Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезінде жорықта бір кісінің басы жарылады.
Қайтар жолда ихтиләм болып, тәйәммум алуға рұқсат болса да жолдастарынан сұрағанда:
– Су қолдануға шамаң бар ғой, - дейді олар.
Ол ғұсыл алады. Жол бойы жарақаты асқынып, жолда қайтыс болады. Пайғамбарымызға (с.ғ.с) болған жайтты айтып бергенде:
– Оның түбіне жетіпті ғой! - дейді.
Қазір, бәрі – мүфти. Өзі біліп-білмеген нәрсеге жауап бере береді. Аят-хадисті, насых-мансұқты, сахих-дағифты, фиқһты, дәреттің үкімдерін, тәйәммумнің шарттарын білсе бір жөн. Білімі жоқ, құр уағызға сүйеніп алып, өзін ғалым сезініп пәтуа береді.
Алладан қорқыңдар! Алла мен құлының арасына түспеңдер. Қияметте де, дүниеде де оның сұрауы ауыр болады. Шариғи сауалдарға жауап беру – сендердің істерің емес. Құлшылығыңды бүтінде, қаза намаз-оразаларыңды бүтінде. Ілім үйрен. Өз жағдайыңды ойла!
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Пәтуаға (білімсіз пәтуа беруге) дәті жеткен адам – тозаққа (кіруге) дәті жеткен адам», - деп айтқан.
Өмір бір-ақ рет беріледі. Бәрін қайта нөлден бастай алмайсың. Бірақ өзің сабақ алған тұстан жаңа өмір бастауыңа болады.
материал Аслан Орақбаевтың «Компас» кітабынан алынды,
ummet.kz