22
Жұма,
Қараша

һижри

Шағбан айында қандай сауапты іс істесек болады?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Шағбан айында қандай амалдар істеген абзал?

Жауап: Шағбан айында жасалатын негізгі сауапты амал ретінде нәпіл оразаны атап өтсек болады. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзге айларға қарағанда, Шағбан айында көбірек нәпіл ораза ұстаған екен. Айша анамыз былай дейді: «...Мен Алла елшісінің рамазаннан басқа еш бір айды толығымен оразамен өткізгенін көрмедім. Сондай-ақ, Оның (с.ғ.с.), Шағбан айынан басқа, еш бір айда көп уақытын оразамен өткізгенін көрмедім»[1].

Сахаба Усәмә ибн Зәйд мұның себебін сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Ражаб пен Рамазан екеуінің ортасында келетін бұл ай жайында  адамдар хабарсыз.  Ол айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім,  Алла құзырына, аузым берік болған күйде, көтерілуін қалаймын»[2], - деп жауап берді.

Хадистен де байқағанымыздай, көбіміз алдағы қасиетті Рамазан айындағы парыз оразаға дайындық жасап, соны күтеміз де, оның алдындағы Шағбан айындағы  нәпіл оразаларға мән бермей жататынымыз бар. Ендеше, Шағбан айында да шама-шарқынша нәпіл ораза ұстау - өзге айлардағы нәпіл оразаларға қарағанда сауаптырақ деуге негіз бар.  

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір кісі: «Рамазан айындағы оразадан басқа, қай айдағы ұсталған ораза артық?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан оразасын ұлықтау үшін (немесе рамазан оразасына дайындық үшін[3]) ұсталатын Шағбандағы ораза», - деген екен[4].

Бұнымен қатар Шағбан айында Құран оқып, кедей-кепшікке қайыр-садақа тарату да сауапты.

Сахаба Әнәс ибн Мәликтің айтуы бойынша, Шағбан айы кірісімен (сол кезеңдегі) мұсылмандар бас көтермей Құран оқиды екен. Қалталы кісілер өз зекеттерін осы Шағбан айына туралап, кедей-кепшікке тарататын болған. Ондағы мақсаттары: әлсіз, тұрмыстың тарлығы себепті қауқары қалмаған пақыр мұсылманның – келе жатқан Рамазан оразасына әлденіп, күштеніп алсын дегендік.

Жаратушы Иеміз осы айда жасаған игі амалдарымызға сауаптан жазып, өзінің мейіріміне бөлесін!


[1] Әбу Дәуід, Китабус Сиям - №2434 хадис.
[2] Нәсәи - №2357 хадис.
[3] Тухфәтул Әхуизи – Тирмизи №663 – хадис түсіндермесі.
[4] Тирмизи - №663 хадис.

 

Абдусамат Қасым
 
Бөлісу: