22
Жұма,
Қараша

һижри

Алла Тағаланың мейірімділігі мен қамқорлығы

Алла Тағаланың мейірімділігі мен қамқорлығы

Иман келтіру

Аса Құдіретті, Ұлы Алла Өзінің Кітабын оқуға жиналғандарға асқан мейірімділік танытады. Алла Тағала оларға төрт дүркін құрмет көрсетті және осы төрт сыйлықтың әрқайсысы олардың дәреже-жағдайларының Өзінің алдында қаншалықты жоғары екенін, Өзі амалдарын қабыл ететінін және олар аса Қамқор Раббыларының мейірімі мен кешіріміне бөленгенін айғақтайды.

а) «...оларға тыныштық түседі...». Бара ибн Азиб (Алла оған разы болсын): «(Бір күні) бір адам «Кәһф» сүресін оқи бастады. Сол кезде оның ауласында тұрған мініс көлігі (бір нәрседен) үркіп секіре жөнелді, сонан соң оны кенеттен тұман не бұлт секілді нәрсе қоршап алды. Ол осы туралы Пайғамбарға (с.а.с.) айтып еді, ол (с.а.с.): «Оқи бер, ей, пәленше! Ол Құран (оқығанға) қатысты түскен тыныштық», – деді», – деген. Осы тыныштықтың арқасында адамның жүрегі мен жан-дүниесі орнығады, адамның өзі қанағаттану рақатын сезінеді, ал ақыл-парасаты мен ой-қиялы тиянақтылық табады. Алла Тағала: «Сондай иман келтірген әрі жүректері Алланы еске алумен тыныштық табатындар; Естеріңде болсын! Жүректер Алланы еске алумен тынышталады»; «Ал кім Менің ескертуімнен теріс бұрылса, оған тар өмір болады әрі оны Қиямет күні жиналатын орынға соқыр күйде келтіреміз»; «Жүректері Алланы еске алудан қатайғандарға нендей өкініш! Міне, солар ашық адасудағылар», – деді.

ә) «...мейірім-шапағат орап алады...». Бір күні Салман (Алла оған разы болсын) басқа да адамдармен бірге Алла Тағаланы зікір етіп отырғанда, олардың қасынан өтіп бара жатып, Алла елшісі (с.а.с.) (тоқтап): «Не айтқан едіңдер? Расында, сендерге мейірім түсіп тұрғанын көрдім және оның бір бөлігі маған да тиесілі болса игі еді дедім», – деген. Мұсылманға нәсіп болуы мүмкін ұлы істің ең бастысы және мұсылман жететін жақсылықтың ең жақсысы – осы мейірім-шапағат. Ол адамның бұл өмірдегі амалдарының тамаша жемісі болып табылады. Алла Тағала: «(Мұхаммед!) «Олар Алланың кеңшілігіне әрі мейіріміне қуансын. Бұл (Құран) олардың жиған-тергендерінен қайырлы», – де», – деген. Кімге Алланың мейірім-шапағатына жақын тұрса, сол адам шат-шадыман қуанышқа кенеледі, ал аса Құдіретті Алланың Кітабын оқып, бірлесіп үйрену олардың игілік жасаушылардан екендігінің белгісі болмақ. Өйткені Алла Тағала: «Расында, Алланың рақымы игілік жасаушыларға жақын», – деген. Және бұл – олардың Ұлы Жаратқанның жазалауынан құтылатындығы. Алла Тағала: «Мен қалағанымды азабыма ұшыратамын. Ал мейірімім болса әр нәрсені (барлығын) сыйдырады. Мен оны (мейірімімді) таяуда (Өзімнен) қорыққандарға, зекет бергендерге және аяттарымызға иман келтіргендерге жазамын», – деді», – деп айтқан. Ендеше, бұл олардың мүміндер мен Аллаһ тағалаға жақын тақуалар қатарына жататындығы туралы қуанышты хабар болады.

б) «...және оларды періштелер қоршайды...». Усайд ибн Худайр (Алла оған разы болсын) бір күні түнде «Бақара» сүресін оқып отырғанда, қасындағы байлаулы тұрған аты әлденеден үркіп тыпырши бастайды. Ол оқуды тоқтатқан кезде, аты да тынышталады. Ол (тағы да) оқи бастағанда, аты (тағы да) тыпыршиды, ол оқуды тоқтатқан кезде, аты да тынышталады. Ол (тағы да) оқи бастағанда аты (тағы да) мазасызданады. Ол (Құран) оқуды тоқтатады. (Бұл кезде) баласы Яхия ат маңында (ұйықтап жатыр) еді. Усайд оны ат басып кетер ме екен деп қауіптеніп, (баланы алысырақ жерге) жатқызады. Сосын көкке көз салып қарап еді, оны көрмеді. Таңертең (көрген-білгенін түгел) Пайғамбарға (с.а.с.) айтты. Сонда ол (с.а.с.): «Оқы, ей, Ибн Худайр! Оқы, ей, Ибн Худайр!» деді. Усайд: «Уа, Алланың елшісі! Атым оның қасында жатқан Яхияны басып кете ме деп, басымды (Кітаптан) көтердім де, балама келдім. Сонан соң аспанға қарап едім онда майда шамдарға ұқсайтын нәрселері бар ақ перде секілді зат көрдім, сонан соң ол көзден ғайып болды», – деді. (Сонда) Пайғамбар (с.а.с.): «Оның не екенін сен білесің бе?» – деді. (Усайд): «Жоқ, білмеймін», – деді. (Пайғамбар (с.а.с.)): «Олар сенің даусыңа жақын келген періштелер, егер (таң атқанша) оқуды жалғастырғаныңда, онда таңертең адамдар оларды міндетті түрде көрген болар еді және олар адамдардан жасырынбас еді», – деді. Демек, адамдар Құранды неғұрлым көп оқыса, соғұрлым көп періштелер жан-жақтан қоршап алады. Періштелердің адамдарға келуі нені білдіреді және Құран оқылған кезде бірге болып, адамдарды қоршап алуы не нәрсеге жеткізеді? Адамдар періштелермен бірге Құран оқып, үйрену барысында бейбіт өмірде және қауіпсіздікте болады. Періштелердің бірге болуы адамдарды түрлі зұлымдықтардан қорғайды және өздері қаламайтын нәрселердің жетуіне мүмкіндік бермейді. Алла Тағала: «Әркімнің алды-артынан Алланың әмірі бойынша, өкшелеп қорғаушы (періштелер) бар», – деген. Бәлкім, бұл қастерлі істің ең жақсы жемісі періштелер Алланың мұндай құлдары мен олардың аса Құдіретті Жаратушысы арасындағы, Оған Өзін зікір етуші, Оның Кітабын оқып-үйренуші мұсылман-мүміндердің амалдары туралы, олардың жаны Алланың қамқорлығына ұмтылатындығы және Оның ашуы мен жазасынан қорқатыны жайлы хабар жеткізуші, сондай-ақ бұл құтылу мен табысқа жетудің қақпалары әрі Алла Тағаланың кешірімінің себебі болар.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: