Дінді кемеліне жеткізген әрі әлемге рақым ретінде жіберілген соңғы нәби Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) балаларға деген құрметі мен сүйіспеншілігі ерекше еді.
Сондықтан да болар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Алланың Елшісі болмай тұрған кезінде-ақ асыранды баласы Зәйдтің көңілін жаулағаны сонша, іздеп келген ата-анасына «осы кісінің жанында боламын» деп, ермей қалып қояды. Бала тәрбиесі арнайы белгіленген уақытта ғана істейтін жұмыс емес. Ол ата-ананың 24 сағат бойы іс-әрекетімен, үлгі-өнегесімен беріледі. Кейде қарбалас тірлікпен баламызға қалай сөйлеп, ойымызды қандай сөздермен жеткізіп жатқанымызға мән бермейміз. Ендеше бір ауық ойланып, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен үлгі алып, амал етейік.
- Бала тәрбиесінде жұмсақтық пен мейірімді негізге алған Алланың Елшісі (с.ғ.с.) кішкентай бүлдіршіндерге жекіп, келеке етіп, ұнжырғасын түсіретін ауыр сөздер айтып көрген емес. Пайғамбарымыз көп тентектік істейтін балаларға «өскенде ақылды болады»[1] деп оларға ашуланбау керектігін меңзеген. Бала жасынан Алла Елшісінің жанында жүрген Хазірет Әнас (р.а.) оның жұмсақтығы жайлы: «Хазірет Пайғамбарға (с.ғ.с.) 10 жыл қызмет еттім. Орындамаған ісім үшін «Неге орындамадың?» - деп ұрсып, орынсыз істерім үшін «Неге олай істедің?» - деп жекіген емес», - дейді.[2]
- Кішкентайлардың деңгейіне түсіп ойнайтын. Бірде Хазіреті Омар (р.а.) Пайғамбарымыздың екі немересі Хасан (р.а.) мен Хүсейінді (р.а.) арқалап ойнатып жүргенін көріп: «Мінгендерің қандай керемет!» - дейді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар да тамаша мінушілер!» - деген екен.
- Алланың Елшісі (с.ғ.с.) балаларға деген сүйіспеншілігін ашық білдіретін. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) немересі Хасанды сүйіп жатқанда қасына келген Ақра ибн Хабис: «Менің он балам бар, ешқайсысын дәл бұлай сүйген емеспін», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Мейірім танытпағанға Алла тағала да мейірімділік танытпайды», - деп жауап берген екен. Басқа бір хадисінде: «Балаларыңды көп сүйіңдер, себебі сүйген сайын жәннатта бір дәреже беріледі. Әрбір дәреженің ара қашықтығы 500 жыл. Періштелер әр сүйгендеріңді санап, жазып отырады», - деген.
- Сүйіспеншілігі бүлдіршіндерге тыйым салуға, дұрыс пен бұрысты үйретуге кедергі болмаған. Бірде немерелерінің бірі байқаусызда садақаға келген құрмаға қолын соза бергенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу оның қолын қағып: «Бізге садақа жеу харам», - дейді.
- Бөтен балаларға да мейіріммен қарайтын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әке-шешелерінің қасына еріп келген балалардың бәрін басынан сипап, оларға Алладан жақсылық тілейтін. Жабир ибн Самура (р.а.) балалық шағында басынан өткен бір оқиғаны былай баяндайды: «Бесін намазын Пайғамбарымызбен бірге оқыдым. Намаздан соң үйіне беттеді. Мен де дереу артынан ілестім. Алдынан 2 бала шықты. Пайғамбарымыз тоқтап, оларды бетінен сипады. Сосын мені де бетімнен сипады».[3]
Кәміл адамның үлгісі болған соңғы Елші (с.ғ.с.) балалардың өзін райхан гүліне, ал иісін жәннаттың иісіне теңеген. Өмір жолы тұнып тұрған өсиет-өнеге болғандықтан мұндай мысалдарды тізе беруге болар-ақ. Бірақ, ең маңыздысы сол тұнық бұлақтан аз да болса қанып ішіп, бойға сіңіру.
Индира Жұмабекқызы
[1] Мүнәуи, 4, 310
[2] Бұхари, Әдеп, 39; Мүслим, Фәдәил, 13.
[3] Нәуәуи, Шәрхул-Мүслим, 15-т., 85-б.