Әйелінің өте эмоционалды екенін білетін мұғалім досым: «Үйге келе жатқанымда жарым менің бөрек сатып әкелуімді өтінді. Бұл тұрғыда оның өте сезімтал болғаны үшін қарсылық білдірмей, бірден сатып апардым.
Апарған бөрегімді көрді де, мұрнын тыржитып: «Бұл мен қалаған бөрек емес. Менің сүйікті бөрегім тек пәлен жерде сатылады. Егер сен мені бағаласаң, ештеңе айтпай дәл қазір әкеліп бересің, ал егер әкелмесең, саған айтар сөзім жоқ» – деді де, басқа бөлмеге кетіп қалды. Осындай сынақтары көбейіп кетті. Тіпті не істерімді білмеймін. Кейбір талаптарының қисынсыз және қиын болғаны соншалық – үйден шығып, кері қайтқым келмейді» – деп, өзінің амалсыз хәлін түсіндірді.
Басқа бір ханым: «Күйеуім оны қаншалықты жақсы көретінімді көрсетуім үшін, ата-анаммен қарым-қатынасымды толық үзгенімді қалайды. Махаббатымды дәлелдеуім үшін қойған талабына қараңызшы! Неге мен қаншама жыл өсіріп, жетілдірген, осы күндерге жеткізген ата-анаммен байланысымды үзуім керек? Қалай ойлайсыз, жұбайымның талабы ақылға қонымды нәрсе ме?» – деп, өз оқиғасын баяндаған еді. Тағы бір ханым: «Күйеуім түн ортасында дайындалуы қиын тағамдарды дайындауымды өтінеді. Бұл өтінішін орындау үшін уақыт та, орын да сай емес, ертең қажетті уақытта қалаған нәрсесін істеп беремін десем: «Мені шынымен бағаласаң, сен үшін уақыт пен орын кедергі болмас еді» – деп, наразылығын білдіреді» – деп, ренішін айтты.
Өзгеру ме әлде түрлену ме?
Осы және осыған ұқсас шағымдар соңғы жылдары ерлі-зайыптылар арасында тым жиілеп кетті. Жағдайға қарап біз, неке кеңесшілері, отбасылық өмірді орынсыз эмоционалдылық жаулап жатыр деген шешімге келдік. Бұрын мұндай эмоционалдылық әйелдерде ғана кездесетін. Ал қазір ерлер арасында да жөнсіз сезімталдық күннен күнге көбейіп барады. Қарқынды өзгеріс сарапшыларда көптеген сұрақтар тудыра бастады. Бұл жаңа қатынастар отбасыотбасылық өмірімізде қандай орын алады? Бұл мәселеге қатысты алаңдау керек пе? Олар жанұямызда болып жатқан ауытқулар мен өзгерістердің белгісі ме? Әлде қарым-қатынастың түрленуі ме? Жаңалықтар салдарынан некені және жарымыз туралы түсінігімізді қайта қарастыру қажет етіле ме? Әлде қорқынышымыз орынсыз ба?
Егер болып жатқанның бәрі «өзгеріс» болса, онда өзгерістер бұрынғы қалпына қайта алады. Мысалы, күн суыса, кейін қайтадан жылиды. Бұл – өзгеріс. Бірақ бұл «түрлену» болса, ол өзгерістен мүлдем басқа қасиетке ие. Өйткені түрленген нәрсе, бұрынғы жағдайына қайтпайды. Мысалы, жұлдызқұрттың көбелекке айналуы – түрлену болып табылады. Сол себепті көбелек қайта құртқа айналмайды. Отбасымыз өзгерістерге төтеп бере алады, бірақ «түрлену» – бүтін қоғамды құрдымға апаруы мүмкін. Демек, қазір болып жатқан жағдайға аса мұқият болуымыз керек.
Эмоционалдылық дегеніміз – адамның әрекетіне ақыл мен түйсік емес, сезімдердің әсер етуі. Оны орынды қолдана білсек оншалықты жаман емес, тіпті ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген қызығушылығын арттыруы мүмкін. Себебі адамдар робот емес қой. Адамды басқа жаратылыстардан осы эмоциялары ерекшелейді. Кейбір мәселелер ақыл мен логика арқылы емес, эмоциялар арқылы дұрыс шешімін табады. Аталмыш оқиғалардағы проблемалар – осы эмоционалдықтың шектен шығуы салдарынан туындауда.
материал «Бақытқа барлығы лайық» кітабынан алынды,
ummet.kz