілді көлеңке басып, көпке дейін салқындықтың сызы кетпей жүретінін терең сезінеді. Бұны мына бір ғибратты мысал да жақсы ұқтырғандай.

Бірде жаман мінезді ұлына әкесі шеге толы жәшік беріп: «Маңайыңдағы достарыңмен әр жанжалдасып қалған сайын тақтайға бір шегеден қағып отыр», – деп тапсырыпты. Алғашқы күні-ақ баласы тақтайға көп шеге қағып үлгеріпті. Бір күні тақтай беті шегеге толса керек. Бұл жайын әкесіне барып айтыпты. Әкесі: «Ал енді, балам, бүгіннен бастап, сол достарыңмен татулас, бірақ татуласқан әр күнің үшін тақтайдан бір шегеден суырып алып отыр», – депті.Біраз күндер өтіпті. Бір күні қараса, тақтайдағы бар шеге шығарылып біткен екен. Сонда оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарадың, – депті, – алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы? Шегелерді суырғанда қалып қойған іздерді, көп тесікті көріп тұрсың. Бұл дегенің – тақта әуелгісіндей таза қалпында, әдемі болып қалмайды деген сөз. Достармен төбелескен сайын, арада жаман сөздер айтылады. Әр жаман сөз артына мына шегелер тәрізді шұрқ тесік қалдырып отырады. Артынан татуласып жолдасың мың жерден кешірдім дегенімен, мына тесіктер секілді көңілде кірбіңнің бәрібір сыз болып қалып кететіндігі шындық. Сондықтан ешбір досыңмен жүз шайыспағайсың, балам», – деген екен сонда өз ісінің астарын түсіндіріп, өмірлік ұмытылмас сабақ ұқтырған әкесі.

Иә, реніш артынан риясыз кешірілсе жақсы, әйтпесе көп жағдайда жан сыздатар, еске түскен сайын көңілді қаралап, жанды жаралайтын із тастап кететіні ащы да болса ақиқат. «Алдыңа келсе, атаңның айыбын кеш» деген бабаларымыз әрқашан кешірімді негіз етіп ұстаған. «Бір ашуыңды маған бер», «Тентегімді жөнге салуды өзіме қалдыр», «Бір білместік өтті», егер бала болса «ісінің шалалығы» деп, жас болса «жастық шақта кімнің басынан не өтпейді» деп, үлкен кісі болса «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ бола ма» деген секілді сөздермен әйтеуір екі жақты өз рәуішінде бітістіруге, араларын татуластыруға, артын тым ушықтырмауға тырысқан.

материал «Ислам және өнеге» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: