27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Тәубенің қабыл болуының басты шарты

Тәубенің қабыл болуының басты шарты

Иман келтіру

«Тәубе» сөзінің тілдік мағынасы «қайту, оралу» дегенді білдіреді. Ал діндегі мағынасы күнәға батып, тура жолдан таю арқылы Алладан алшақтап кеткеннен кейін, пенденің істеген күнәсі үшін өкініш білдіріп, Раббысына қайта оралуы, жүрегіне дақ түсіріп, жан-дүниесін шайқалтқан күнәсін жуып-шаюы дегенді білдіреді.

Ал тәубе етудің маңызды-лығына келсек, Құран кәрімде тәубе етудің өте маңызды екенін білдіретін әрі тәубешіл жандардың артықшылығын баяндайтын көптеген аяттар бар. Соның бірі – «Шүбәсіз, Алла тәубешіл жандарды және (тәндік һәм рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді» («Бақара» сүресі, 222-аят) деген аят. 

Адам баласы жаратылысынан қателесуге, күнә жасауға бейім. Қазақта осынау ақиқатты меңзейтін хадиспен мағыналас «сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ болмайды» деген аталы сөз бар. Біздің сенімімізде күнәдан пәктік тек періштелер мен пайғамбарларға ғана тән қасиет. Ендеше, мәселе періштедей күнә атаулыдан пәк болу емес, нәпсіге еріп немесе қателесіп күнә жасап қойған жағдайда бірден тәубе етіп, Алладан кешірім тілеуде жатыр. Ал тәубе сөз жүзінде ғана болмауы керек. Тәубенің қабыл болуының басты шарты – өкініш. Өйткені өкініш – жасалған күнәнің парқына жеткендікті білдіреді. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Өкініштің өзі тәубе», – деген. Шынайы тәубенің бұдан басқа да маңызды шарттары бар, соның бірі – жасап қойған күнәні екінші мәрте қайталамауға бел буу болса, енді бірі – күнәнің артынан уақыт оздырмай бірден тәубеге келу. Сондай-ақ, егер жасалған күнә кісі ақысына қатысты болса, ақысы кеткен адамнан кешірім сұрап, көңілін алу да тәубенің маңызды шарттарының біріне жатады.

Құранда Жаратушыға серік қосудан өзге күнә атаулының кешірілетіндігіне уәде берілген. Алла берген уәдесінен әсте таймайды. Олай болса, Жаратушыға серік қосудан өзге қандай үлкен күнәға батсақ та, күнәларымыз қанша жерден көп болса да, Алланың «Ғафур», «Ғаффар», «Тәууәб» деген есімдеріне, бізге берген хақ уағдасы мен шексіз мейіріміне үміт арта отырып, біліп-білмей, жасырын-жария жасаған әрбір күнәнің артынан ұдайы тәубеге келіп отыруымыз керек. Сонда көктегі періштелердің дұғасына еніп, Хақ Тағаланың сүйікті құлдарының қатарына қосыламыз.

материал «Жастарға арналған 30 хадис» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: