28
Сенбі,
Қыркүйек

һижри

Нәпсі тәрбиелеу мына үш нәрседен басталады

Нәпсі тәрбиелеу мына үш нәрседен басталады

Ислам тарихы

Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде нәпсіні тәрбиелеудің көптеген жолдары баяндалған. Олардың негізгілері мынадай:

Бірінші: Ықыласпен құлшылық ету

Алла Тағаланың бұйырған құлшылықтарды шынайы ықыласпен орындау арқылы, пенде өзіне жүктелген міндетті орындап қана қоймай, ол арқылы өзінің нәпсісін тазартып, жаман әдеттерден арылуға күш-жігер салады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Анкабут» сүресі, 45-аятында: «Расында намаз – адам баласын арсыздықтан және жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды», – деп айтқан.

Ғалымдарымыз: «Кімде-кім намаз оқып жүріп, намазы оның жаман істерден тыйылуына себепші болмаса, ол  адам намаздағы ықыласын жөндеуі қажет», – деген. 

Алла Тағала жағдайы бар адам үшін міндеттеген зекет ғибадаты да сырттай қарағанда өзгеге пайда келтіретін іс болып көрінгенімен, шын мәнінде адам баласы өзгеге жәрдем беру арқылы өз бойындағы сараңдық,  дүниеқоңыздық, сынды ішкі дерттерден тазарады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 103-аятында: «Олардың дүние-мүлкінен зекет, садақа ал да, сол арқылы оларды тазартып, күнәларынан арылт (берекеге ұластыр)», – деп айтқан.  

Міне осы сынды шынайы ықыласпен орындалған парыз, уәжіп, нәпіл және т.б. ізгі амалдардың барлығы нәпсімізді тазартып, жаман әдеттерімізден арылуымызға себеп болады.

Сәһл ибн Абдуллаһ әт-Тустуриден (Алла оны рақымына алсын): «Нәпсіге ең ауыр не?» деп сұрағанда, ол кісі: «ықылас, өйткені ода нәпсінің үлесі жоқ», – деп жауап қатқан екен».

Қисса

Исрайыл қауымында құлшылығынан жаңылмаған бір мұсылман өмір сүреді. Бірде бір топ кісі оған сол маңда ағашқа табынатын қауым барын айтады. Тақуа кісі ол жағдайға ашуланып, балтасын алып әлгі ағашты шауып тастау үшін жолға шығады. Сол кезде шайтан бір шал кейпінде алдынан шығып, жөн сұрасады. Ол ағашты кесуге кетіп бара жатқанын айтады. Шайтан ол ағашты кестірмейтінін айтып, ол адаммен алыса кетеді. Мұсылман кісі оны жығып алғанда, шайтан: «Ол ағаштың саған ешбір зияны жоқ. Сен оған құлшылық жасамайсың. Бұл істі істеуден бас тартсаң, күн сайын үш алтын беріп отырамын. Оларды әр күн жастығыңның астынан тауып алатын боласың. Солай қажетіңді өтейсің, әрі туысқандарыңа жақсылық жасайсың, пақырларға көмектесесің және сол секілді көптеген қайырлы іске мұрындық болып сауапқа қаласың. Ал ағашты кессең, тек бір сауап аласың», – дейді. Пенде (әлгі кісінің) шайтанның сөзіне алданып, айтқанына көнеді. Екі күн бойы ақшаны жастығының астынан тауып, үшінші күні таппай қалады. Ашуланып балтасын тағы алады да әлгі ағашты кесу үшін жолға шығады. Жол-жөнекей шайтанға жолығып, тағы алыса кетеді. Бұл жолы шайтан адамға әл бермей жеңеді. Таң қалған пенде:  «Мені қалай жеңіп кеттің?» – деп сұрайды. Сонда шайтан: Алғашында сенің ниетің тек Алла разылығы үшін болатын. Сондықтан Алла менің қуатымды алып қойды. Ал бұл жолы сенің қу құлқының дүниені ойлап кетті, сондықтан жеңілдің», – деген екен.

 

Екінші: Нәпсіні әсте-әсте тәрбиелеу

Үйреніп қалған істен ажырау нәпсіге өте қиын. Бұндайда ата-балаларымыздың «Мұсылман болу әсте-әсте» деп айтқанындай нәпсімізді сатылап, дәрежелеп тәрбиелеудің мәнісі үлкен. Жүйрік сәйгүліктің үстінде жүйіткіп шауып келе жатқан адам, тұлпарының басын бірден тартып тоқтата алмайды. Олай істеген адам құлап мерт болуы әбден мүмкін. Сол секілді нәпсіні де жаман қалауларынан бірте-бірте тыйған дұрыс. Мысалы, Құранда арақтың харам етілуіне қатысты аяттар үш бөліп түскен. Басында пайдасынан зияны көп екендігі айтылды. Кейін арақ ішкен күйде намазға тұруға тыйым салынды. Аят үшінші рет ескертілгенде арақтың лас, одан алыс болу керектігі бұйырылды. Ол уақытта адамдар арақты жаппай ішкендіктен бірден тастау нәпсілеріне ауыр келетіндіктен, Құран Кәрімде арақ ішу мәселесіне иләһи даналықпен осылайша тыйым салынған. Омырауындағы емізулі нәрестені одан ажырату оңайға түспейді. Олай істер болса баланың керісінше оған деген зауқы одан сайын арта түспек. Анасы оны бірте-бірте ажыратқанда ғана бала қиындықсыз емуін қойып кетеді. Адам нәпсісі де тура осылай. Жылдар бойы істеп, бойы әбден үйреніп кеткен кей істерді адам бірден қойып кетуі өте ауыр. Сайын далада еркін жайылып, қырдың жайқалған көк майса шүйгін шөбін жеп, мөлдіреп аққан суын ішіп жүрген төрт түліктің кез келгенін қолға үйретер болсақ, алғашқыда тар қораға сыймай, күйі түсіп, кең даланың төсін аңсайтыны белгілі. Кейіннен оған бойы үйреніп, уақыт-уақытымен ғана берілетін жем-шөпке де көндігеді. Әбден үйренгеннен соң, далаға қуса да сол тар қорасына айналып келіп тұратын күйге жетеді. Олай болса, нәпсімізді де осылайша бірте-бірте үйреншікті жаман істерден ажыратып, жақсы істерге тұрақтандыруымыз қажет. Шәкәрім бабамыз былай деп айтқан: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың».

 

Үшінші: Ізгі адамдармен (ортамен) бірге болу

Адамның жақсылық атаулыға бой үйретіп, жамандықтан жиренуіне ізгі ортаның әсері өте үлкен. Себебі адам ізгі адамдармен бірге болған сайын бойындағы ізгілік сипаттары оянып, жақсы істерге бейімделеді. Сол секілді жаман ортамен араласса, олардың жаман сипаттары жұғады. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Таңертең және кешке Раббыларына, Оның (разылығын ғана қалап) дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де барынша сабырлылық таныт. Дүние тіршілігінің сән-салтанатына көңілің ауып, оларды көзіңе де ілме. Сондай-ақ жүрегін Бізді еске алудан қаперсіз еткен, нәпсісінің әуесіне ерген және бүкіл ісі шектен шыққан әлде біреулерге бағынба (ерме)», – деп Алланы еске алған, Оның разылығын іздеген жандармен бірге болуды әмір еткен («Кәһф» сүресі, 28-аят).

Мәшһүр Жүсіп бабамыз «Ат пен есектің қорасы бір болса, мінездес болады», – деген екен. Ізгі адамдармен дос болу – адамның ізгілікке бұрылуына, мінез-құлқының көркем болуына, жаман әдеттерден арылуға, рухани кемелденуіне тигізер пайдасы өте үлкен. Осы себепті де ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам – өзінің досының дінінде. Ендеше, кіммен дос болып жүргендеріңе мән беріңдер!» – деп айтқан (Имам Термизи).

Әбу Имран (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Бір күні мен Әбу Зәррдың (Алла оған разы болсын) мешітте жалғыз отырғанын көрдім. Одан: «Неге жалғыз отырсың?» – деп сұрадым. Ол: «Жалғыздық – жаман ортамен басқосқаннан әлде қайда жақсы, бірақ жақсы орта жалғыздықтан жақсы», – деп жауап берді».

материал «Тасаууф тұнығынан» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: