19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Уақытты ысырап ету харам ба?

Уақытты ысырап ету харам ба?

Сұрақ-Жауап

Ислам діні уақыт мәселелесіне қатты көңіл бөлген. Өйткені уақыттың алатын орны ерекше. Сол себепті Құран Кәрімнің көптеген аяттарында уақытпен санасуымыз керектігі айтылған.

Уақыттың маңыздылығы сонша – Жаратушы иеміз Құранның кейбір сүрелерінде зманға серт еткен. Бұған «Фәжр», «Духа», «Аср», «Ләйл» секілді сүрелер дәлел. Алла Тағала : «Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда» дейді. Яғни уақытпен серт беріп, сол уақыт ішінде адамзаттың қасірет тартатынын айтқан.

Ал сол қасіреттен арылуымыз үшін ең бастысы әрбір сағат, күн, ай, жылымызда игі істердің көп жасалуына көңіл бөліп, уақытты бекер өткізіп алудан сақтанған жөн. Оның жауы теледидарға (керексіз телесериал көру, т.б.), ғаламторға (мақсатсыз әрнәрсені қарап отыру), бос сөзге, көп ұйқыға  берілмеген дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың көпшілігі қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет – денсаулық пен бос уақыт» деп тегін айтпаса керек. Олай болса, Алланың құлына өлшеп берген өмірін, алтындай уақытын өзімізге, қоршаған ортамызға пайдасы тиетін амалмен өткізуге тырысайық. Өйткені уақыттың қас-қағым сәтте өте шығатыны бәрімізге белгілі. Уақыттың қадір-қасиетін біліп, оны тиімді пайдаланған даналарымыз жеткілікті. Хакім Абай:

«Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,

Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.

Адамды сүй, Алланың хикметін сез,

Не қызық бар өмірде одан басқа?!» - деп, бұл өмірдің мәңгі еместігін, бір қалыпта тұрмайтындығын, уақыттың зымырап өтетінін ескертіп, адамды сүйіп жаратқан Жаратушының хикметін сезініп, дұрыс өмір сүру керектігін айтқан. Сонда ғана өлшеулі өмірдің мәні ашылмақ.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сол күні (дүниеде берілген) әр нығметтен, әлбетте, сұраққа тартыласыңдар» десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қыйтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адым да орнынан тапжылмайды» деген.

Олай болса, берілген нығметтердің қадірін біліп, жеке басымызға, қоғамға пайдасы тиетіндей істерге арнайық. Ысырапты Алланың сүймейтіндігін жадымыздан шығармайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәрет алғанда артық су қолданудың өзін ысырапқа жатқызған. Ал шариғатта бұл мәкрүһ амалға жатады. Мәкрүһті істемеген жағдайда сауап алады. Сондықтан әрбір ісімізді жақсы ойлап, ысырапқа жол бермегеніміз абзал.

Ummet.kz

Бөлісу: