22
Жұма,
Қараша

һижри

Тақуалық – адамдардың артықшылық белгісі

Тақуалық – адамдардың артықшылық белгісі

Иман келтіру

Тақуалық – Алла Тағаланың бұйрығын орындап, Ол тыйым салған ісамалдардан бас тарту арқылы Оның жазасынан аман қалуға ұмтылу.

Алла Тағала адамдарға оның кім болғанына немесе байлығына қарай емес, оның тақуалығына және бойсұнуына қарай құрмет көрсетеді. Өмірде адамдар біреулерді оның бұл дүниедегі үлесінің аздығы мен әлсіздігі үшін менсінбейтін кездер кездесіп жатады, Алла Тағала бұларды адамдардың алдамшы биік дәрежелері немесе басып алған билігі яки харам байлығы үшін құрмет тұтқан адамынан гөрі көбірек бағалауы мүмкін. Адамдар Алла Тағаланың алдында шыққан тегі, кескін-келбеті, терісінің ақ-қаралығына немесе байлығына қарай емес, істеген амалдары мен тақуалық дәрежелеріне сай ерекшеленеді. Алла Тағала: «Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың», – деген.
Бір күні Пайғамбардан (с.а.с.) (адамдар): «Қандай адамдар ең ардақты?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Алла Тағаланың алдында ең тақуаларың», – депті.
Тақуалықтың мекені – жүрек. Алла Тағала: «Кім Алланың белгілерін ұлықтаса, күдіксіз, ол – жүректің тақуалығынан», – деді. Пайғамбар (с.а.с.): «Шынында, Алла сендердің денелеріңе де, кескін-келбеттеріңе де қарамайды, бірақ ол сендердің жүректеріңе назар салады», – деп өз көкірегін нұсқаған.
Бірақ тақуалық жүректе болса, демек, оның хақиқи мәні мен мағынасы туралы Алладан басқа ешкім білмейді. Ендеше сыртқы амалдарды орындау арқылы тақуалыққа жету мүмкін емес. Тақуалық – адамның Алла Тағаланың алдындағы ұлы қорқынышты сезінуі арқылы ғана және Алла Тағала өзін бақылап тұрғандығын білуі арқылы ғана жететін дәреже.
Мұндағы Алла Тағаланың бақылауы – Оның жүректерде жасырынған және сыртқы көріністерге ешқандай қатысы болмаған ізгі амалдар мен істелген зұлымдықтарға сәйкес сый мен жаза беруі. Демек, сырт келбеті әдемі немесе байлығы бар яки билік басындағы жоғары дәрежеге ие болған адамдар бұл дүниеде тақуалықтан мүлдем мақрұм қалуы ықтимал. Керісінше, бұл айтылғандардың ешқайсысына ие емес адамның жүрегі тақуалыққа толы болуы, ал өзі Алла Тағаланың алдында басқаларға қарағанда жоғары дәрежені иеленуі мүмкін. Көпшілік жағдайларда дәл осылай болады. Адамды жек көру осы себептен үлкен күнә болып саналады. Өйткені бұл адамдардың бір-бірінен артық түсу өлшемінің бұзылуы, сыртқы көріністерге қарап бағалау арқылы туындайтын үлкен әділетсіздік және осы арқылы адамдар дәрежесін айқындайтын тақуалықты шетке ысыру болып табылады.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: