25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Біздің жасаған әр амалымыз иманның бір бөлігі ме?

Біздің жасаған әр амалымыз иманның бір бөлігі ме?

Иман келтіру

Анығында, Әбу Ханифа амалды иманның талабы ретінде емес, оны иманнан бөлек қарастырғаны белгілі. Әбу Ханифа бойынша амал иманнан кейін келеді. Адам намаз оқып, ораза ұстағандығы үшін Аллаға және пайғамбарына иланбайды, қайта Аллаға және Пайғамбарына сенгендіктен құлшылық етеді.

Құранда да алдымен иман ету, содан кейін барып амал ету мәселесінің айтылуы да амалдың иманнан бөлек екендігін көрсетеді. Хайыз бен нифас жағдайларында әйелдердің кейбір парыздардан босатылуы да осы мәселеге дәлел. Өйткені, мұндай күйдегі әйелдер құлшылық жасамағанына қарамастан, мұсылман болып қала береді.

Әбу Ханифа бойынша күнә істеу мүминді иманнан ажыратпайды. Өйткені, Құранда зина жасап, кісі өлтіргенді имансыз демеген, бір түйір жақсылық жасаушыға да сауабы берілетіндігі білдірілген. Хазірет Али де өзіне қарсы соғысқан Шамдықтардың мүмин екендігін айтқан. Егер күнә жасау адамды діннен шығаратын болса, ширктен кейінгі күнәның ең үлкені кісі өлтірушіні хазірет Али кәпір деп атаған болар еді. Бұл бір жағы сахабалардың да осы мәселеге деген көзқарасын ұқтыруда. Олай болса, күнәкар адам да мүмин ретінде қабылдануы тиіс, ал күнәсіне ақыретте жауап беру мәселесі – Алла Тағаланың еркіндегі іс. Қаласа, жазалайды, қаласа, кешіреді. Осыған орай, тек пайғамбарлар мен насстарда үкімі айқын айтылғандардың ғана тікелей жұмаққа баратындығын айтуға болады.

Мүмин бір кісінің табанды түрде «Мен расында да мүминмін» деуі керек. Неге десеңіз, иман күдік, күмәнді қабылдамайды. Хазірет Ибраһим пайғамбардың қайсарлықпен иманын ашық айтуы осыған дәлел. Сөздікте «тәсілім болу, берілу» деген мағынаға келетін Ислам деген сөз иман түсінігінен ажырамайтындықтан, сонымен бірдей қабыл етілген. Өйткені, толық бағыныштылықты мақұлдаудан бөлек қарау қиын.

материал «Әбу Ханифа және ханафи мәзһабы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: