19
Сейсенбі,
Наурыз

һижри

Жұмыс орнының компьютерімен жеке жұмысымды істесем бола ма?

Жұмыс орнының компьютерімен жеке жұмысымды істесем бола ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Жұмыс орнындағы компьютермен жеке жұмыстарымды істесем бола ма?

Жауап: Уағалайкүм әссәләм. Сұрағыңыз өте өзекті. Шын мәнінде бүгінгі таңда жұмыс орнының мүлкін пайдалану, оны өз мүддесіне қолдану мәселесі жайында сұрақтар көп. Мұсылманшылықта өз меншігі емес, бөтен кісінің, ресми, қоғамдық-көпшілік орындардың ешбір затын рұқсатсыз қолдануға болмайды. Діндарлық жолын бек таза ұстанған адамның қайсысы болмасын жұмыстың ешбір мүлкін рұқсатсыз пайданауға ары бармайды. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деген.

Омар ибн Хаттабтың (р.а.) жұмыс бабымен келген кісімен мемлекет шамын өшіріп, өз шамын жағып алған соң ғана сөйлесуі мұсылман үшін мемлекет мүлкін қандай бағалы екенін ұғындырса керек. Бұл уақиға мемлекеттік, жұмыс орынның, әлеуметтік орындар мен нысандардың мүлкінің қаншалық қорғалуы керек екенін, әр қызметкер өз мүддесімен қаншалықты аралық сақтау керек екеніне ишара болса керек.

Кешегі Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов мемлекеттік, ұлттық мүддеге, ар-намыс пен азаматтыққа бір рет қиянат жасаған кісінің екінші қайтып қолын алмайтын болыпты. Жалпы алаш ардақтыларында аттарын баптаушылардың бір міндеті – арбаға шегілетін аттың қаладан шыққанша тезектемейтіндей етіп бабын келістіру болған. Міне, көше де әлеуметтің ортақ мүлкі екенін білсек қиянат жасамуы – үлкен кісілік пен дегдар имандылықтың белгісі.

Ал, жұмыс әкімшілігі арасында өз жұмыстарын жасауына рұқсат берген болса, сол шеңберден аспайтын мөлшерде пайдалануға болады. 

Енді кейбір ғалымдар жұмыс орнына зияны тимейтін болса және әдет болған нәрсе болса (мысалы телефонды зарядтау, жұмыс орнының электр қуатын пайдаланып, электр ұстарамен қырыну, дәрет немесе ғұсыл үшін жұмыс орнының суын қолдану, т.б.) рұқсат етеді. Сол сияқты компьютерде әлеуметтік желілерді ашып қою, электронды хат-сандықпен жеке хаттар жазу сияқты нәрселерді атқаруға рұқсат береді. Дегенмен,  өз меншігіне тәуелді болмаған мемлекеттің немесе жұмыстың, жекенің кез-келген мүлікті пайдаланар алдында меншік иесінен рұқсат алып тақуалық қылған жақсы.

Анығын Алла біледі.

Ummet.kz

Бөлісу: