22
Жұма,
Қараша

һижри

Жүректің тасқа айналу себептері

Жүректің тасқа айналу себептері

Иман келтіру

Жүректің тасқа айналу себептері көп және олар алуан түрлі. Бұлардың барлығы біріненбірі қауіпті. Жүректің қатаюына жағдай жасайтын себептер артқан сайын жүрек тасқа айнала бастайды. Олардың ең маңыздылары:

1. Жүректің дүниеге беріліп оған жақын тұруы және Ақыреттің ұмыт қалуы. Бұл – жүректі тасқа айналдыратын себептердің ең қауіптісі. Расында да дүние сүйіспеншілігі Ақырет өмірінің махаббатынан асып кететін болса, онда жүрек дүниеге беріледі. Бұл өз кезегінде бірте-бірте иманды әлсіретеді, нәтижесінде

Аллаға құлшылық жасау әрекеті салқын және жалықтыратын амалға көшеді. Жүрек ләззат пен рақатты дүниеден тауып, тіпті Ақыретті ұмытады немесе соған жақындайды. Бұл нәрсеге бойұрған адам құмар мен ләззатқа беріліп, өз кезегінде өмір үшін қауіпті екенін естен шығарады, шексіз арманға ілесіп кете барады. Сондықтан осы кесапат бәлелердің бір адамның бойында шоғырлануы оны құрдымға түсіреді. Дүние қызығы ағаш бұтақтары тәріздес көп. Жүрек сол бұтақтардың біріне жақындап тұрақтайды, кейін бұтақтың басқасына жайылады. Сөйтіп Алладан алыстап кеткенше жалғасады.

Күмәнсіз көкірегінде мұндай жүрегі бар пенде Раббысын ұлықтауды ұмытып, керісінше дүниені мадақтап құрметке бөлейді. Осылайша ұлықтауға тұрмайтын нәрсеге тағзым жасайды. Шынайы ұлық мәртебе мен құрметке лайық нәрсеге бейқамдық танытады. Сол себепті ол адамзаттың ауыр жазасын тартады.

Көне көз қариялардың бірі: «Кез келген құлдың дүние қамын көруі үшін жүзінде орналасқан екі көзі бар. Сол сияқты Ақырет тіршілігін көруі үшін екі көзі жүрегінде орналасқан. Алла Өзінің игілік жасағысы келген пендесінің жүректегі екі көзін ашады. Соның арқасында ол Алланың  берген ғайыптағы уәдесін тамашалайды. Ал егер Алла пендесіне жамандық қаласа, онда оны сол қалпында (әдеттегі екі көзімен) қалдырады», – деп айтқан, сонан соң Алла Тағаланың: «...немесе олардың жүректері құлыптаулы», – деген аятын оқыған (Мұхаммед, 24).

2. Жүректің тас болуына жағдай жасайтын келесі себеп – бейқамдылық. Бейқамдылық – өмірге қауіпті дерт. Егер бұл кесапат жүректі жаулап, жанды мекен етіп алса, онда ол қатерлі ауру болғаны.Жүрек дертінің бұл түрі дене мен оның мүшелеріне әсер етіп, тура жолдың барлық қақпаларының жабылуына, жүрекке таңба басылуына мұрындық болады: «Міне, бұлар сондай; Алла олардың жүректерін, құлақтарын және көздерін бекітіп қойған. Олар бұған мүлде бейқам. Сөз жоқ! Олар Ақыретте зиян тартушылар» (Нахл, 108-109).

Ғұламалар басым көпшілік мінездің халін сипаттап: «Кімде-кім мінез-құлықтың халі жайында ойланып, ой қорытқан болса, онда сөзсіз олардың Алла Тағаланы зікір қылуда немқұрайлық танытқан, нәпсінің жетегіне ерген, жасаған амалдары мен игі істері зая кеткен, яғни өздеріне сауап болып тиетін пайдаларына ұқыпсыз қараған, бүгін немесе ертең зиянын тигізетін нәрсемен шұғылданған басым көпшілік мінездің аз бөлігінің бір бөлігін ғана бұлай жасамағанын көресіз», – деп айтқан.

Алла Тағала бойын бейқамдылық билеген адамдар туралы хабар бергенде олардың жүректері жібімейтін, жұмсармайтын тасжүрек болатындарын ескерткен. Оған айтқан уағыз-насихат пайда бермейді, себебі, ол тас сияқты тіпті одан да қатты деген.

Немқұрайлы адам көздерімен әр нәрсенің тек сыртқы көрінісімен шектеліп, оның ақиқатын көрмейді және пайдасы мен зиянның арасын ажыратпайды. Ол адам өтірік айту, келеке қылу, ғайбат сөйлеу, бұзықтық жасау немесе ән салу сияқты харам нәрселерді естиді. Ал Құран мен Алла елшісінің (с.а.с.) сөздерін ұғып пайда алғысы келмейді. Сондықтан бұл сияқты адамдарда дұрыс бағыт пен һидаят жолы қайдан болсын? Алла Тағала Құранда бұларды: «Рас тозақ үшін де көптеген жындар мен адамдарды жараттық. Олардың жүректері бар, алайда, олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді және олардың құлақтары бар, бірақ ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті, одан әрі адасуда. Міне, солар нағыз бейқамсыздар», – деп сипаттаған (Ағраф, 179).

3. Тасжүрек болуға ықпал ететін келесі себеп – жаман адамдармен достасу және бұзық ортада жүру. Бұл жүректің тас болуына көп ықпал жасайтын себептердің бірі. Себебі, адам өзін қоршаған ортаның әсеріне тез беріледі, еліктегіш келеді. Айқай-шу, бұзақылық жасау мен Алланың тыйған харам нәрселерінің ортасында өмір сүрген адамның жүрегі жылдам тасқа айналады. Сондай-ақ ол кісінің естіген әңгімесі қыз-келіншек, сондай-ақ ләззаттық, құмарлық жайында өрбіп, үнемі әзіл мен күлкіні, келекені әдет қылған адамдардың қасында жүретін болса, онда жүрек науқастығы жазылмас дерт құшағында қалады. Көркем фильмдер мен сериалдарды қызықтап, музыканы көп тыңдаудың әсері кісінің мінезін бірте-бірте өзгертіп, оның жүрегін қарайтады, нәтижеде, жоғарыда аталған жайттардың барлығы оның күнделікті тіршілігіне айналады.

4. Жүректі тас ететін негізгі себептердің келесі түрі – шариғаттың тыйған нәрселерін және бұзақылықты жиі жасап, оны үйреншікті дағды ретінде бойға сіңіру. Жасалған бұзақылық зардабы жағынан болмашы болса да өзінен кейінгі бұзақылыққа жол ашады. Оның қатерлігіне немқұрайлық танытып көңіл бөлмеудің салдарынан ол жасырын түрде бірінің соңынан бірі жүріп отырып, жүрекке өрмелейді. Тіпті олардың онда қалай келгенін білмей де қалады. Жүректің бұзақылыққа үйренгені сонша, оларды бірбірінен ажыратуға шарасыздық танытып, Аллаға және Оның құдіретіне тағзым етуіне кедергі келтіреді. Сонымен бірге жүректің Аллаға, Ақырет күніне ой-жүгіртуі де әлсірейді немесе тоқтауға шақ қалады. Бұл дертке шалдыққан жүрек Аллаға жақындайтын қадам жасамайды. Өйткені күнә ізгілік көрсетушіге тосқауыл қояды және талаптанушының бағытын теріс бұрады. Осыны ескерген Алла елшісі (с.а.с.): «Пенде бір күнә жасаса, онда оның жүрегіне қара дақ түседі. Егер ол күнә жасауды тоқтатып, тәубе жасап, кешірім сұраса, онда оның жүрегі тазаланады. Егер күнәға қайта оралып, оны істеуді көбейтсе, жүрегін қара дақ жаулап алады. Жүректегі дақ Алла Тағаланың: «Жоқ, бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты» (Мутаффифин, 14), – деп айтқан аяттағы таты», – деген (әт-Тирмизи, Ахмад).

5. Жүректің тас болу себептерінің келесі түрі – өлім, өлім аузындағы халді және қабірдегі жағдайларды естен шығару. Өлімді, қабірдегі жағдайды, олардың азаптары мен марапаттарын, амал дәптерінің беріліп жария қылынуын, қыл көпірден өтетін сәтті ұмыту жүректің тасқа айналуына себеп туғызады. Ақыреттегі тозақ отын ұмытып, Алла Тағаланың уәде еткен азаптарын да естен шығарады, сөйтіп тасжүрекке айналады.

6. Тасжүрек болуға ықпал ететін жағдайдың келесісі – жүректі қатыгез ететін және бұзатын нәрсемен шұғылдану. Ғұламалар жүректі бұзатын бес нәрсені атап көрсеткен. Олар: еркек пен әйелдердің бір-бірімен көп араласуы; шексіз арманға берілу; Алладан басқа нәрсеге ден қою; қомағайлық және ұйқыны сүю (көп ұйықтау).

материал «Жүрек неге тасқа айналады?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: