23
Сенбі,
Қараша

һижри

Ықылас – жүректің Алламен байланысы

Ықылас – жүректің Алламен байланысы

Иман келтіру

Ықылас – жүректің Алламен байланысы. Сондай-ақ жұрттың алдында қандай ықыласпен ғибадат етсеңіз, ешкім  көрмейтін  жалғыз  қалған  кезде  де  дәл  сол құлшылығыңыздан бір мысқал да таймауыңыз.

Әйтпесе, жұртпен бірге намаз оқығанда қырағатын әдемілеп, на-маздарын  ұзатып  оқып,  жалғыз  қалғанда  шала-шарпы, үстірт орындаса, бұл нағыз рияшылдыққа жатады. Әсіресе,  қазіргі  кезде  рияшылдықтың  етек  алып кеткені  соншалық,  адамдар  рияның  не  екенін  ажырата  алмай  қалып  жатады.  Жеткен  жетістіктерін  «өз шеберлігімнен» деп біліп, мақтау мен марапаттауға мастанып, бұған жеткізуге се бепкер болған Алланы тарс ұмытып шыға келеді. Алла мейірімін төгіп тұрса да, олар бұған Алланы тану үшін емес, Алладан алшақтатушы бір перде (Алла табиғат заңдылықтарын Өзінің ұлылығына перде еткен) ретінде қарайды. Рияшылдықтан арылып,  ықыласқа  қол  жеткізудің ең негізгі жолы – үнемі өлімді еске алу. Адам өзін бұл дүниеге уақытша келген қонақ сияқты сезініп, соған сай өмір сүрсе рияшылдықтан құтыла алады. Қонақта өзіңізді қалай ұстайсыз? Әрине, барынша әдепті, сабырлы болуға әрекеттенесіз.  Өйткені,  қонақ  болу  –  уақытша  бір  сәт. Сол сияқты мына өткінші ғұмырда да өзінің қонақ екенін сезіне білген адам әрбір адымын аңдап басады.

Рияшылдықтан  құтылудың  тағы  бір  жолы  –  ихсан тұғырын иелену. Яғни, Алла Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық ету. Біз Алланы көре алмағанымызбен, сәт сайын мүлтіксіз Алланың назарында тұрғанымызды естен шығармауымыз  керек.  Сол  кезде  ғана  рияшылдықтың шырмауынан құтыламыз. Жүрегі  ықыласқа толы адам ешкімнен мақтау, марапаттау күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді  ойламайды.  Істі  алғаш  бастаған кезде  қандай шынайы  болса, үлкен  жетістікке  жеткен  кезде  де  сол шынайылығынан  айрылмайды.  Ол  үшін ең  бастысы  – істеген амалдарын Алланың қабыл алуы. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың өмірі – үлгі. Меккеде пайғамбарлық кезеңі  басталған  тұста  қандай  шынайы,  кішіпейіл  болса,  Мәдинаға  қоныс  аударғанда  да,  алғашқы  ислам мемлекетінің басшысы ретінде Меккені азат еткен кезде де  сол  кішіпейілділігінен  танбады.  Пайғамбарымыздан кейін ел басқарған әділ халифалар да осы киелі үрдісті жалғастырды. Шынайы дін жолында жүрген адам да өз өмірінің осындай  иләһи  бақытқа  бастар  бағыттан  ауытқымауын әркез таразылап отырғаны абзал. Ықыласты  құлдарды  шайтан  оңайшылықпен құрығына  түсіре  алмайды.  Себебі  оларды  Алла өзі қорғауына алып, жаңылыс қадам басуына жол бермейді. Бір құдси хадисте айтылғандай, Алла Тағала ықыласты құлының  «көретін  көзі,  еститін  құлағы,  жетектейтін қолы, жүретін аяғына айналады». Шайтан да ықыласты құлдардың   алдындағы   дәрменсіздігін   мойындап, Аллаға:

«Сенің  ұлылығыңмен  ықыласты  құлдарыңнан басқасының  бәрін  аздыруға  ант  етемін,  –    деді (шайтан)». Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Нағыз жүрек, шын ықылас-пейілмен шейіт бо-луды сұраған адамды Алла Тағала төсегінде өлсе де шейіттердің  мәртебесіне  жеткізеді»,  – деу  арқылы шынайы ниеттің маңызы мен салмағын сездірген.  Ықыласпен жасалған тілек  әркез  қабыл  болады. Қандай  істе  болмасын  табысқа жету шынайы  ықылас арқылы жүзеге асады. Ықылас пен шынайылықтың белгісі – ақиқаты анық, дұрыстығы тура деп білген жолда жалғыз қалып кетсе де мойымай, дұшпандардың қысастығы мен қытымырлығына, өсек-аяң, бәле-жалаға қарамастан мақсат еткен бағытынан таймау. Ислам діні ықыласпен қатар ниетке де өте үлкен мән берген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Шын мәнінде амалдар тек қана  ниеттерге байланысты. Әркімнің ниеті қандай болса, табысы сол. Кімде-кімнің хижраты, Алла пен елшісі (ризалығы) үшін болса, оның хижраты Алла мен елшісіне бағытталады. Ал, кімде-кім дүниеге қол жеткізу үшін, не болмаса қандайда бір әйелге үйлену үшін  хижрат жасаса  оның хижраты да сол көздеген мақсатта болады», –  дейді.Тек қана хижрат жасауда емес, бүкіл іс-амалдарда ниет – өте маңызды. Ниет арқылы біз өзіміздің амалдарымыздың мақсатын  белгілейміз.  Егер амалдарымыздың  мақсаты дүниелік болса, Алла оған дүниелік қана пайда береді. Мысалы,  бір  кісі  ораза  ұстаған  кезде  денсаулық  үшін, сабырлылығын  арт тыру  үшін  ұстаса,  ол сол  ниетіне жетеді. Алайда,  ақыретте  Алланың  сыйын ала алмайды. Алла  үшін  жасалған  жақсылықтардың сыйын тек Алла береді. Ақыретте соны әшкерелейтін Алла Тағала: «міне,  мыналар  сендердің  ортақ  қосқандарың,  осылардан  сұраңдар»,–  дейді.  Әркім  өз  жанын  сауғалайтын болғандықтан  ешкімнің  ешкімге  титтей  де  көмегі  болмайды.  Адамның ниеті амалын өзгертеді. Кішкентай бір ісін ғибадатқа айналдырғандай, жұртқа көрсету үшін істеген ғибадатын күнәға айналдырады. Мысалы, бір адам ұйықтар кезде «түнде Алла үшін тұрып, құлшылық жасаймын» деген ниетпен жатса, оның ұйқысы да ғибадат болып саналады. Тамақ  жеген  кезде  ысырап  қылмай, дініміздің үйреткеніндей «бисмиллаһ» деп бастап «әлхамдулиллаһ» деп  бітірсе,  ас  үстіндегі Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жасағанын  әркез  үлгі  етсе,  онда  тамақтанудың  өзі ғибадатқа айналады.

материал «Кемелдік кілті» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: