22
Жұма,
Қараша

һижри

Мүминдер неге ықыласты құл болуды мақсат тұтқан?

Мүминдер неге ықыласты құл болуды мақсат тұтқан?

Иман келтіру

Мұсылман адам күнделікті құлшылықтары мен жасаған сауапты істерін Жаратушы Алланың қабыл етуі үшін әрдайым ықыласпен орындауға тырысады. Ал ықыластың негізгі шарты – шынайы ниет. Егер ниет пен іске бөтен пиғыл араласпайтын болса, рия, көзбояушылықтан ада болады. Олай болса, ықылас дегеніміз не? Мүміндер неге ықыласты құл болуды биік мұрат көреді?

Ықылас – жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің тазалығын білдіреді. Әр істі қолға аларда түпкі ниет маңызды болғандықтан, ықыласпен істелген істер барынша таза ниеттен туады.

Хадисте Жаратушы ие тек өзінің разылығын қалап, ықыласпен істелген істерді ғана қабыл алатындығы ескертілген (ән-Нәсаи, Жихад, 24). Сондықтан да мұсылмандар күнделікті құлшылықтары мен жасаған сауапты істерін Жаратушы ие қабыл алуы үшін әрдайым ниетті таза ұстауға тырысқан. Бастапқыда иманда еліктеушілік деңгейінен табылса да, бара-бара шынайы иманға жетуге талпынған.

Ықыластылық құлшылықтарды Алла бұйырғандықтан істеу, Жаратушыны разы етуді қалауды қамтиды. Оған бөтен пиғыл араластыру рияға, көзбояушылыққа, т.б. жатады.

Мұсылман адам құлшылық жасауымен дүниелік пайданы, атақ-абыройды т.б. мұрат тұтпауы тиіс. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Мен Жәбірейілден ықыластың не екенін сұрадым. Маған «Мен де Жаратушы иеден «Ықылас» деген не?» деп сұрағанымда, «Ықылас – мендегі бір сыр. Оны сүйген құлдарымның жүрегіне сыйлаймын» деп бұйырды» деп жауап қатқан.

Имам Ғазали «Зат түрлі қоспадан арылғанда ғана тазарады. Кіршіксіз таза әрекеттер де ықылас деп аталады» деуде (Ихияу улумуддин, IV, 379 б.). Сондықтан шынайы, таза ниетпен жасалған іс-әрекеттердің барлығын ықыласқа жатқызуға болады.

Ықылас адамның ынтасын еселеп, ерекше құлшындырады. Ықыласпен істелген іс аз ғана болса да, ықылассыз істелген көп істерден артық тұрады. Хазірет Әли (р.а.) бұл туралы істің көбіне емес, аз болса да ықыласпен істелуіне көңіл бөлуге кеңес берген.

Ықыластылық – барша пайғамбарлардың қасиеті. Пайғамбарлардың қай-қайсысы да ғибратты ғұмырында тек қана Жаратушыны разы етуді қалап, өз міндеттерін қалтқысыз орындауға тырысқан. Халықтан қанша құқай көрсе де еш мойымаған. Дүние байлық пен атақ, мансапты көзге ілмеген.

Ықыласты құлдардың көңілі әрдайым Хақта болғандықтан, олар күнәлі істерден бойын барынша алыс ұстайды. Айталық, Зылиха ыстық махаббатпен өзіне құшақ жая шақырғанда, Жүсіп пайғамбар (а.с.) «Мен Құдайдан қорқамын» деп арсыз істен басын ала қашқан. Бұның ықыласты құл болудан туған өнегелі іс екені жайында Құранда былай делінген: «Міне, Біз одан (Жүсіптен) жамандық пен арсыздықты алыстату үшін осылай істейміз. Өйткені ол біздің ықыласты құлдарымыздың бірі» (Юсуф сүресі, 12/24).

Ықыласты мұсылман қолға алған әр ісіне ерекше ден қойып, шын пейілімен, жанын салып істейді. Шайтанның арбауынан аман қалатын бірден-бір кісілер де ықыласты құлдар болмақ. Өйткені шайтан күнәлі істерді қанша әдемі етіп көзіне көрсетсе де шын ықыласты құлдар бойын тез жиып алып, ондай жамандықтарға аяқ баспайды.

Құранда шайтанның былай дегені айтылады: «Жер бетіндегі пенделерге (жамандықтарды) әдемі етіп, міндетті түрде олардың барлығын аздырамын. Араларындағы ықыласты мүміндер ғана бұдан тыс» («әл-Хижр» сүресі, 15/40). Бұдан шын ықыласты мүміндерді азғыруға шайтанның шамасы келмейтіні аңғарылады.

Жалаладдин Руми ықылас жайында былай деген: «Саған барлық іс-әрекетіңде ықылас қажет. Сонда ғана Раб тағала жасаған сауапты істеріңді қабыл алады. Өйткені ықылас – құлшылық құсының қанаты. Сен қанатсыз бақыт мекеніне қалай ұшпақсың?!».

Тақуа кісілердің бірі Баязид Бистами болса өзі куә болған мына тосын жайтты әңгімелеген: «Бар жан-тәніммен Алла тағалаға отыз жыл құлшылық жасадым. Бір жолы ғайыптан «Әй, Баязид, Хақ тағаланың қазыналары құлшылыққа толы. Егер мақсатың Жаратушыға лайықты түрде қауышу болса, Хақ табалдырығында өзіңді тым төмен сана әрі амалыңда ықыласты бол» деген дауысты естіп, өзіме тиісті рухани ескерту алдым» (Фаридуддин Аттар, Тазкиратул-әулия, 215 б.).

Иә, әр сауапты ісін Жаратушының қабыл алғанын қалап ықыласпен істеу, ықыласты құл болуға тырысу әр мүміннің асқақ арманы болуы тиіс. Ал ықыласқа кері ықпал ететін жайттар ретінде мыналарға абай болған жөн: атаққұмарлық, мансапқұмарлық, көзбояушылық пен рия, мақтаншақтық, дарақылық, жұрттың қолпаштауын күту, ойсыз бәсекелестік, еренсіздік, иманның әлсіздігі, орынсыз үрейге берілу, істеген ісіне осы дүниеде қайтарым дәмету, тоғышарлық т.б.

материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: