31
Бейсенбі,
Қазан

һижри

Жұмысбасты әйелдерге 7 кеңес

Жұмысбасты әйелдерге 7 кеңес

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ислам дінінде әйел затының жұмыс істеп немесе кәсіппен айналысып, табыс табуы рұқсат етілген амалдар. Үмметтің ұзын етекті жамағатына үлгі болар аналарымыздың арасында да кәсіппен айналысқандары болған.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жары Зейнептің (р.а.) тері илейтін кішігірім шеберханасы болғанын,  қолдан жасалған өнімдерін сатып, түскен табысын Алла жолында жұмсағанын білмейтін мұсылман аз болар. Ал, Алла Елшісінің (с.ғ.с.)  «діннің жартысын Айшадан үйреніңдер» деп зеректігін ерекше құрметтеген жары Айша (р.а.) анамыз ұзақ жылдар шәкірттер тәрбиелегенін яғни біршама табиғин ғалымдарының онан білім алғаны да бізге мәлім. Сонымен бірге, сахабалар да кей жағдайда өзара келісімге келе алмай қалса ең көп хадис жеткізген ғалым анамыздың кеңесіне жүгінетін. Ал, келесі бір анамыз Хафса (р.а.) хусни хат яғни каллиграфия өнерін жақсы меңгерген еді. Сондай-ақ, бірнеше елдің арасын жалғап, айлап жол жүретін сауда керуендерінің иесі әрі басқарушысы Хадиша анамыздың қазіргі тілмен айтар болсақ, халықаралық деңгейдегі кәсіпкер болғанын білмейтін мұсылман кемде-кем. Мұнымен айтарымыз, дінімізде әйел затының кәсіби біліктілігін арттырып, жұмыс істеуінің еш әбестігі жоқ. Тек отағасының рұқсатын алып яғни жолдасымен ақылдаса отырып шешім қабылдаса және отбасының тірлігімен үйлестіре алса болғаны.

Шынын айту керек, қазіргі кезеңде технологияның дамуымен үй шаруасының тірлігі біршама жеңілдеді десек те әйел затына түсетін эмоционалдық, моралдық ауыртпалықтар артпаса, кеміген жоқ. Әрі жарының қас-қабағына қарап, әрі үйінің шаруасына үлгеріп, әрі бала-шағаның тәрбиесіне уақыт бөлу оңай шаруа емес. Ал, оның үстіне кәсіби тұрғыда өсемін, жетілемін десе онда ол үшін қосымша шаршау керектігі тағы бар. Дегенмен, «қырық жанды» әйелден айла артылған ба? «Істеймін, үлгіремін, жетемін» деген ниет болса, оның шығар жолы да бар. Күнімізде психолог мамандар уақыт жоспарлаудың бірнеше үлгісін ұсынады. Соның ішінде жұмыс істейтін келіншектер үшін маңызды деген тармақтарына тоқталайық.

  1. Күнімізді бір күн бұрыннан жоспарлау. Бұл өте маңызды әрі қажетті әдет. Ертеңгі күнімізді жоспарлағанда кетіп жататын қателіктің бірі – күнделікті істейтін тірлігімізді есепке алмаймыз. Мысалы, таңғы ас, кешкі ас әзірлеуге кететін уақыт, отбасымен отырып тамақтану, жұмысқа барып-қайтуға кететін уақыт, балалардың үй жұмысына көмектесу және тағы басқа. Мұның барлығы анау айтқан маңызды іс болып көрінбегенімен, едәуір уақыт алатынын ескерер болсақ, күнделікті істелетін ұсақ тірлігімізді де есепке алудың қажеттілігі ортаға шығады.
  2. Бір күнге шамадан тыс ауыр салмақ түсірмеу. «Көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» демекші, бір күнде көп шаруа тындырамын деп мұрныңыздан шаншылып, кешке әбден қалжыраған күйде үйге оралып жүрсеңіз, ұзаққа «шаба алмасыңыз» анық. Ал, ұзаққа шауып, әрі қалжырамай жүргіңіз келсе, келесі тармаққа мән беріңіз.
  3. Жоспар құрастырғанда алдымен күнделікті маңызды және уақыт күттірмес істеріңіздің тізімін анықтап алыңыз. Ол үшін жасалуы керек деген істеріңіздің тізімін анықтап алған соң оларды 1) маңызды әрі асығыс, 2) маңызды, бірақ асығыс емес, 3) маңызды емес, бірақ асығыс және 4) маңызды емес әрі асығыс та емес деген категорияларға бөліп алыңыз. Сонда қайсысын жақын арада тындырып, қайсысын кейінге қалдыруға болатыны өздігімен шешіледі.
  4. «Піл» принципін қолдану. Тайм-менеджментте «піл» деп ауқымды, күрделі істі айтады. Яғни «пілді» белгілі бір уақыт аралығына бөлшектеп, үлестіріп тастайсыз да, жәймендеп бітіре бересіз. Мысалы, кітап, диссертация жазу, жылдық есепті дайындау, диванға жапқыш тоқу деген сияқты.
  5. «Бақа» принципін қолдану. Бұл сөзбен тайм-менеджментте көңіліңізге ұнамайтын яғни әне-міне, ертең-бүрсігүні деп қолыңыз бармай жүрген, бірақ тындыруыңыз керек істі айтады. Иә, әр әйелдің өзінің «бақасы» бар, кейбіріне киім үтіктеу ауыр келсе, кейбіріне үй жинау ауыр тиюі мүмкін. Дегенмен, әр күніңізді жеңіл әрі қуанышты өткізу үшін көңіліңізге жақпайтын «бақаны» күннің алғашқы жартысына қойыңыз. Неғұрлым ертерек бітірсеңіз, соғұрлым ойыңыз да, бойыңыз да жеңіл жүресіз.
  6. Басқалардың көмегіне жүгіну. Үй ішінде болсын, қызметте болсын жанымызда бізге қол ұшын созып, көмегін тигізуге әзір адамдар бар. Үй шаруасында балаларыңыздың немесе жұбайыңыздың көмегіне жүгінгеннің еш әбестігі жоқ. Балаларды жас шамасына қарай сай келетін үй тірлігіне (мысалы, қоқысты төгіп келу, ыдыс жуу, жуылған киімдерді жаю ) жауапты етіп қойсаңыз өзіңіздің де бір мезгіл қолыңыз босайды. Ал, ол уақытты кітап оқуға немесе тағы басқа да шаруаға арнауға болады.
  7. Өзіңізді марапаттаңыз. Белгілі бір істі тындырғаннан кейін өзіңізге қуанышты көңіл-күй сыйлаңыз. Ол үшін қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Кішігірім зат болса да, көңіліңіз көтеріліп, риза болатындай нәрсе болуы керек. Мысалы, ұнататын шоколадыңызбен шәй ішіңіз, көптен бері ұнатып жүрген бірақ қатты керек емес қой деп мән бермей жүрген моншақты, сырғаны, киімді, т.б. алыңыз. Яғни әрбір межелі нәтижеге қол жеткізген сайын өзіңізге сыйлық жасаңыз.

 

Өмір көзге көріне бермейтін көптеген ұсақ-түйектен құралса, ал, ошақтың ұйытқысы саналатын әйелдің күйбең тірлігі құмға сіңген судай тіпті байқалмай жатады. Тек істеген ісінің нәтижесі көз қуантады. Сол нәтиже еленіп, ескеріліп жатса, әйел соның өзіне бір марқайып қалады. Дегенмен, істеп жүрген ісіңізге  ең алдымен өзіңіздің көңіліңіз толып, «ананы үлгірмедім, мынаны дұрыс істей алмадым» деген кінәмшіл ойлардан аулақ болған абзал. Табандылық танытсаңыз орынды жоспармен жасалған іс  аяқсыз қалмайды. Ал, аяулы жар, абзал ана жадырап жүрсе үй ішін нұрға толтырары сөзсіз.

Индира Жұмабекқызы 

Бөлісу: