Қабылданбайтын амалдар:
Амалдар шариғат заңдарының шеңберінен шығып кетсе және оған қайшы бағытта болса анық адасушылық болып табылады. Мұндай жағдайда әрбір мұсылман оны негізсіз, жалған амал деп танып, теріске шығаруға міндетті. Шариғатта негізі жоқ, жалған іс-амалдар екіге бөлінеді: құлшылықтар және адамдардың өзара қарым-қатынастары.
а) Құлшылық-ғибадаттар. Алла Тағала мен Пайғамбардың (с.а.с.) үкімдеріне сәйкес келмейтін құлшылықтардың барлығы өз иесіне қайтарылады. Бұл Алла Тағаланың мына сөзінің аясына кіреді: «Немесе олар үшін діннен Алла рұқсат етпеген амалдарды шариғат қылып берген ортақтары бар ма?» Мұндай жалған құлшылықтарға адам баласының Алла Тағалаға жақындау барысында жаңадан ойлап шығарған ән тыңдау, билеу немесе бөгде әйелдермен араласып отыру арқылы жасаған амалдары жатады. Мұндай амалдарды жасаушылар мен Алла Тағала ақиқат жолына еруден жанарларын соқыр етіп, шайтанның жолдарына ергендер өздерінің ойдан шығарған пікірлері мен адасушылықтары арқылы Алла Тағалаға жақындайтындықтарын алға тартады. Олар бұл жалған іс-амалдарында, құлшылықтарында шариғатта көрсетілмеген жаңа көріністер енгізген араб мүшріктері сияқты. Аса Құдіретті де Ұлы Аллаһ бұлар туралы: «Олардың Қағба жанындағы намазы ысқыру, қол шапалақтау ғана еді», – деп баяндайды.
Олардың кейбіреулері «құлшылық кезінде Алла Тағалаға жақындауға мүмкіндік беретін амалдар қандай да бір абсолюттік сипатқа ие» деп ойлайтын еді. Бұған мысал ретінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында бір адам шыжыған ыстық күннің астында тұрып, не отырмай, не көлеңкеге бармай ораза тұтуға ант еткенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған отыруға және көлеңкеге баруға, сондай-ақ оразасын соңына жеткізуге бұйырғанын келтіруге болады.
Фиқһ кітаптарында Исламдағы ғибадат түрлеріне қатысты заңдар мен нұсқаулар толық баяндалады. Сонымен қатар ол еңбектерде Алла Тағала заңдастырған ғибадат түрлеріне әлдене қосылған немесе керісінше олардан азайтылған жағдайда ғибадат түрлерінің қайсысы жарамсыз деп табылатыны және теріске шығарылатыны көрсетіледі.
ә) Адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар. Өзара келісімшарт жасау және ол келісімшартты бұзу туралы т.с.с. Бұл істердің шариғатқа бүтіндей қарсы келетіндері жоққа шығарылып, теріс деп табылады. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде бір уақиға болған-ды. Бірде Пайғамбарымызға (с.а.с.) бір адам келіп, зина жасаған адамға берілетін жазаны (хадд) мал-дүние және мүлік арқылы құтылумен алмастыруды ұсынғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оның сөздерін бірден теріске шығарып, ұсынысын жарамсыз деп жариялаған. Хадисте: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір кісі келіп: «Менің ұлым пәленшенің үйінде жұмыс істеп жүріп, оның әйелімен зина жасап қойып еді. Мен төлем ретінде жүз қой және бір құл беріп, оның күнәсін жудым», – деп айтады. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) оған: «Ол жүз қой мен құл саған қайтарылады. Ал балаңа жүз дүре соғылады және бір жылға жер аударылады», – дейді», – делінген.
Сол сияқты шариғат тыйым салған әрбір келісімшарт немесе келісімшарт түзушілер оның негіздерінің не қажетті шарттарының бірін бұзған жағдайда, бұл қабылданбайтын және жалған келісімшарт саналады. Бұл туралы фиқһ кітаптарында кеңінен баяндалады.
3. Қабылданатын амалдар:
Шариғат үкімдеріне қайшы келмегені өз алдына, керісінше оның ережелері мен дәлел көздері арқылы мақұлданатын жаңалықтар болады. Мұндай амалдар өз иесіне қайтарылмайды және олар жарамды деп танылып, мақтауға лайықтанады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары мұндай істерді көп істеген және бұлардың пайдалануға рұқсат етілетіндігіне бірауыздан келіскен. Мұның жарқын мысалдарына: Әбу Бәкір Сыддықтың (Алла оған разы болсын) басшылығы кезінде Құранды жинауын, Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын) тұсында сол жинақтан Құранның бірнеше көшірмесін жасап, әр кітапты қарилар (хафиздер) арқылы халифаттың негізгі орталықтарына таратқанын келтірудің өзі жеткілікті.
Сондай-ақ грамматика, мұрагерлік құқық, арифметика, Құран түсіндірмелері, иснадтарды және хадис мәтіндерін зерттеу және де басқа шариғат заңдарының негіздерін дайындауға жәрдемдесетін түрлі теориялық ғылымдар саласында немесе адамдардың өмірін жеңілдететін, оларды қуаттандырып, жер бетін гүлдендіруге мүмкіндік беретін, Алла Тағаланың шариғатын нығайтып, Ол түсіргеннің негізінде шешім шығаруға қызмет ететін пайдалы тәжірибелік ғылымдар саласында еңбектер жазылғанын да айтуға болады.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz