21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Алла Елшісінің (с.ғ.с) зікірді аузынан тастамауы

Алла Елшісінің (с.ғ.с) зікірді аузынан тастамауы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Алла Тағала Құранда: «Олар (мүминдер) тұрса да, отырса да және жантайып жатса да (әрқашан) Алланы зікір етіп естеріне алады», «Қандай керемет адамдар бар – ешқандай сауда-саттық олардың Алланы зікір етулеріне бөгет бола алмайды», - дейді.

Құранды жеріне жеткізе баяндаған Ол ұлы көсем осы әмір мен сипаттардың ең керемет және ең жарқын үлгісі.Хазіреті Айша (радиаллаһу анһә) анамыз бізге Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмір бойы Алла Тағаланы зікір етіп оны ұлықтағанын айтады. Ол бір сәт те болса зікірден айрылмай өмір сүрген. Отырғанда, жатқанда, жүргенде, ұйықтағанда, дәрет алғанда, саяхатқа шыққанда, үйінен шығарда, мешітке бара жатқанда, жаумен соғысқанда әрқашан Алланы зікір етіп, әрқашан Оның есімін ұлықтап жүретін еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдарды зікір етуге әуестендіріп, былай дейтін: «Істеріңіздің ең жақсысы, Раббыңыздың алдында ең таза, дәрежелеріңізді барынша көтеретін және алтын-күмісті садақа етіп бергеннен де қайырлы іс, ол – Алланы зікір етулеріңіз».

Әбу Саид әл-Худри Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сұрайды: «Уа, Расулаллаһ! Қиямет күні Алла құзырында  дәрежесі ең жоғары болатын құлдар кімдер?» Алла Расулі былай дейді: «Алланы көп зікір еткендер (еске алғандар)». Пайғамбарымыз үшін зікір айтып жүру (шұғылдану) адамдарды тұтқыннан босатудан да қайырлы еді. Ол: «Алланы зікір етуге отырып, күн шыққанша Оны ұлықтау (тәкбир, Аллаһу Әкбар), мадақтау (Тахмид, Әлхамдулиллаһ), күллі кемшіліктерден пәк қылу (Тәсбих, Субханаллаһ) және Оны бірлеу (тәһлил, лә иләһа иллаллаһ) ісі, мен үшін – Исмайл пайғамбардың әулетінен екі немесе одан да көп құлды азат етуден артық», - деген.

Хазіреті Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) – пайғамбарлардың соңғысы, адамзат атаулысының ең кемелдісі және Алланың сүйікті құлы бола тұра Алладан қорқатындығы соншалықты, кейде «Махшар күні қандай күйге түсер екенмін?» деп, Алладан қорқып, нұрлы көздерінен жас аққан кездері болған екен.

Бір күні Абдуллаһ бин Мәсғуд (радиаллаһу анһу) Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырында «Ниса» сүресінің: «(Әй Мұхаммед! Қиямет күнінде) Әрбір үмбетке өз ішінен бір куәгер (пайғамбар) және бұларға (үмбетіңнің имансыз бұзықтарына) сені куәгер етсек олардың халы не болмақ?» - деген 41-ші аятын оқыған кезінде, Расулаллаһтың көздерінен жас парлап қоя берген. Аласапыран дауыл соққанда қайғырып, қандай да бір маңызды жұмысы болса, дереу тастай сала Құбылаға қарап: «Ей, Жаратқан Ием! Келуі ықтимал пәлекеттерден қорғанып, сені паналаймын» - дейтін де, күн ашылған кезде шүкіршілік етіп, мақтауын жаудыратын еді.Бір күні тағы да осындай аласапыран дауыл соғады. Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайғырады, Хазіреті Айша (радиаллаһу анһә) Оның не үшін қайғырып отырғанын сұрағанда:
– Һуд тайпасы ұшыраған жағдайға ұшырамасымызды қайдан білесің? Һуд тайпасы да бір бұлтты көріп, «бұл бұлт біздің егісімізді суарады» деп ойлаған, бірақ, сол бұлт олардың өзін жойып жіберген». Убай бин Кағб (радиаллаһу анһу) айтады: – Түннің үштен екісі өткен соң Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Әй, иман еткендер! Алланы еске алыңдар. Алланы зікір етіңдер. Зілзала жақындап қалды, Оның соңынан талай қиын істер пайда болады. Өлім – өзінен кейінгі жағдайларымен және нәтижелерімен, менмұндалап тұр» - дейтін.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұнымен қатар: «Сендер мен білетінді білсеңдер, аз күліп, көп жылайтын едіңдер», - деген.

материал «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) және Оның күнделікті іс-әрекеттері» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: