22
Жұма,
Қараша

һижри

Міндетті түрде сенуіміз керек болған иманның 6 шарты

Міндетті түрде сенуіміз керек болған иманның 6 шарты

Иман келтіру

Міндетті түрде сенуіміз керек болған иманның алты шарты бар:

Біріншісі, Алла Тағаланың уажибул-ужуд жəне хақиқи мабуд (шынайы табынуға лайық) жəне барлық нəрселердің жаратушысы екеніне сену. Дүние мен ахирет əлеміндегі барлық нəрсені материясыз, уақыттан тəуелсіз жəне теңдессіз етіп жоқтан бар еткен – тек қана Аллаһу та’ала деп нақты сену. Барлық болмыстың жаратушысы, иесі, үстемі – Ол. Оның иесі, қожайыны, Одан үстем нəрсе жоқ деп сену керек. Барлық үстемдік, барлық кемел сипат Оған ғана тəн. Онда ешқандай кемшілік, ешқандай нұқсан сипат жоқ. Ол қалағанын жасай алады. Жасаған істері өзіне немесе басқаға пайдалы болу үшін емес. Қандайда бір пайда көру үшін жасамайды. Сонымен қатар, барлық ісінде даналық, пайдалар, игіліктер, жақсылықтар бар. Құлдарына жақсы нəрсені, пайдалы нəрсені беруге, кейбіріне сауап жазып, кейбірін азаптауға мəжбүр емес. Өзіне қарсы шыққандардың барлығын жаннатқа жіберсе, бұл Оның жомарттығына жарасады. Мойынсұнып, ғибадат жасағандардың барлығын жаһаннамға жіберсе əділетіне қарсы болмайды. Бірақ, мұсылмандарды, ғибадат жасағандарды жаннатқа жіберетінін, оларға шексіз ниғметтер, игіліктер беретінін, ал кəпірлерге жаһаннамда шексіз азап беретінін уəде еткен. Ол уəдесінен қайтпайды. Барлық жандылар иман келтіріп, құлшылық жасаса да Оған ешқандай пайдасы тимейді. Бүкіл əлем кəпір болып, азғындап қарсы келсе де Оған ешқандай зияны жоқ. Ширктен, күпірліктен басқа кез-келген бір күнə істеп, тəубесіз өлген адамды қаласа кешіреді. Қаласа кішкентай бір күнə үшін де азап береді. Кəпір жəне мүртəд болып өлгендерді еш кешірмейтінін, оларға шексіз азап беретінін білдірген. Мұсылман жəне əһли қибла (Қағбаны қыбла деп білетін адам) болып бірақ, сенімі əһли сүннет сеніміне сай келмейтін жəне тəубе етпей өлген адамдар тозаққа тасталып азапталса да, мұндай бидғатшылар жаһаннамда мəңгі қалмайды. Алла Тағаланы дүниеде көзбен көру жаиз. Бірақ, ешкім көрмеген. Қиямет күні махшар алаңында кəпірлерге жəне күнəсі көп болған мұсылмандарға азабымен жəне ашуымен; салих мұсылмандарға игілігімен жəне көріктілігімен көрінеді. Мұсылмандар Алланы жаннатта жамал сипатымен көреді. Кəпірлер бұдан махрұм қалады. Жындардың да махрұм қалатыны туралы хабар бар. Алла Тағала үшін күндіз-түн жəне уақыт деген мəселе жоқ. Алла Тағалада ешқандай тұрғыдан ешқандай өзгеріс болмайтындықтан бұрын мынадай болған, келешекте мынандай болады деп айтуға болмайды. Алла Тағала ешнəрсенің кейпіне кірмейді. Ешнəрсемен бірікпейді. Алла Тағаланың қарамақайшысы, ұқсасы, ортағы, көмекшісі, қорғаушысы жоқ. Анасы, əкесі, баласы, жұбайы жоқ. Барлық адамға олардың күре тамырынан да жақын. Бірақ, оның əзір болуы, барлық əлемді қоршап тұруы, бірге жəне жақын болуы біздің түсінігіміздегідей емес. Оның жақындығы ғұламалардың ілімі, ғалымдардың зейіні жəне əулиелердің кəшф жəне шухудымен түсініле алмайды. Мұның сырын адамның ақылы ұғына алмайды. Алла Тағала заты мен сипаттарында бір, ешқайсысында өзгеру, басқа нəрсеге ауысу болмайды. Алла Тағаланың есімдері шексіз. Мың бір есімі бар делінеді. Яғни, есімдерінің мың бірін адамдарға білдірген. Мұхаммед алейһиссаламның дінінде олардың тоқсан тоғызы білдірілген. Олар «əсма-и хусна» деп аталады.

Иманның алты негізінің екіншісі – періштелерге сену. Періштелер – дене, материя болып табылады. Жеңіл, нəзік, газ күйінен де жеңіл. Нұрдан жаратылған, тірі, ақылды. Адамдардағы жамандықтар періштелерде жоқ. Олар барлық пішінге ене алады. Газдар сұйыққа жəне қатты затқа айнала алатыны, қатты затқа айналғанда бір пішінге, формаға енетіні секілді періштелер де əдемі кейіптерге ене алады. Періштелер ұлы адамдардың денелерінен шыққан рухтар емес. Христиандар періштелерді осындай рухтар деп ойлайды. Энергия, күш сияқты материясыз да емес. Көне философтардың біразы осындай пікірді ұстанған. Періште (мəлəк) – елші, хабар беруші немесе күш, қуат дегенді білдіреді. Көпше түрі «мəлаикə» деп айтылады. Періштелер барлық жандылардан бұрын жаратылды. Сондықтан, кітаптарға иман келтіруден бұрын періштелерге иман келтіру керектігі білдірілді. Кітаптарға сену пайғамбарларға сенуден бұрын келеді. Құран кəрімде де сенілуі керек нəрселердің есімдері осы ретпен білдірілген. Періштелерге иман былай келтіріледі: Періштелер - Алла Тағаланың құлдары. Алланың ортағы, серігі емес. Періштелер Алланың қыздары емес. Кəпірлер мен мүшріктер солай ойлаған. Алла Тағала періштелердің барлығынан разы. Олар Алла Тағаланың əмірлеріне мойынсұнады. Күнə істемейді. Алланың əміріне қарсы шықпайды. Еркек жəне ұрғашы болып бөлінбейді. Үйленбейді. Балалары болмайды. Өмір сүреді, яғни тірі. Алла Тағала адамдарды жарататынын айтқан кезде: «Йа Рабби! Жер бетінде бүлік, тəртіпсіздік орнататын жəне қан төгетін махлұқтарды жаратасың ба?» деген сияқты періштелердің зəллə деген сұрақтары олардың масум, кінəсіз болуларына зиян тигізбейді. Жаратылғандардың ішінде саны ең көбі - періштелер. Олардың санын Алла Тағаладан басқа ешкім білмейді. Көктерде періштелер ғибадат жасамайтын бос орын жоқ. Көктердің барлық жері руку мен сəждедегі періштелерге толы. Көктерде, жерде, өсімдіктерде, жұлдыздарда, жандыларда, жансыздарда, жаңбыр тамшыларында, ағаштардың жапырақтарында, əрбір молекулада, əрбір атомда, əрбір реакцияда, əрбір əрекетте, барлық нəрседе періштелердің атқаратын міндеттері бар. Барлық жерде олар Алла Тағаланың бұйрықтарын орындайды. Олар Алла Тағала мен жаратқандарының арасындағы арашы болып табылады. Кейбірлері басқа періштелердің басшысы болуы мүмкін. Кейбірлері адамдардың пайғамбарларына хабар əкеледі. Кейбірлері адамдардың көңіліне (жүрегіне) жақсы ой салады, ондай ой «илхам» деп аталады. Кейбірлерінің адамдардан, басқа жаратылғандардан хабарлары жоқ, олар Алла Тағаланың дидары алдында естерінен айрылған. Əрқайсысының белгілі орны бар. Сол орындарынан кетпейді. Жаннат періштелері жаннатта. Олардың үлкендерінің аты – Ридуан. Жаһаннам періштелері Зəбани деп аталады. Олар бұйырылған міндеттерді жаһаннамда атқарады. Теңіздің балыққа зияны болмайтыны секілді, жаһаннамның оты оларға зиянын тигізбейді. Жаһаннам зəбанилерінің үлкендері он тоғыз дана. Ең үлкенінің аты Малик. Əр адамның жақсылығы мен жамандығын, барлық істерін жазатын, екеуі түнде, екеуі күндіз келетін төрт періште Кирамəн катибин немесе Хафаза періштелері деп аталады. Хафаза періштелерінің бұлардан бөлек екендігі туралы да білдірілген. Оң жақтағы періште сол жақтағының басшысы жəне жақсы істерді жазады. Сол жақтағы періште жамандықтарды жазады. Қабірлерде кəпірлер мен күнəһар мұсылмандарды азаптайтын періштелер жəне сұрақ қоятын періштелер бар. Сұрақ қоятын періштелер «Мүнкəр жəне Нəкир» деп аталады. Мұсылмандардан сұрайтындар «Мүбəшшир жəне Бəшир» деп те аталады. Періштелердің бір-бірінен үстемдіктері бар. Ең үстемі төртеу. Олардың біріншісі – Жəбрейіл алейһиссалам. Оның міндеті – пайғамбарларға уахи əкелу, əмірлер мен тыйымдарды білдіру. Екіншісі «Сур» деген кернейді үрлейтін Исрафил алейһиссалам. Сурды екі рет үрлейді. Біріншісінде Алла Тағаладан басқа барлық тірі нəрсе өледі. Екіншісінде барлығы қайтадан тіріледі. Үшіншісі Микаил алейһиссалам. Оның міндеті – арзаншылық, қымбатшылық, жұт, молшылық жасау жəне барлық нəрсені əрекет еттіру. Төртіншісі: Əзрейіл алейһиссалам. Адамдардың рухын алатын осы періште. Осы төрт періштеден кейін тұратын періштелер төрт топқа бөлінеді. Хамəлə-и Арш деп аталатын періштелер төртеу. Қияметте сегіз болады. Илахи құзырда (Алланың дəргейінде) болатын періштелер Муқаррəбин деп аталады. Азап періштелерінің үлкендері Кəрубиян деп аталады. Рақымдылық періштелері Руханиян деп аталады. Бұлардың барлығы періштелердің үстемдері болып табылады. Мұсылмандардың салихтері мен əулиелері періштелерден абзал жəне үстем болып табылады. Періштелер күнəһар жəне пасық мұсылмандардан абзал болып табылады.

Иманның алты негізінің үшіншісі – Алла Тағаланың түсірген кітаптарына сену. Алла Тағала бұл кітаптарды кейбір пайғамбарларға періште арқылы оқытып, кейбіріне жазулы күйінде, ал кейбірлеріне періштесіз есіттіру арқылы түсірді. Бұл кітаптардың барлығы Алла Тағаланың сөзі болып табылады. Бұл сөздер бастаусыз жəне мəңгі, махлұқ емес. Бұл сөздер періштелердің немесе пайғамбарлардың өз сөздері емес. Алла Тағала түсірген кітаптарының барлығы хақ жəне дұрыс.

Құран кəрім барлық кітаптарды нəсх еткен, олардың үкімдерін жойған. Құран кəрімде қияметке дейін ешқашан қате, ұмытылу, көбею, нұқсан деген нəрселер болмайды. Құран кəрімде өткендегі жəне болашақтағы барлық ілімдер бар. Сондықтан ол барлық кітаптардың ішіндегі ең құндысы жəне ең үстемі. Расулулла алейһиссаламның ең үлкен мұғжизасы – Құран кəрім болып табылады. Барлық адамдар мен жындар жиналып, Құран кəрімнің ең қысқа сүресіндей бір сөз айтуға тырысса да, ондай сөзді ешқашан айта алмайды. Сəмəуи (аспаннан түсірілген) кітаптардың бізге білдірілгенінің саны жүз төрт. Бұлардан он сухуф Адам алейһиссаламға, елу сухуф Шис (Шит) алейһиссаламға, отыз сухуф Идрис алейһиссаламға, он сухуф Ибраһим алейһиссаламға түсірілгендігі белгілі. Тəурат Мұса алейһиссаламға, Зəбур Дəуіт алейһиссаламға, Інжіл Иса алейһиссаламға жəне Құран кəрім Мұхаммед алейһиссаламға түсірілген.

Сену керек болған шарттардың төртіншісі – Алла Тағаланың пайғамбарларына сену. Пайғамбарлар адамдарды Алла Тағаланың қалаған жолына қауыштыру, тура жолды көрсету үшін жіберілген. Жаратылысы, мінез, ілім жəне ақыл тұрғысынан пайғамбарлар өз дəуірлеріндегі барлық адамнан үстем, құрметті, қадірлі болған. Олардың ешқандай жаман мінез-құлқы, ұнамсыз қылықтары болмаған. Пайғамбарларда исмет деген қасиет болады. Яғни, олар пайғамбар екендігі білдірілместен бұрын жəне білдірілгеннен кейін де ешқандай үлкен немесе кішкентай күнə істемейді. Пайғамбар екендігі білдірілгеннен кейін, пайғамбар екендігі жайылып, жан-жаққа белгілі болғанға дейін оларда соқыр, керең жəне сол сияқты басқа кемшіліктер болмайды. Əр пайғамбарда мына жеті сипаттың болатындығына сену керек: Аманат (аманатқа қиянат жасамау), сыдқ (шыншыл болу), таблиғ (уағыздаушы), адалет (əділдік), исмет (күнəсіз), фəтанат (ақылдылық) жəне əмнул-азл (пайғамбарлықтан босатылмайды). Жаңа дін əкелген пайғамбар Расул деп аталады. Жаңа дін əкелмей, адамдарды алдындағы дінге шақыратын пайғамбар Нəби деп аталады. Бұйрықтарды уағыздауда жəне адамдарды Алла Тағаланың дініне шақыруда расул мен нəбидің арасында айырмашылық болмайды. Пайғамбарларға сену – оларды бір-бірінен ажыратып отырмай барлығының сенімді, шыншыл екендігіне сену дегенді білдіреді. Олардың біріне сенбеген адам барлығына сенбеген болады. Пайғамбарлыққа еңбектену, ашығу, қиыншылық көру жəне көп ғибадат жасау арқылы қол жеткізілмейді. Тек Алла Тағаланың ихсанымен, таңдауымен болады. Адамдардың дүние мен ахиреттегі істерінің жүйелі жəне пайдалы болуы үшін жəне оларды зиянды істерден қорғап, саламатқа (тура жолға), хидаятқа, бақытқа қауыштыру үшін пайғамбарлар арқылы діндер жіберілген. Пайғамбарлар дұшпандарының көп болғанына, айтқандарына сенбей оларды мазақ еткендеріне, ренжіткендеріне қарамай, Алла Тағаланың бұйрықтарын адамдарға білдіруде, уағыздауда дұшпандарынан қорықпаған. Алла Тағала пайғамбарлардың сыдқ иесі екендіктерін, айтқандарының дұрыс екендігін көрсету үшін оларды мұғжизалармен қуаттандырған. Ешкім бұл мұғжизаларға қарсы келе алмады. Пайғамбарды қабылдап, оған сенген адам сол пайғамбардың үмметі деп аталады. Қиямет күні пайғамбарларға өз үмметтерінен күнəсі көп болғандарға шапағат етулеріне рұқсат беріледі жəне шапағаттары қабыл болады. Үмметтерінен ғұлама, салих, əулие болғандарына да шапағат етуге Алла Тағаланың рұқсат береді жəне олардың шапағатын Алла Тағала қабыл етеді. Пайғамбарлар алейһимуссалауату уəттаслимат қабірлерінде біз білмейтін тəрізде өмір сүруде. Мүбəрəк денелерін топырақ шірітпейді. Сондықтан да хадис шəрифте “Пайғамбарлар қабірлерінде намаз оқиды” делінген. Пайғамбарлардың алейһимуссалам мүбəрəк көздері ұйқыда болғанда, олардың көңіл көздері ұйықтамайды. Пайғамбарлық міндеттерін атқаруда, пайғамбарлық үстемдікті алып жүруде барлық пайғамбарлар бірдей. Жоғарыда айтылған жеті сипат олардың барлығында бар. Пайғамбарлар пайғамбарлық міндетінен ешқашан босатылмайды. Əулиелер əулиелігін жоғалтуы мүмкін. Пайғамбарлар алеһимуссалауату уəттаслимат адамдардан болады. Жындардан, періштелерден жəне əйелдерден адамдарға пайғамбар болмайды. Жын мен періштелер пайғамбарлардың дəрежесіне дейін көтеріле алмайды. Пайғамбарлардың бір-бірінен ерекшеліктері, үстемдіктері бар. Мысалы, үмметтерінің көп болуы, жіберілген елінің үлкен болуы, ілімінің көп болуы, ілімінің кең аймаққа таралуы, мұғжизаларының көп жəне үздіксіз болуы жəне өзіне берілген ихсандардың көп болуы тұрғысынан ақыр заман пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам барлық пайғамбарлардан жоғары тұрады. Улул-азм пайғамбарлар басқа пайғамбарлардан, расулдар нəбилерден жоғары тұрады. Пайғамбарлардың алейһимуссалам саны белгісіз. Жүз жиырма төрт мыңнан көп екендігі айтылады. Олардың үш жүз он үш немесе үш жүз он бесі расул. Олардың ішінде алтауы қалғандарынан жоғары тұрады. Олар Улул-азм пайғамбарлар деп аталады. Улулазм пайғамбарлар: Адам, Нұх, Ибраһим, Мұса, Иса жəне Мұхаммед Мұстафа «алейһимуссалауату уəссəллəм». Ибраһим алейһиссалам Халилуллаһ болып саналады. Өйткені, оның жүрегінде Алла Тағаланың сүйіспеншілігінен басқа ешқандай махлұқтың сүйіспеншілігі жоқ. Мұса алейһиссалам Кəлимуллаһ болып табылады. Өйткені, ол Алла Тағала сөйлесті. Иса алейһиссалам Рухуллаһ жəне Кəлиметуллаһ болып табылады. Өйткені, оның əкесі жоқ. Тек «Бол» деген Алла Тағаланың сөзі арқылы анасынан дүниеге келді. Бұдан басқа Алла Тағаланың даналыққа толы сөздерін уағыздап, оларды адамдарға жеткізді. Барлық жаратылыстың жаратылуына себеп болған жəне адамзат баласының ең үстемі, ең құрметтісі, ең құндысы болған Мұхаммед алейһиссалам Хабибуллаһ болып табылады. Оның Хабибуллаһ екенін жəне үстемдігін көрсететін нəрселер өте көп. Сондықтан да оған «Жеңіліске ұшырау», «Күйреу» деген сияқты сөздер қолданылмайды. Мұхаммед алейһиссалам қияметте ең бірінші болып қабірден тұрады (тіріледі). Жаннатқа барлығынан бұрын кіреді. Көркем мінезін, ахлағын айтып тауысу мүмкін емес жəне оны айтып жеткізуге адамның тіл байлығы жетпейді. Қиямет күні барлық пайғамбарлар оның туының астын көлеңкелейді. Алла Тағала əрбір пайғамбарға «Жаратқандарымның ішіндегі жақсы көріп, таңдаған, хабибім Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар болған кезеңіне жетсеңдер оған иман келтіріп, көмек беріңдер» деп бұйырды. Барлық пайғамбарлар да үмметтеріне осыны өсиет етіп, бұйырды. Мұхаммед алейһиссалам Хатəм-ул əнбия, яғни одан кейін ешқандай пайғамбар келмейді.

Иман етілуі керек болған шарттардың бесіншісі – ахирет күніне сену. Ахирет адамның өлген күнінен басталады. Қияметтің соңына дейін жалғасады. Қияметтің қашан болатыны білдірілген жоқ, оның уақытын ешкім біле алмады. Бірақ, пайғамбарымыз қияметтің біраз белгілерін былай хабарлады: Хазреті Мəхди келеді, Иса алейһиссалам көктен Шамға түседі, Дəжжал шығады, Йəжуж Мəжуж дегендер барлық нəрсені астан-кестің етеді. Күн батыстан шығады. Үлкен зілзалалар болады. Дін ілімдері ұмытылады. Жамандық көбейеді. Дінсіз, ахлақсыз, намыссыз адамдар ел басқарады. Олар Алла Тағаланың бұйрықтарына тыйым салады. Барлық жерді харам істер қаптайды. Йеменнен бір от шығады, көктер мен таулар бөлшектенеді, күн мен ай тұтылады. Теңіздер араласып, қайнап, кеуіп кетеді. Күнə істейтін мұсылмандар фасық деп аталады. Фасықтар мен барлық кəпірлер қабірде азапқа тартылады. Бұларға сену қажет. Мəйіт қабірге қойылғаннан кейін біз білмейтін түрде тіріліп, рахаттық немесе азап шегеді. Мүнкəр жəне Нəкир деген екі періштенің беймəлім қорқынышты түрде қабірге келіп, сұрақ сұрайтынын хадис шəрифтер айқын көрсетеді. Қабір сұрақтары кейбір ғалымдардың айтуынша кейбір сенім мəселелерінен болады, ендігі бір ғұламалардың айтуынша тұтас сенімнен болады. Сондықтан балаларға «Раббың кім? Дінің не? Кімнің үмметісің? Кітабың не? Қыблаң қайда? Сенім мен амалдағы мазһабың қандай?» деген сұрақтардың жауабын үйретуіміз керек. Əһли сүннет болмаған адамның дұрыс жауап бере алмайтындығы «Тəзкирə-и Қуртуби» кітабында жазылған. Жақсы жауап бергендердің қабірі кеңейіп, оған жаннаттан бір терезе ашылады. Таңертең жəне кешке жаннаттағы орнын көріп, періштелер тарапынан жақсы нəрселерге ие болады, сүйіншілер беріледі. Дұрыс жауап бере алмаса темір тоқпақтармен қатты ұрылатындығы соншалық, оның бақырған даусын адам мен жыннан басқа барлық нəрсе естиді. Қабірі тарылатындығы соншалық сүйектері сығылады. Оған жаһаннамнан бір терезе ашылып, тозақтағы орнын көріп, қабірден махшарға дейін ащы азап тартады. Өлгеннен кейін қайтадан тірілуге сену керек. Сүйек пен ет шіріп, топырақ пен газға айналғаннан кейін барлығы қайтадан жиналып, рух тəнге кіріп, барлық адам қабірлерінен тұрады. Сондықтан, ол уақыт қиямет күні деп аталады. Барлық жанды болмыстар Махшар алаңына жиналады. Əрбір адамның амал дəптері өздеріне ұшып келеді. Бұларды жер мен көкті жаратқан құдіреті шексіз Алла Тағала жүзеге асырады. Бұлардың болатынын Алла Тағаланың Расулы (саллаллаһу алейһи уə сəллəм) хабарлаған. Оның айтқандары əрине дұрыс. Олардың барлығы орындалады. Салих, жақсы адамдардың амал дəптерлері оң жағынан, фасықтардың, жаман адамдардың дəптерлері сол жағынан немесе арқасынан беріледі. Жақсы, жаман, үлкен, кіші, ашық, жасырын жасалған барлық нəрсе дəптерде жазулы болады. Кирамəн катибин періштелері білмеген нəрселері ағзаның көрсетуімен немесе Алла Тағаланың білдіруімен белгілі болады, барлық нəрседен сұрақ-жауап болады. Махшарда Алла Тағаланың қалаған əрбір жасырын нəрсе айқындалады. Періштелерден: «Жерде, көкте не істедіңдер?», пайғамбарлардан: «Алла Тағаланың үкімдерін құлдарға қалай жеткіздіңдер?», адамдардан: «Пайғамбарларға қалай бағындыңдар, сендерге білдірілген міндеттеріңді қалай орындадыңдар? Бір-біріңнің құқықтарыңды қалай қорғадыңдар?» деп сұралады. Махшарда иманы болып, амалы мен мінезі жақсы адамдар сыйға бөленеді, жаман мінезді, бұзық амалды адамдарға ауыр жазалар беріледі. Алла Тағала əділдігімен кейбір кіші күнəлар үшін де ауыр азаптар береді, қалаған мүминдерінің үлкен жəне кіші барлық күнəларын ихсанымен кешіреді. Шірктен, күпірліктен басқа барлық күнəні қаласа кешіреді, қаласа кіші күнəларға да ауыр азаптар береді. Мүшрік жəне кəпір болып өлгендердi еш кешірмейтінін білдірген. Кітабы бар жəне кітапсыз кəпірлер, яғни Мұхаммед алейһиссаламның барлық адамдардың пайғамбары екендігіне сенбеген, оның білдірген үкімдерін, яғни бұйрықтар мен тыйымдарды елемегендер сол қалпында өлетін болса, əрине жаһаннамға барып, мəңгі азап тартады. Қиямет күнінде істерді, амалдарды өлшеу үшін біз білмейтін бір мизан, өлшем құралы, таразы болады. Ол таразының бір бетіне жер мен көк сияды. Сауап беті жарық болады, ол Арштың оң жағында, жаннат жақта болады. Күнə тарапы Арштың сол жағында, жаһаннам жақта, қараңғыда болады. Ол кезде дүниеде жасалған істер, айтылған сөздер, пікірлер, көзқарастар бір пішін алып, жақсылықтар жарқырап, жамандықтар қараңғы жəне жиіркенішті болып, осы таразыда тартылады. Бұл таразы дүниедегі таразыларға ұқсамайды. Ауыр жағы жоғары шығады, жеңіл жағы төмен түседі делінген. Ғұламалардың біразының айтуы бойынша əр түрлі таразылар болады. Сырат көпірі болады. Сырат көпірі Алла Тағаланың бұйрығымен жаһаннамның үстіне құрылады. Барлық адамға осы көпірден өту бұйырылады. Ол күні барлық пайғамбарлар: «Йа, Раббым! Саламат бере-гөр» деп жалбарынады. Жаннаттықтар көпірден оңай өтіп, жаннатқа кіреді. Бұлардан біразы найзағай сияқты, ендігі біразы жаңбыр сияқты, тағы бір бөлігі шапқыр ат сияқты өтеді. Сырат көпірі қылдан жіңішке, қылыштан өткір болады. Дүниеде Исламға мойынсұну да осындай, сырат көпірінен өту сияқты. Ислам дініне толық мойынсұнуға тырысу – сырат көпірінен өту сияқты. Дүниеде нəпісімен күрескендер ол жерде сыраттан оңай өтеді. Сол үшін де Алла Тағала Ислам дінінің көрсеткен тура жолын «Сират-ы мустақим» деп атады. Бұл атаудың ұқсастығы да Исламның жолында болудың сырат көпірінен өту сияқты екендігін көрсетеді. Жаһаннамдықтар сыраттан өте алмай, жаһаннамға түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (саллаллаһу алейһи уə сəллəм) тəн Кəусар деген хауыз бар. Үлкендігі бір айлық жол шамасында. Суы сүттен ақ, иісі хош иісті. Айналасындағы кеселердің саны жұлдыздардан көп. Одан бір рет ішкен адам жаһаннамда болса да ешқашан шөлдемейді. Шапағат – хақ. Тəубесіз өлген мұсылмандардың кіші жəне үлкен күнəларының кешірілуі үшін пайғамбарлар, əулиелер, салих адамдар, періштелер жəне Алла Тағала рұқсат берген адамдар шапағат етеді жəне шапағаттары қабыл болады. Жаннат пен жаһаннам қазір бар. Жаннат жеті қабат көктің үстінде. Жаһаннам барлық болмыстың астында. Сегіз жаннат, жеті жаһаннам бар. Жаннат жер шарынан, күннен жəне көктерден үлкен. Жаһаннам да күннен үлкен.

Иман етілуі қажет болған алтыншы шарт – тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алла Тағаладан екеніне сену. Адамдарға келетін жақсылық пен жамандық, пайда мен зиян, табыс пен шығындардың барлығы Алла Тағаланың жазмышымен жүзеге асады. Алла Тағаланың бір нəрсенің болмысын қалауы тағдыр деп аталады. Тағдырдың, яғни болмысы қаланған нəрсенің бар болуы қаза деп аталады. Тағдыр мен қаза сөздері бір-бірінің орнына қолданыла береді. Барлық жануарлардың, өсімдіктердің, жансыз нəрселердің, қатты заттардың сұйықтықтардың, газдардың, жұлдыздардың, молекулалардың, атомдардың, электрондардың, электро-магниттік толқындардың, қысқасы, барлық нəрсенің əрекеті, физикалық құбылыстар, химиялық реакциялар, энергиялардың алмасуы, жандылардағы физиологиялық іс-əрекет, барлық нəрсенің болыпболмауы, құлдардың жақсы жəне жаман əрекеттері, дүние мен ахиретте олардың жазаларын тартуы жəне барлық нəрсе Алла Тағаланың ілімінде əзелден (басы жоқ ежелден) бар еді. Əзелден мəңгіге дейін болатын заттарды, қасиеттерді, əрекеттерді, оқиғаларды əзелде білгені бойынша жаратуда. Адамдардың жақсы, жаман барлық істерін, мұсылман болуларын, күпірліктерін, қалап, қаламай істеген барлық істерін Алла Тағаланы жаратуда. Жаратушы тек қана Ол. Себептер туындатқан нəрселерді жарататын Ол. Ол барлық нəрсені бір себеппен жаратуда.

материал «Хазреті Мұхаммед алейһиссаламның өмірі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: