Aлла Тағала бұл әлемді жаратқан кезде өте нәзік әрі ғажайып тепе-теңдік орнатқан. Осыған қатысты төмендегідей аяттарды атап көрсете аламыз: «Шүбәсіз, Біз барлық нәрсені белгілі бір өлшеммен жараттық» («Қамар» сүресі, 49).
«Алла әрбір ұрғашы жыныстың не көтергенін, құрсақтардың нені кемітіп, нені арттыратынын, нені түсіріп (яғни, түсік тастап немесе ай-күні толмай босанатынын), нені мерзімінен асырып жіберетінін толық біледі. Оның құзырында барлық нәрсе өлшеулі» («Рағыд» сүресі, 8)
«... Сондай-ақ Ол жеті қат көкті бірінің үстіне бірін келтіріп асқан шеберлікпен жымдастырып, сондай үйлесімді етіп жаратты. Рахманның жаратуында ешқандай ақау, жүйесіздік көре алмайсың. Көз тігіп қарашы, қандай да бір ақау көре аласың ба? Содан соң тағы да қайта-қайта көз жібер, ақырында жанарың (Алланың шексіз құдіретінің алдында) қор болған әрі (Оның жаратқанынан еш ақау таба алмай ұнжырғасы түсіп) талған күйде кері қайтады («Мүлк» сүресі, 3-4)
Осы және осыған ұқсас ондаған аяттар бізге ғаламдағы өлшем, тәртіп пен үйлесімділік туралы анық хабар береді және осы аяттарға зер салып қарағандар бұл салаларда жүргізілген ғылыми зерттеулер мен тәжірибелердің арқасында осы тепетеңдіктер мен өлшемдерді анық көреді. Бұл ғаламға, жер планетасының басқа да жұлдыздармен және планеталармен қаншалықты үйлесімділікте жаратылғандығына қараңыз. Жердің көлемі, массасы, Күннен қашықтығы, Күннің массасы, оның температурасы, Жердің өз осі бойынша өлшенген еңісі, оның орбитадағы және Күннің айналасындағы жылдамдығы, Айдың Жерден қашықтығы, оның көлемі және массасы Жердегі құрлықтар мен теңіздердің таралуы және басқа да мыңдаған өлшемдер мен пропорциялар ғаламдағы керемет илаһи тәртіп пен тепе-теңдіктің бар екенін айқын көрсетеді. Олай болса күнделікті өмірде бізді айналып жүрген, біз мән бере бермейтін ғаламдағы осы өлшем мен үйлесімділіктің бірнеше мысалдарын келтіргіміз келеді: Егер ауадағы 21% оттегі мөлшері ұлғаятын болса, Жердегі барлық нәрсе бірінші ұшқыннан тұтанар еді. Жер беті жалынға оранар еді. Егер Жер мен Күннің ара қашықтығы шамалы болса да ұлғайып немесе азайып кетсе, барлық тірі заттар қатып немесе күйіп, жойылып кетер еді.
Егер бұлттан 1500-3000 метр биіктікте жаңбыр тамшысы жай ғана жер бетіне түс салса өте қатты жылдамдықпен және салмақпен түсер еді. Өсімдіктерге, тіпті адамдарға айтарлықтай зиянын тигізер еді. Дегенмен бұлттан ұсақ бөлшектерден тұратын жаңбыр тамшысы пайда болып, Жерге жақындаған кезде парашют ашқандай ауаның қалқығыштығына жақын жылдамдықпен төмен түседі. Егер тартылыс күші триллион есе күшті болса, онда ғалам әлдеқайда кішірек және оның өмір сүру ұзақтығы әлдеқайда қысқа болар еді. Ал егер тартылыс күші одан да азырақ болса, ешқандай жұлдыздар немесе галактикалар ешқашан пайда болмас еді.
Егер Жердің айналу жылдамдығы сәл баяу болса, күн мен түн арасындағы температура айырмашылығы өте жоғары болар еді.
Егер ол жылдамырақ болса, атмосфералық желдер өте жоғары жылдамдыққа жетіп, дауыл мен су тасқыны өмір сүруге мүмкіндік бермес еді.
Егер жер қыртысы, яғни топырақ қабаты қазіргіден сәл қалың болса, тірі ағзалардың тіршілігіне қажетті оттегі болмас еді. Қалың топырақ қабаты оттегін сіңіріп, жер астындағы тіршілік иелеріне өмір сүруге мүмкіндік қалдырмас еді.
Сол сияқты, егер теңіздер қазіргіден сәл тереңірек болса, жер бетінде тіршілік болмас еді, тіпті өсімдіктер де өспес еді, өйткені бұл артық су көмірқышқыл газы мен оттегін өзіне сіңіріп алады.
Егер Жердің айналасындағы ауа қабаты сәл жұқа болса, метеорлар күн сайын біздің жер қыртысын тесіп, жанып, барлық жер беті бүлінетін еді.
Тіршілік иелерінің тіршілігі оттегінің, сутегінің, көмірқышқыл газының және басқа да көміртегі газдарының әртүрлі формадағы үйлесімді құрамына негізделген. Белгілі бір ғаламшарда өмір сүруге қолайлы барлық сипаттамалары бар және қалаған пропорцияда бұл газдардың он миллионнан біреуінің кездейсоқ қосылуы мүмкін емес.
Ғарыштағы әрбір найзағай азотқа белгілі бір мөлшерде оттегі қосады және осының нәтижесінде пайда болған азот қосылысы найзағайдан кейін жауған жаңбыр арқылы егістік алқаптарға түседі. Осылайша, егістіктер жыл сайын химиялық тыңайтқыштар арқылы топыраққа берілетін натрий нитратының 60 есесін жаңбырдан алады.
Біз ішетін судың ерекшеліктерін зерттеген ғалымдар оның адамдар үшін берілген баға жетпес нығмет екенін жарыса жазуда. Алла Тағала бұл тәртіпті адамға қызмет еттіріп қойды. Осыған байланысты бір аятта: «Ол көктердегі және жердегінің бәрін сендерге Өз тарапынан (нығмет ретінде) берді. «Расында, бұл жерде ойлайтын қауым үшін белгілер бар». («Жасия» сүресі, 13) деген.
Аяттан көктер мен жердегі барлық нәрсенің адамға қызмет ету үшін жаратылғандығы ұғынылады. Соңғы жылдары космологиядағы «Антропикалық принцип» аясында жүргізілген зерттеулерде жасалған тұжырымдар да осы ережені қуаттайды; «Бүкіл ғалам, барлық галактикалар, жұлдыздар мен планеталар Адам секілді саналы тіршілік иесінің Күн жүйесі сияқты жүйеде және Жер сияқты планетада өмір сүруі үшін қызмет етуде.
Ғаламдағы бұл керемет үйлесім мен мақсаттылық – әр нәрсені шеберлікпен жаратқан Алланың илаһи өнерінің кереметі. Мұны кездейсоқтықпен түсіндіру мүмкін емес. Бұл туралы проф. док. Эдвин Конклин былай дейді: «Тіршілік кездейсоқ пайда болды деу – үлкен энциклопедия баспаханадағы кездейсоқ жарылыс нәтижесінде пайда болды» деумен бірдей».
материал «Құрандағы технологияға қатысты ишаралар» кітабынан алынды,
ummet.kz