Ұялшақтық адамды бұзықтық пен жексұрын істерге жібермейтін болса, онда мұндай ұялшақтық мақтауға тұрарлық адамгершілік қасиет болады, өйткені ол адамның иманын кемелдендіре түседі және орасан зор жақсылықтар әкелуге себепші болады.
Егер ұялшақтық ақыл-парасаттың шегінен шығып, адамды асып-сасып абдырау мен тынышсыздандырып абыржуға апарса және оның жаны ұялуға тиіс емес істі істеуге жібермесе, онда бұл қасиет айыпталуға лайықты болады. Өйткені бұл білім алуға және өз үлесіне ие болуға кедергі келтіретін орынсыз ұялшақтық пен жасықтыққа айналады.
Бір ғұлама «орынсыз ұялшақтық жасау – жасықтықтың белгісі» деп айтып кетіпті. Бірде Бишр ибн Кағб әл-Адәуи Имран ибн Хусайнға (Алла оған разы болсын): «Расында, кейбір кітаптардан: «Ұялшақтық тыныштық әкеледі және Алла алдында лайықты түрде (өзімізді) ұстауымызға жәрдемдеседі» дегенді оқимыз, сонымен бірге оларда «ұялшақтық әлсіздікке әкеледі» деп те жазылған», – дейді. Мұны естіген Имран (Алла оған разы болсын) ашуланады да: «Мен саған Алла елшісінің (с.а.с.) сөздерін жеткіздім, ал сен оған қарсы сөйлейсің!» – деген.
Имранның (Алла оған разы болсын) сөзінен шығар түйін: Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұялшақтық туралы айтқанда, тамаша жақсы амалдарды істеуге ынталандыратын және жиренішті қылықтардан аулақтататын мақтауға лайық қасиетті айтқан. Егер Алланың құқығына және Оның құлдарының құқығына зарар жеткізетін жасықтық (әлсіздік) туралы айтар болсақ, оның бастау алар жері – ұялшақтық емес, керісінше дәрменсіздік пен жігерсіздік.
материал «Әл-Уафи» кітабынан алынды,
ummet.kz