Алла Тағаланы танып-білудің, Оның мейір-шапағатына жетудің, Қиямет күні Оған жақын болудың бірден бір жолы – білім.
Алла Тағаланың елшілері мен кітаптары біз үшін бір жарық нұр, сол нұрдың жәрдемімен надандық түнегінен тура жол табуға, барлық күмәнді істер мен жаңсақ түсініктерден арылуға болады. Алла Тағала: «Расында, сендерге Алладан бір нұр және анық бір Кітап (Құран) келді. Алла (өзінің) ризалығына үйлескенді Кітап арқылы есендік жолдарына салады және Өз нұсқауымен қараңғылықтардан жарыққа шығарып, тұп-тура жолға салады»; «Енді соған (Мұхаммедке) сенгендер, оған құрмет етіп әрі оған көмек көрсеткендер, сондай-ақ онымен бірге түсірілген нұрға (Құранға) ергендер, міне, солар құтылушылар», – деді.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) іліміне оны іс жүзінде пайдалана білетін нағыз ғұламалар ғана ие бола алады. Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, пайғамбарлар мұраға динар да, дирһам да қалдырған емес, олар өздерінен кейін ғылым ғана қалдырған», – деді. Пайғамбарлар – ақиқаттың айғағы және қоғамды тура жолдан адастырмай дұрыс жолға салатын, түрлі қасірет-қайғы, күйзеліс кезеңдерінде үлгі көрсететін шамшырақтар. Олар бұл қоғамға бақыт пен жеңіс жолын салып берді, үмбетті даңқ пен құрметке және көшбасшы болуға жеткізетін іс-амалдарды сол үмбеттің мүшелеріне түсіндірді. Ендеше, қоғамда ілім барда адамдар тура жолды ұстанудан танбайды және олардың барлық іс-амалдары да тәртіпте, реттілікте болады. Олар мәдениет пен өркениеттің жемістерін пайдаланады, әділдік пен туралықтан айнымайды. Бірақ ілім ғұламалары бар қоғамда ғана сақталады, ғұламалары жойылып кеткен елде теңдік бұзылады, қоғам (үмбет) дұрыс жолдан ауытқып, адасады, бұзықтық пен арсыздық етек алады, өзінен-өзі күйреу мен опат болудың шырмауына түседі. Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, Алла Өз құлдарын ілімнен мақрұм қылу арқылы ілімді жоймайды, бірақ Ол (дүниеден) ғұламаларды алу (әкету) арқылы ілімді алады, ал Ол бір де бір ғұламаны (тірі) қалдырмаса, адамдар (өздеріне) надан басшыларды сайлап алады. Оларға сұрақ береді, ал олар ілімсіз бола тұра шешім шығарады, нәтижесінде өздері жолдан таяды және (басқаларды) адастырады», – деген.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz