25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Тәубе сөзінің төркіні

Ғибратнама
Жарнама

Қалың қалай? Аман ба? Иә, тәубе. Бұл, көне көз қариялар аман-саулық сұрасқанда айтатын сөздердің легінен. Тәубе деп жағдайы жақсы екенін айтқысы кеп тұр. Дегенмен, тәубе – күнә үшін кешірім сұрау сөзі. Демек, бір қарағанда «жағдайым жақсы» дегеннің орнына «тәубе» деп айту қисынсыз. Алайда, атам қазақ бұл сөздің пайымына бармай, жөнсіз қолданған деу қателік. Керісінше, мұнда сөздің парқына бармай отырған біз.

Сіз де жағдайыңызды сұраса «тәубе» деп жауап беріңіз. Қателеспейсіз. Неге, дейсіз ғой?! Онда мына бір әңгімеге құлақ түріңіз.

Табиғин Хасан әл-Басри (р.а.) бір топ кісімен мәжіліс құрып отырған көрінеді. Біреу келіп, егінші болса керек: «Уа, имам! Жаңбыр жаумай қойды?»,-деп ақыл сұрайды.

-  Алла Тағаладан кешірім сұра,-дейді.

Перзентке зар боп жүрген біреу кеп: «Менің әйелім құрсақ көтере алмай жүр»,-деп ғалымнан кеңес сұрайды.

-  Алла Тағаладан кешірім сұра,-деді ғалым.

Тұрмыстың тауқыметін тартқан біреу кеп: «Кедейліктен қажыдым»,-деп тығырықтан шығар шара бар ма деп жөн сұрайды. Ғалым оған да:

-Алла Тағаладан кешірім сұра,-деп жауабын қайталады.

Ғалымның жанында отырғандардың бірі: «Ғажап, сізден ақыл-кеңес сұрап келіп тұр, ал сіз болсаңыз олардың барлығына бірдей: «Алла Тағаладан кешірім сұра»,-дедіңіз деп сырын білгісі келді. Сонда Хасан әл-Басри: «Сен Алла Тағаланың: «Өздеріңнің Раббыңнан кешірім тілеңдер, өйткені Ол – көп Кешіруші (Ғаффар). Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жібереді. Сендерді мал-мүліктермен және перзенттермен қолдайды. Сендерге бау-бақшалар өсіріп және сендер үшін өзендер пайда қылады[1]»,-деген сөзін оқымап па едің?,-деген екен.

Демек, адамның мұратқа жетуіне бірден-бір кедергі – күнә. Анығырақ айтқанда, адам мен оның мақсаттарының арасында өзінің жасаған қате-күнәлары тосқауыл боп тұрады. Ол тосқауылды ысырып тастаудың бір-ақ жолы бар. Ол – тәубе ету.

Қазақтың мұсылмандықты мұншама нәзік ұғынғаны ғажап емес пе? Санасына керемет сіңірген. Осындайда, тіліміз бен салт-дәстүрімізді зерттеу қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Бізге, қазақи болмысқа қатысты барымызды түгендеп, жоғалғанды табу аса маңызды. Өйткені, ата-бабамыз ұстанған діни мектепті мойындамайтын жастардың дені қазақи болмыстан алыс жандар. Жалпы, қазаққа Исламды түсіну өз салты мен тілі арқылы болғаны жөн.

Руслан ҚАМБАРОВ



[1] Нұх сүресі, 10-12 аяттар

Бөлісу: