23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жетістікке жеткен адамдар жасайтын істер

Жетістікке жеткен адамдар жасайтын істер

Иман келтіру

Жетістікке жеткен адамдардың барлығы дерлік бір саланың білгірлері cаналады. Бір салаға деген ынтықтықтары мен тілек-пейілдері оларды осы шыңнан көрсете алады.

Бірақ жетістікке жету үшін тек қана ынта немесе тілек жеткілікті ме?

Әрине, жоқ. Кейде көптеген жетістікке жетіп жатқандарды естіп таңданамыз, «Біз де сондай бола аламыз ба? Немесе біздің де қолымыздан келер ме екен?» деп ойланамыз.

Түптің түбіне келгенде, ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Басқаның жеткен жетістігіне біз де жете аламыз. Ол үшін тек қана өзіміздегі қасиеттеріміз бен мінезімізді танып, басқара алсақ болғаны.

«Биік мансап – биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да қонады» (Абай Құнанбайұлы).

Енді сол жетістікке жетуде болуы керек қасиеттерге тоқталып өтуді жөн көрдік.

1. Жетістік – бір уақыттың жемісі емес. Көбіне бәрін бірден қалайтын әдетіміз бар. Мұны басты қателік деуге келмес. Алайда ұзақ жолдың шабысына кедергі келтірері сөзсіз.

Белгілі бір жетістікке жету үшін оған бастап барар қиындық атаулының тізімін жасау шарт. Осы жерде бір айта кететіні, кейбіреулер бір күннің оңай шаруасын мың күнге еншілеп, көп қиындықты өздері жасап алады.

2. Проблемаларды елеусіз қалдыру керек. Яғни қайғы-мұңға бой алдырмау. Оның көрсеткіші ретінде жағдайыңыздың біршама жақсарып қалғанын бірден аңғарасыз. Өз-өзімізге төмендегідей сұрақты қоюымыз қажет:

«Қиындықты елемеу үшін немесе мүлдем маңызсыз болуы үшін не істеуге болады?»

Сонда мақсатқа апарар төте жол тауып, әр күніміздің жемісін күтетін боламыз. Себебі біз проблема деп білген мәселелер шын мәнінде жай ғана сылтау болу мүмкін.

3. Түскі асқа дейін ең маңызды істерді шешіп таста. Таңғы уақытта күш те жеткілікті.

Сағат 12:00-де күннің сәтті жалғасып жатқанын айтып, түскі астан соң, еш қиналмай жеңіл жұмыстарға көше аласың. Осы мақсатта жұмыс  тәртібін құру абзал.

4. Бұған мән беретіндері шамалы, бірақ өмірлік деректердің барлығы ақиқат негіздерге құралған – кеңестер жинағы. Ендеше, ақиқат пен ақпараттардың сандығы болыңыз. Өзіңіз де біреуге, көршіге, бейтанысқа, досқа болсын ұзақ-сонар ақыл айтып түсіндірген боларсыз. Ондай болса, сол кеңестер алдымен өзіңізге қызмет қылсын.

5. Жетістікке жетуде басқалармен ақылдасу маңызды. Бірақ ақылдасатын, ақылын тыңдайтын адамды дұрыс таңдау қажет.

6. Алғыс айтудан шаршамаңыз. Өзгелерге де, өзіңізге де шынайы рақымшылығыңызды білдіруден жалықпаңыз. Кеш сайын өміріңізде болған бақытты сәттерді еске алып, соған себепкер адамдарға, өзіңізге, жалпы өмірге рақмет айтып отырыңыз. Арнайы рақмет айтатындай мүмкіндік болмаса іштей ризашылығыңызды білдіріңіз.

7. Оптимист болыңыз. Күнделік жүргізіп, күніне 10-15 минут өміріңіздің көріністерін 5-10 жылдан кейін қалай көргіңіз келетіндігін суреттеп жазып отырыңыз.

8. Өзіңізді басқалармен салыстыратын артық ойлардан аулақ болыңыз.

Өмірде болып жатқан келеңсіз жағдайларды сирек ойлауға және өзіңізді басқалармен салыстырмауға тырысыңыз.

«Айтпағаным, өкінішті болды... Басқаша істеуім керек еді…» деген сияқты ойлардан аттап өтіп отырыңыз.

9. Мейірімді болыңыз. Мейірім жүректі жұмсартып, адамдықты сақтауға көмектеседі. Мейірімсіздікпен жеткен жетістіктің арты тек өкініш.

10. Адамдармен арақатынасыңызды жақсартыңыз. Себебі адамның күні адаммен. Ол үшін уақытыңыз бен күшіңізді және қаражатыңызды аямаңыз.

11. Мәселелерді шешудің өзіндік стратегиясын жасап алыңыз.

Қиындықтармен күресуде өз стратегияңызды пайдаланыңыз.

12. Кешірімді болыңыз. Барлық өкпе мен ренішіңізді хатқа жазыңыз.

Оны жіберу міндетті емес, тек бір оқып алыңыз да, осымен бәрі кетсін деп, жағып жіберіңіз.

13. Мақсаттарыңызды айқындаңыз.

Алға қойған мақсаттарыңыздың бәрін айқындап, бар назарыңызды соған бөліңіз және оның іске асуына бар күшіңізді салыңыз.

14. Денсаулығыңызға мән беріңіз.

Спортпен шұғылданыңыз және нәрлі тағамдар жеңіз, зиянды әдеттерден құтылыңыз. Үнемі күлімдеп жүру де денсаулығыңызға өте пайдалы.

материал «Анық қадам бас» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: