22
Жұма,
Қараша

һижри

Зікірдің пайдалары жайлы хадистер

Зікірдің пайдалары жайлы хадистер

Иман келтіру

Тілге жеңіл, таразыдаауыр басатын, әрі Рахманға сүйікті екі сөз – «субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллаһил-азим» (Аллаға сансыз мақтау мен шүкіршілік айта отырып, Оны ұлықтаймыз. Ұлы Алла мінсіз, кемшілік атаулыдан ада) (Бұхари, «Дағауат» 65; Мүслим, «Зикр», 31).

«Әлхамду лилләһ» сөзі(ақиреттегі) таразыда ауыр басады. «Субханалла» мен «әлхамду лилләһ» аспан мен жердің арасын толтырады» (Мүслим, 556).

Кімде-кім бір күнде жүз рет «Субханаллаһи уә бихамдиһи» десе, күнәларытеңіздің көбігіндей көп болса да кешіріледі (Бұхари «Дағауат» 64-65; Мүслим «Зикр» 28).

Әрбір таң арайлап атқан сайын, тұла бойларыңда қанша буын болса, сонша садақа берулерің керек. «Субханалла» деп айтқан әр тәсбих – садақа, «әлхамду лилләһ» деп айтқан әр мадақ – садақа, «лә иләһә иллалла» деп айтқан әр тәһлил – садақа, «Аллаһу әкбар» деп айтқан әр тәкбір – садақа, жақсылыққа үндеу мақсатындағы әр іс – садақа, жамандықтан тыю үшін істелген әрбір әрекет те садақа болып есептеледі. Бұлардың барлығының орнын (күн найза бойы көтерілгеннен бастап, түске дейін оқылатын) дұха намазы басады (Мүслим, «Салатүл-мусафирин» 84/зәкәт 56).

Кімде-кім күн сайын таңертең және кешке «субханаллаһи уә бихамдиһи» деп жүз рет айтатын болса, қиямет күні дәл солсияқты Аллаға мадақ айтқан немесе одан да көп мадақ жаудырған жаннан өзге ешкім де оның істеген ісінен артық іспен келмейді (Мүслим, «Зикр» 26).

Алланың көше-көшені аралап, Раббыларын еске алумен шұғылданған құлдарын тынбай іздеп жүретін арнайы періштелері бар. Олар Алланыеске алып, ұлықтап отырған адамдарға тап болғанда, бір-біріне: «Мына жерге келіңдер. Іздегендерің, міне, осында!» – деп жар салады. Сөйтіп, олар әлгі адамдарды қанаттарымен қоршап алып, сол маңды қоршалап (араларына ине шаншар бос орын қалдырмай) аспанның бірінші қабатына дейін жетеді. Сонда Алла тағала шексіз ілімімен бәрін біліп тұрса да, періштелерінен: «Құлдарым не деп жатыр?» – деп сұрайды. Періштелер: «Уа, Раббымыз! Олар Сені ұлылығыңа жараспайтын барлық кемшілік атаулыдан пәктеуде, ұлықтауда, Сені мадақтап, шүкіршілік айтуда әрі Сені барынша дәріптеуде», – деп жауап береді. Сонда Алла тағала: «Олар мені көріп пе еді?» – деп сұрайды. Періштелер: «Жоқ, уаллаһи! Олар Сені көрген емес», – дейді. Алла тағала: «Егер олар мені көрсе қалай болар еді?» – деп сұрайды. Періштелер: «Егер олар Сені көрсе, Саған бұдан да көп құлшылық етіп, Сені бұдан да асыра дәріптеп әрі бұдан да жиі пәктейтін еді», – деп жауап қатады. Сонда Алла тағала: «Олар менен не сұрап жатыр?» – дейді. Періштелер: «Жұмаққа кіргізуіңді сұрауда», – деп айтады. Алла тағала: «Олар жұмақты көріп пе екен?» – деп сұрайды. Періштелер: «Уа, Раббымыз! Жоқ, уаллаһи! Олар әсте жұмақты көрген емес», – дейді. Алла тағала: «Егер олар жұмақты көрсе қалай болар еді?» – деп сұрайды. Періштелер: «Егер олар жұмақты көрсе, оған кіруге бұдан да бетер ынтық болып, бұдан да бетер ұмтылып, бұдан да бетер ынтызар болар еді», – деп жауап береді. Сол кезде Алла тағала: «Олар неден қорқып, менен неден қорғауымды тілеуде?» – деп сұрайды. Періштелер: «Олар Саған тозақ отынан (сақтай көр деп) сиынады», – дейді. Алла тағала: «Олар оны көріп пе екен?» – деп сұрағанда, періштелер: «Жоқ, уаллаһи! Олар оны көрген емес», – дейді. Алла тағала: «Егер көрсе, қалай болар еді?» – дегенде, періштелер: «Егер оны көрсе, тозақтан мұнан да бетер безіп, мұнан арман қорқар еді», – деп жауап береді. Сонда Алла тағала: «Ендеше, сендер куә болыңдар. Мен оларды кешірдім», – дейді. Мұны естігенде бір періште: «Араларында, тек өзінің бір қажетіне бола келіп отырған (оларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын) пәленше деген құлың бар», – дейді. Сонда Алла тағала: «Олар сондай жақсы адамдар: олармен бірге (жай әншейін) отырған адам да бақытсыздыққа ұшырамайды (Мүслим «Зикр» 25).

Сағд ибн Муаз қайтыс болған кезде, жерлеуге Алла елшісімен бірге бардық. Алла елшісі жаназа намазын оқыды, содан кейін денесі жерленді. Жерлеп болғаннан соң, Алла елшісі дереу «субханалла», «Аллаһу әкбәр» деп айта бастады, бізде оған қосылып айттық. Пайғамбарымыз мұны көп қайталады. Одан алдымен тәсбих, содан кейін тәкбир айтуының себебі сұралған кезде, былай деп жауап берді: «Бұл салих құлдың қабірі оны қыса бастады, сол себепті Алла тағала оны кеңейткенге дейін тәсбих пен тәкбір айттым» (Ахмәд ибн Хәнбәл 135).

Адам баласы өзінің мұқтаждығын сезіне отырып Аллаға жалбарынуы тиіс, үнемі Алланы есіне алып, зікір етуі қажет. Өзін үнемі есіне алып, зікір ететін құлдарымен мақтанатынын Алла тағала құдси хадисте былайша баяндайды: «Құлым Мен туралы қандайойда болса, Мен де оған солай қараймын. Құлым Мені есіне алып, Маған мадақ айтып ұлықтаса, Мен онымен бірге боламын. Егер ол Мені іштей есіне алып, мадақ айтса, Мен де оны солай есіме аламын. Ал егер Мені көпшіліктің ортасында есіне алып, мадақ айтып ұлықтаса, Мен оны одан да қайырлы көпшіліктің алдында есіме алып, мақтан тұтамын» (Бұхари, «Таухид» 15; Мүслим, «Зикр» 2).

Алла елшісі ұйқыдан бұрын «33 рет Субханалла, 33 рет Әлхәмду лилләһ, 33 рет Аллаһу әкбар» деп, артынша бірнеше дұғалар оқитын. Сол дұғалардың бірі мына дұға: Пайғамбарымыз үш рет «Әлхәмду лилләһ», үш рет «Аллаһу әкбар» деп мына аятты оқитын: «Оларға емін-еркін мініп, жайғасарсыңдар және сол кезде Раббыларыңның нығметін естеріңе алып: «Бізге осы мініс көлікті бағынышты қылған Алла мінсіз, кемшілік атаулыдан һәм лайықсыз сипаттардан ада! Әйтпесе, біздің оған шамамыз жетпес еді» («Зухруф» сүресі 13-аят).

материал «Раббыңды ертелі-кеш есіңе ал» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: