Құран кәрімнің көптеген аяттарында «Ғайыпты тек Алла білетіндігі» айтылған. Мысалы, бір аятта «Уа, Мұхаммед!): «Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі бірде-бір жан ғайыпты білмейді. Ғайыпты бір Алла ғана біледі» делінген.
Ал Алла Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғайыпты білуі жөнінде былай сипатталады: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Мен сендерге: Алланың қазыналары менің қолымда, – демеймін. Әрі: Ғайыпты білемін немесе мен періштемін, – деп те айтпаймын. Маған уахи жолымен не келсе, соны ғана басшылыққа аламын», – де. Сондай-ақ оларға: «Көр соқыр мен көретін адам тең бе? Өздерің сәл де болса ойланбайсыңдар ма?» – деп айт». Басқа бір аятта «Оларға: «Мен Алла қаламайынша өз-өзіме титтей де пайда келтіре алмаймын, сондай-ақ өзіме келетін зиянның да бетін қайтара алмаймын. Егер ғайыпты (болашақты) білетін болсам, (еш уақытта шығынға ұшырамай) әрдайым мол табысқа кенеліп отырар едім һәм (алдағы қауіп-қатерден алдын ала сақтанар едім де)
ешқандай жамандық та, бәле-жала да ұрынбас едім. Мен бар болғаны иман етуге ниетті қауым үшін (оларды әртүрлі теріс жолдардан сақтандыратын) ескертуші әрі (иман мен игілікті істердің қарымы Алланың кеңшілігі һәм жұмағы екенін жеткізетін) сүйіншілеушімін», – деп айт» деген. Мекен тұрғысынан өзімізден алыс, мезгіл тұрғысынан әлі болмаған жайттар жайлы Алла ғана хабардар. Мысалы, «Расында, қиямет-қайымның қай сағатта орнайтындығы жайлы нақты мәлімет бір Алланың құзырында. Жаңбырды да (қалаған уақытында, қалаған жеріне) бір Өзі жаудырады. Құрсақтарда жатқандардың да (барлық қасиеттері мен ерекшеліктері) бір Өзіне ғана мәлім. Бірде-бір жан ертеңгі күні не табатынын нақты білмейді. Сондай-ақ, ешбір жан қай жерде өлетінін де нақты білмейді. Анығында, бәрін лайықты түрде білетін, барлық нәрседен толық хабардар болатын бір Алла ғана»54 аятында айтылған бес нәрсені барлық сыр-сипатымен тек Алла біледі. Ғайып толық және шектеулі болып екіге бөлінеді. Толық ғайыпты тек Алла біледі. Шектеулі ғайыпты сол істің маманы болған кісілер белгілі бір құралдар мен тәсілдер арқылы біле алады.
Дегенмен Алла толық ғайыпқа қатысты мәліметтерді пайғамбарларынан қалағанына білдірген. Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да Алланың білдіруі арқылы ғайыптан хабардар болған. Анығында, бұл жайт Құран аятында ашық айтылған: «Ол ғайыпты (яғни, сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін болмаған тылсым әлемді) білуші һәм бір Өзі ғана білетін ғайыптың сырын ешкімге ашпайды». Тек Өзі разы болып, таңдаған Елшісіне ғана ашады. Өйткені Алла (Өзінің шексіз ілімінен, ғайыптан келетін сырға титтей де жалған араласпау үшін) Елшісінің алды-артына сақшы (періштелер) қояды. Осылайша (Алла) Елшілердің Раббыларының жолдауларын кем-кетіксіз һәм бұрмалаусыз лайықты түрде жеткізгенін білгісі (яғни, іс жүзінде көргісі) келеді. Алла Елшілеріне не уахи еткенін һәм олардың барлық жай-күйін жақсы біледі, сондай-ақ Ол барлық нәрсені бүге-шігесіне дейін жіпке тізіп, сақтап қоюда». Сақшылар – періштелер. Алла Пайғамбарына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хабар берген ғайып мәліметін періштелердің қорғауында түсіреді. Алла Елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пайғамбарлығынан соң «көк есіктері» жындарға толықтай жабылғанда, періштелердің қорғауында екендігі түсінікті болды. Бұл туралы Аятул-Курсиде былай делінеді: «Ол күллі жаратылыстың алдындағы болашағын да, артындағы өткенін де толық әрі жақсы біледі. Ал олар болса, Оның шексіз ілімінен еш нәрсені толық ұға да, меңгере де алмайды, тек Өз қалауымен ұғындырып, үйреткен нәрсесі болса, оның жөні басқа. Оның (шексіз билігінің көрінісі болған) Күрсісі
күллі аспан әлемі мен жерді толық қамтыған. Күллі аспан әлемі мен жерді қызғыштай қорып, сақтап тұру Ол үшін түк те қиын емес, Ол – Алий (бәрінен биік, асқақ), Азим (бәрінен ұлы)». Және басқа бір аятта: «Сондай-ақ Алла барлығыңды бірдей (адамдардың жүрегіндегі бар сырды біліп) ғайыптан хабар беретін көріпкел етпейді. Алайда Ол пайғамбарларының арасынан қалағанын таңдап алып (оларға Өзі қалаған деңгейде ғайыпты һәм адамдардың жүрегіндегі сырларды білетін ерекше қабілет береді)» делінген. Алланың ғайыпты пайғамбарына білдіруі ғайыпты Алладан басқасының біле алуын көрсетпейді. Керісінше, ғайыпты толықтай Алла ғана білетінінің айғағы.
Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне уахи етілген Құран аяттарын еш өзгеріссіз жеткізген. Құраннан тыс хабарларды мағынасын өзгертпестен, өз сөзімен айтып берген. Иман ақиқаттары мен діни міндеттемелерді білдірген ғайып хабарларын тура мағынасында анық жеткізген. Болашақта орын алатын жағдайларға байланысты өзіне білдірілген мәліметтердің бір бөлігін тура мағынасында, қалған бөлігін белгілі бір хикметке сай астарлап-тұспалдап білдірген. Ол бейне бір болашаққа көз салып тұрып, қияметке дейін орын алатын оқиғаларды негізгі әрі маңызды белгілерімен адамдардың алдына жайып салғандай. Ол өз ойынан еш нәрсе айтпаған, оның сөзі әрдайым уахи және Алланың оған білдірген хабары болды.
Қиямет-қайымның қашан орнайтыны әрқашан адамдарды қызықтырған. Алла Расулынан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қиямет қашан болатынын сұраған мүшріктерге Құран былай жауап береді: «(Уа, Мұхаммед!): Сенен қиямет-қайымның қашан орнайтынын сұрағанда: «Ол жайлы нақты мәлімет Раббымның жанында», – деп айт. Өзге ешкім де оның кесімді уақытын дөп басып ашып айта алмайды. Қиямет-қайым күллі аспан әлемі мен жердегі күллі жаратылыс атаулыға өте ауыр тиетін алапат құбылыс. Ол сендерге аяқ астынан тап келеді. Сен қияметтің уақытын қатты білгің келіп, зерттеп жүргендей олар сенен қайта-қайта сұрай береді. Ендеше: «Ол жайлы нақты мәлімет Алланың жанында. Алайда адамдардың дені бұл ақиқатты білмейді», – деп айт». Басқа бір аятта қияметтің қай уақытта орнайтынын тек Алла Тағала білетіні былай сипатталады: «Ендеше, оларды жөніне жібер, өздеріне уәде етілген мерзімді күндеріне тап болғанша өздері дендеп бойлаған жалғанның қызығына батып, ойнап-күліп жүре берсін. Ол көкте де (табынуға лайық) жалғыз Құдай, жерде де (табынуға лайық) жалғыз Құдай. Ол – Хаким (әр ісі мен үкімі көптеген хикметтерге толы асқан даналық иесі), Алим (бәрін лайықты түрде білетін шексіз ілім иесі). Күллі
аспан әлемінің, жердің және көк пен жердің арасындағы барлық нәрсенің бар билігі мен иелігі бір Өзіне ғана тән болған, қисапсыз нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі Алла қандай ұлы десеңші! Қиямет сағаты жайлы нақты мәлімет те бір Өзінің құзырында. Ақыр соңында бәрің де Оның құзырына қайтарыласыңдар».
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде Алла Тағаланың өзіне ғайыпты қалай көрсеткенін былай баяндайды: «Алла жер бетін көз алдыма әкеліп, батысы мен шығысын көрсетті. Сөзсіз, менің үмбетім ол жерлерді қол астына алады. Әсіресе, маған қызыл және ақ екі қазына берілді». Хадис түсіндірушілері «қызыл және ақ қазына» деумен Иран мен Византияның мұсылмандардың қолына өтетінін білдіргенін айтқан. Алайда мұндай хадистердің мағынасын шектеуге де болмайды. Хадисте батысы мен шығысын қамтыған бүкіл жер бетін Алла Расулына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көрсетілуі қызыл-ақ қазыналары бар жерлердің барлығына қатысты мағынаны білдіруі бек мүмкін. Хадис түсіндірушілері хадистерді өз кезеңдеріндегі жағдайларға қарай жорамалдаған. Сол себепті кейбір хадистердің мазмұнының аясы тарылып, шектеулі мағынада түсіндірілген. Расында, жоғарыдағы хадистен ғайып хабарлары Алла Расулына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тек қана сөз түрінде емес, кейде Миғраждағы секілді сахналық қойылым іспетті көз алдына әкеліп көрсетілгенін байқаймыз.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алла Тағала хабар берген болашақта орын алатын фитналарды үмбетіне айтып берген. Сахаба Амр ибн Ахтаб (радиаллаһу анһ) Алла Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні таң намазынан соң мінберге шығып, бесін намазына дейін, бесін намазын оқытқан соң екінті намазына дейін, екінті намазын жамағатпен оқығаннан кейін ақшам намазына дейін насихат айтып, өткен шақта болған және келешекте болатын оқиғалардан хабар бергенін айтады. Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғайып хабарларының бір бөлігін таңдаулы сахабаларына білдірген. Мысалы, жанынан бір елі ажырамайтын сахабасы Әбу Һурайраның (радиаллаһу анһ) былай дегені бар: «Алла Расулынан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екі қап толы білім алдым. Оның бір қабын сендерге жайып салдым. Екінші қабын хабардар етсем, ажалым сендерден болар еді». Хадисшілер Әбу Һурайраның (радиаллаһу анһ) жеткізбеген мәліметтері діни үкімдерге байланысты емес, фитналар мен қияметтің белгілері жайында болғандығын айтады. Хузәйфә ибн Ямән (радиаллаһу анһ) Алла Расулының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тек оған ғана ерекшелеп біраз мәлімет бергендігін, қияметке дейін көрініс табатын бүліктерді сахабалар арасында өзінің ең жақсы білетіндігін жеткізген. Бұл мәліметтердің бір бөлігін Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларына айтып берген, алайда сахабалардың көбі ұмытып қалғанда Хузәйфә есінен шығармаған. Тіпті әзірет Хузәйфә Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хабар берген фитналардың кейбірі есінен шығып кеткен күнде де айтылған фитналар қылаң бергенде бірден есіне түсетінін жеткізген. Ол бұл жағдайды адамның есінен шығып кеткен ескі танысын қайта көргенде есіне түсіретініне ұқсатқан. Сахабалар діни үкімдерге байланысты хадистерді әрдайым қажеттілік болғандықтан және бір-біріне жеткізетіндіктен ұмытпаған. Алайда болашақ хабарлары мен фитналарға қатысты хадистердің бір бөлігін ұмыт қалдырған немесе оларға ұмыттырылған.
Жәбірейіл періштенің (аләйһис-сәлам) «Қиямет қашан болады?» деген сұрағына Алла Расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үлкен әдеп пен кішіпейілділік танытып, «Сұралған сұраушыдан артық білмейді» деп жауап берген. Құран кәрімде «(Уа, Мұхаммед!) Олар: «Қашан орнайды?» – деп, сенен қиямет жайлы сұрауда. Сен оны қайдан білесің, ол жайлы сен не айта аласың?! Оның соңы Раббыңа барып тіреледі (яғни, оның кесімді уақыты Раббыңа ғана аян). Ал сен болсаң, одан шынымен қорқатындарды алдын ала сақтандырушы, ескертуші ғанасың! Олар (кәпірлер) сол ұлы күнді көргенде, дүниеде бір кеш немесе бір сәскелік уақыт қана тұрғандай болады» деумен қияметтің уақытын тек ғана Алла білетіні баяндалады. Жер мен көк қияметтің қашан орнайтыны жөнінде мәліметті қамти алмайды. Жаратылыстардың өздерінің қалай жаратылғанын білуі мүмкін болмағанындай қашан өлім құшатынын да біле алмақ емес. Әхли Сунна ғалымдары болашаққа қатысты сөз еткенде тек қана аят пен хадистерге жүгінген. Итиқадтық (ақида, сенім) шектерден шықпай, болашақты тілге тиек еткенде «Аллаһу Алим» (анығы Аллаға аян), «Алланың ата заңдылығымен өзгермесе» деу арқылы әрбір нәрсенің анығын тек Алла білетінін еске салатын.
материал «Ақырзаман және қияметтің белгілері» кітабынан алынды,
ummet.kz