06
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Кітап оқу әдетіне жеті қадам

Кітап оқу әдетіне жеті қадам

Ислам тарихы

Қызықтыратын кітап таңдау

Әкем кітапты былай таңдайды: қызықтырған саладағы кітапты алады да, ортасынан кез-келген бетті ашып оқи бастайды. Кітап желісі Сізді тартып кетсе, автор тартымды, түсінікті жазады, айтып жатқаны қызықты деген сөз. Егер ондай кітап тапсаңыз, тәсіл деп аса бас қатыру шарт емес. Өздігінен қызығып оқып кетесіз. Оқытпай жатса да, тығылып оқисыз. Сіз шын қызығатын нәрсеге қатысты, тілі жеңіл, қызықты болса болды. Психология, бизнес, әдеби шығармалар солай болып жатады.

18 жастарымда дебат ойнап, халықтың алдына көп шығатынбыз. Бізге қызық. Ағам көріп, шешендік өнер жайындағы кітап сыйлады. Тілі жеңіл, қызық, көпшілік алдында сөйлеуге қатысты. Өз бетіммен қызығып оқыған алғашқы кітабым сол болды. Кітап Сіздің деңгейден сәл ғана жоғары болу керек. Тым ауыр болса, түсінбей сағыңыз сынады, тым белгілі нәрселер жайында болса, іш пысады. Ал егер аса алып кететіндей емес, бірақ керек кітап болса ше?

Аз-аздан оқу

Жүгіргенді ұнатасыз ба? Мақсатқа жетудің екі жолы бар. Олар жүгірудің екі түріне ұқсайды:

1. 30 километрлік марафон жүгіру;

2. 100 метрге жүгіру. 30 км жүгіретін адам бірден бар күшімен жүгірмейді. Ақырын, бір ырғақпен жүгіреді. Бірден бар күшпен жүгірген адам басында топтан озғанымен, сәлден соң шаршап, тоқтайды. "Болды, жүгірмеймін" деп шешуі де мүмкін. Сол сәтте барлық топ жанынан ақырын, бір ырғақпен жүгіріп отырып, басып өтеді.

Біздің де көп жағдайда проблемамыз осыда. Уағыз, инстаграмдағы цитата, не лекция әсерімен "бүгіннен бастап кітап оқимын!" деп шешеміз. Сол сәтте 60 бетке жететін мотивация алған болуымыз мүмкін, бірақ 80 бетті бір-ақ оқимыз. Ықылас аяқталғанша. Аяқталған соң тағы да күшпен 20 бет оқимыз. Ықылас бітті. Ертең өзімізді қинап тағы 40 бет оқимыз. Арғы күні "бүгін шаршап тұрмын. Ертең екеуін қосып оқимын" дейміз. Содан сол кітап ақыры оқылмай, сөреде қалады.

Оның орнына тұрақты түрде бір күнде 5 беттен оқу әлдеқайда дұрыс шешім. Жаңа әдет бастайын деп жатсаңыз, қазіргі ықыласты, ұшып тұрған сәтпен өлшемеу керек. Аяқ астынан әкешешемен қаланың сыртындағы үйге кетіп, қонаққа барып, базарға соғып, зат тасып, кейін бауырлармен кездесіп, шаршап үйге келген кездегі халмен өлшеу керек. Осындай халде де жаңа әдетімізді қиналмай орындай алуымыз үшін. Оның үстіне, еріншектік ұстағанда, нәпсіге қарсы тұратын - ерік-жігер. Ал ерік-жігер бұлшық ет сияқты. Аз-аздан шынықтыру керек. Спорт бастасаңыз да, күніге бірден 100 "отжимание" жасамайсыз ғой. Өзіңізді қинасаңыз, бірден 20-25 те жасауға болатын шығар, бірақ олай қинасаңыз қайтадан өз еркіңізбен күніге жаттығу жасап отырасыз деп айту қиын. Адам өзіне кешірімшіл, кең ғой. Қойып кетеді. Біраз әдет қалыптастырып алған соң бірнеше кітапты бірден оқи бересіз. Мен күніге кемі 54 бет кітап оқимын. Әр түрлі кітаптан 2-5 беттен. Он күнде 540 бет болады екен.

Бірге оқитын адамдар табу

Демек, қызық емес кітапты 100 метрге жүгіру әдісімен қопарып оқуға болмайды ма? Болады. Бірақ серік керек. Есімде, "Нұр-мүбәракта" оқып жүргенде бір кітапты таңдап алып, дөңгеленіп отырып кезеккезек бес беттен дауыстап оқитынбыз. Біреу оқиды, басқалар кітапқа қарап, еріп отырады. Сосын келесі жігіт 5 бет оқиды. Күніге осылай 40 бетке дейін оқиды екенбіз. Көппен оқудың тағы бір үлгісі: көршілермен кітап сағатын белгілеп, соны әдетке айналдыру. Бір уақыттары Джона Лерердің "Как мы принимаем решения?" деген кітабы солай аяқталды. Күніге сағат сегізден, тоғызға дейін бәріміз бірге отырып, кітап оқитынбыз. Әркім өз кітабын оқи береді. Үшінші үлгі: тамақтан соң шай ішіп отырып бес бет дауыстап оқу. Бір адам оқиды, қалғандары шәй ішіп, тыңдап отыра береді. Жәй, қосымша ретінде. Біз солай күніге 5 беттен оқып отырып, бірнеше кітап бітірдік. Көпшілікпен оқудың бір жақсы жері – күш жігерге оңайырақ келеді. Біреуі шаршап тұрса, екіншісі тартып кетеді.

Айналаны пайдалану

Күнделікті іс-әрекеттер бар ғой? Сіз бәрібір жасайтын, өзіңізді қинап жасауды талап етпейтін. Мінекей, соларға жаңа әдетті байлау керек. Төсекті жатар кезде бәрібір ашасыз. Демек жастықтың үстіне кітап қойыңыз. Жатар алдын былай алып қою үшін қолға аласыз. Қолға алған екенсіз, екі бет оқи салу жеңіл.

Диванның басына қойып, 2 беттен (!) оқып отырып, бір діни кітап аяқтағанмын Нұр-мүбәракқа дейінгіжылдары. Жұмыс жасайтын әдіс. Қалтаға тәспі салып жүру қолды қалтаға салған сайын тәспі тартуға итермелейді. Жайнамаз үстіне құран мен тақия қою намаз оқыған сайын бір бет құран оқып отыруға, әрі намазды тақия киіп оқуға итермелейді. Қолға кітап ұстап жүру кезек күткенде кітап оқуға итермелейді. Үнемі көйлек ішінен мойынға наушник салып жүру подкаст тыңдауға итермелейді. Жатақхана жоқ жылдары ванна бөлек болатын. Ваннада жылу трубасының үстіне сөздік қойып, тіс жуған сайын 2 сөзден жаттап, араб тілінің кішкентай сөздігін жаттағанмын. Көріңіз.

Телефонды тұсау

Көбісі енді байқап жатыр. Телефонға тәуелділік – жаңа заман нашақорлығы. Кірмеймін-кірмеймін деп күресуге бар күшті сала бермей, өзіңізге көмектесу керек. Бар ғұмырыңызды жұтып кетпесін.

Автормен келіспеу, сынау

Ол үшін бөлек бір қалам алып, оқып жатқан кітаптың ортасына салып қойыңыз. Оқып жатқанда келіспейтін, келісетін, басқаша жазар едім деген тұстар, жаңалық болған нәрселерді сызып, бояп отырыңыз. Оқылмай қалған кітап абырой емес, оқыла-оқыла түгі қалмаған кітап абырой. Шектен шықпай әлбетте) Оқу алдын мазмұнды қарап, қызықтырған сұрақтарды жазып қойыңыз. Оқу барысында автор ол сұраққа жауап бере алды ма?

Не үшін оқып жатқаныңды түсіну

Білемін, біреулер үшінмақсат қою, миссияныанықтау оңай емес. Бірақ, не үшін оқып жатқаныңызды білсеңіз, қай мақсатқа жеткізетінін түсінсеңіз, қиналған шақтарда тастап кетпеуге көмектеседі. Әрі дұрыс кітап таңдай аласыз. Жай кітап оқу үшін ғана әйтеуір бір кітап оқи салу - жөн емес. Бір пайдасын келтіру керек. Сондықтан, қажет сала бойынша бір мақсатқа әкелетін кітап оқысаңыз, күніге екі беттің өзі – әжептәуір даму. Кем дегенде өзіңізге "бұл кітапты не үшін оқимын?" деген сұрақ қойып, жауап беріп алыңыз. Әйтпесе, мәнсіз әдет ұзаққа бармайды. Ең бастысы, шабыт ауғанда ғана емес, тұрақты түрде дамып, үйреніп отыру.

материал «Кітап оқуға кеңестер» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: