23
Сенбі,
Қараша

һижри

«Араласатын ортам сондай болса, қайтемін...»

«Араласатын ортам сондай болса, қайтемін...»

Иман келтіру

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтады: «Адамдар махшар майданында есеп беріп жатқан кезде, үш түрлі кісі Алла Тағаланың Аршының көлеңкесінде әңгімелесіп отырады. Олар:

1. Алла жолында жүргенде өзін жазғырғандарды елемеген адам;

2. Өзіне рұқсат етілмеген іске жақындамаған адам;

3. Алла қарауға тыйым салған жайттарға көз қиығын да салмаған жан.

Бір сәт нәпсіге бой алдырып күнә жасаған адам негізінде өзінің бұл ісіне күйініп, қатты өкініш білдіреді. Бірақ осы өкінішті сезінбеу үшін, түрлі себептермен өзін алдаусыратады және қазіргі жағдайын қалыпты деп қабылдағысы келеді. Тіпті, күнәға жол берген адам өкінген сайын бұрынғысынан бетер күнәға батуы мүмкін.

Мұндай жағдайда Ібіліс күнә жасаған пендеге жақындап келіп, оны бұл күйден құтқару үшін «Қайғырма, бұны кім істемей жатыр дейсің» деп жұбатады. Мұндай жағдайда адам ешқандай рухани жеңілдік сезінбесе де, ар азабына себеп болған күнәні «қалыпты жағдай» деген пікірге алданып қалады.

Бірақ басқалардың да ауру екендігі біздің ауруымыздың жазылуына ешқандай септігін тигізбейді. Жұрттың күнәға батуы есеп күнінде біз үшін ешқандай да сылтау бола алмасы анық. «Ел секілді мен де аурумын» деген жұбаныштың өзі де ешкімге пайда бермейді. Мұндай сәттегі ең үлкен қателік күнә істеген адамның жұртты алға тартып, оны қалыпты жағдай деп қабылдауында жатыр.

Баршаның ұрлық жасауы ұрланған затты адал етпейді. Сол сияқты харамға қарау және соның салдарынан туындаған барлықжамандықтар үшін көптің жамандық жасауына иек арту қисынсыз.

Пайғамбарымыздың ғибратты өмірімен таныс болу, мұсылманшылыққа берік жандармен бірге болу нашар істерден жирену сезімін оятады. Тәубе етіп, жаман әдеттерді тастау үшін көп күш жұмсау да өз нәтижесін береді. Өйткені, көпшілік күнә жасайтын ортада күнә жасау оңайырақ болса, жамағат болып жасалынған ізгі істер де адамға жағымды, оң әсерін береді.

Мұндай кезде Ібіліс тағы да адамды жалғыз қалдырмайды, оның оң жағынан жақындап, тәубе етуге лайық емес екенін, мұндай күйде Алла тағаланың алдына (ұялмай) қалай баратынын айтып азғырған үстіне азғыра түседі. Өкініш – адам үшін жуынып, тазалануға берілген күш іспетті. Бірақ, бір әттегенайы, күнәға бой алдырған қаншама жандар бұл күшті Аллаға жалбарыну үшін емес, Алладан алыстау үшін қолдануда.

Біз қалай қарамайық, өмірдің соңында бәрібір өлім және есеп күні бар. Одан басқа барар жеріміз жоқ. Мұндай жағдайда өкініп, тәубе және истиғфарға (кешірім тілеу) асығу ақылдың ісі. Күнә – онсыз да адамның өткінші сезімге бой алдыруы. Өйткені, күнәнің күнә екендігін білетін және біліп тұрып жасаған адамның халі, дәміне алданып улы балдың дәмін татқан адамның жағдайына ұқсайды. Улы бал ауызға салынған кезде, уақытша тәтті дәм берсе де, асқазанға жетер-жетпес адамды бүк түсіреді. Жаны қиналып жатқан адам «мен дәрі ішуге лайық емеспін» деп басын алып-қашып, қайтадан у жағылған балды жеуі дұрыс па?! Одан да тез есін жинап, өкініп, удың бетін қайтаратын дәрі қабылдауы керек. Яғни, күнә жасаған адам артынша-ақ тәубе мен истиғфарға жүгіну арқылы, Алла Тағаладан кешірім сұрауы тиіс. Ал өкінішті ұмыту үшін күнәні күнәмен жабуға тырысу, «онсыз да жөтеліп жүрмін ғой, асқынса асқынар» деген таяздықпен тең.

Қаншама күнә жасаса да, жасаған күнәлары үшін шынайы тәубеге келгендерге Ібіліс оң жақтан жақындап: «Тура сол күнәні қайта-қайта жасап, тәубе етудесің. Бұл әрекетіңнен түк шықпайды. Енді қаншалықты тәубе етсең де ағармайсың, өйткені қайтадан кірленесің», – деп, тәубеге барар жолдың алдын бөгеуге тырысады. «Тағы да кірленемін» деп жуынбау, ғұсыл алмау қаншалықты ақымақтық болса, тағы да күнә жасап қоюым мүмкін деп тәубеге жақындамау да соншалықты қисынсыз.

Тәубе ету – құлшылықтың бір бөлігі. Өйткені, бір хадисте: «Егер сендер күнә жасап, тәубе етпегенде, Алла Тағала сендерді жойып, күнә жасап, содан кейін тәубе ететін басқа қауымды жаратар еді», – деп айтылады. Тәубе еткен кезде, құлда ерекшеиіс пен дәм болады, ондай иіс пен дәм құлдың басқа кездерінде болмайды. Дұрысы, тәубе арқылы күнәлі істерден толықтай арылу керек. Содан кейін мәкрүһтерден, кезегімен күмәнді істерден тыйылып, соңында рұқсат етілген істермен ғана шектелгеніміз дұрыс. Біз пендеміз және сүрініп кету, аяғымыздың тайып кетіп омақаса құлауымыз әрдайым ықтимал жағдайлар.

Осы айтылғандардың барлығын есепке алу адамды тәубеден алыстатуы былай тұрсын, керісінше, тәубе етуге қарай қанаттандыратын негіздер болса керек.

«Араласатын ортам сондай», «жұрттың бәрі жасап жатыр ғой», «мына заманда басқаша жасай алмайсың» деген індеттердің алдын алу үшін,

  • Бір амалдың жақсы-жаман немесе дұрыс-бұрыс екендігін белгілейтін жалғыз Алла Тағала екендігін білу;
  • Күнәлі істерді көпшілік болып жасаса да, есеп беру күнінде ешкімнің есептен жалтаруға сылтауы болмайтындығын білу;
  • Діндарлықты ұстанатын кісілермен бірге жүру күнәларға көп бой алдырмауға себеп екенін ескеру;
  • Егер араласатын орта нашар істерге үйір етсе, басқа ортаға ауысу;
  • Күнә істеген кезде ғана емес, жай уақытта да тәубе мен истиғфарды ауыздан тастамау керек.

материал «Көзді күнәдан қалай қорғаймыз?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: