Бойсұнудың ғажап үлгілері бізге дейінгі өмір сүргендердің ішінде Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларының (Алла оларға разы болсын) амалдары еді.
Олар Ұлы Алла түсірген аяттың мән-маңызын жақсы түсінген-ді. Алла Тағала: «Шын мәнінде мүміндер, араларына үкім беруге Аллаға және Оның елшісіне шақырылғанда, олардың сөздері: «Естідік те, бойсұндық» деу болады»(«Нұр» сүресі, 51-аят.), – деген. Осынау тамаша үлгілерге қарап біз қазіргі кезде де кедей, жоқ-жітік борыштының жағдайын жеңілдетуге әрекет жасаймыз. Бұл Пайғамбардың (с.а.с.) адамгершілік қасиеттерін қабылдауға ұмтылысымыздың және бойсұну мен бағынуымыздың жемісі.
1. Мәселен, өз заманында Кағб ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) Ибн Әбу Хадрадтың (Алла оған разы болсын) алған қарызын қайтаруды мешітте тұрып талап етеді және олардың қатты айқайлап сөйлегені сонша, дауыстары үйінде отырған Алла елшісіне (с.а.с.) естіледі. Сонда оның асығыс шыққаны сондай, тіпті бөлмесінің пердесі түсіп кеткен еді. Ол (с.а.с.): «Ей, Кағб!» – деді. Кағб (Алла оған разы болсын): «Мен алдыңдамын, уа, Алланың елшісі!» – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Сен ол үшін қарызыңнан мұншасын кеш», – деп оған жартысын кешу керектігін нұсқады. (Кағб): «Уа, Алланың елшісі! Мен солай еттім», – деді. (Осыдан кейін Пайғамбар (с.а.с.) Ибн Хадрадқа): «Ал сен төле!» – деп бұйырды (Әл-Бұхари, Муслим).
2. Айшадан жеткен бір риуаятта (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) Алла елшісі (с.а.с.) есігінің алдындағы (адамдардың) қатты шыққан дауысын естіді. Сөйтсе, дауласушылардың біреуі екіншісінен қарызының бір бөлігін кешіруді, сөйтіп қайырымдылық жасауды өтінуде екен, ал екіншісі: «Алламен ант етемін, кешірмеймін», – дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) сыртқа шықты да: «Дұрыстықты істемеймін деп Алламен ант етіп тұрған қайда?» – деді. (Ол адам): «Мен, уа, Алланың елшісі! (Жарайды) оның қалағаны болсын», – деді», – делінген(Әл-Бұхари, Муслим).
Ең жақсы жолмен жүруге және ең асыл қасиетті көрсетуге белгі берудің өзі жеткілікті болған. Дұрыстықты ұстанып, тақуалықтан әсте шегінбеген, сондай-ақ адамдарға жақсылық істегендердің бәріне Алла Тағала разы болсын!
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz