22
Жұма,
Қараша

һижри

Сыдық – турашылдық, шынайылық, адалдық

Сыдық – турашылдық, шынайылық, адалдық

Иман келтіру

“Әрдайым туралықты іздеңдер! Туралықта құрдымға бататындарыңды білсеңдер де, сөзсіз онда сендер үшін азаттық бар” (хадис)

«Сыдық» сөзі – шыншылдық, шынайылық, адалдық, туралық деген мағыналарды білдірумен қатар, хақ жолындағы пенденің дүние қумай аталмыш қасиеттерді өмірінің өлшемі ету дегенді білдіреді. Ондай жан әркез Құран аятын басты негізге алады. Құранда Ұлы Жаратушы:
«Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, әрдайым турашылдармен бірге болыңдар (турашылдықты ұстаныңдар)», – дейді. Ар мен ақиқатты жаю жолында адалдық сертінен айнымау, туралықтан таймау – нағыз сыдықтықтың белгісі.

Хадис тілінде мұндай жандар ақыретте «сыддық» (турашыл, адал) деп көрсетілсе, өмірі өтіріктен көз ашпағандар «кәззәп» (өтірікші, суайт) деп жазылмақ. Сыдық – амалдарымыздың рухы мен айнасы. Асылында осы қасиет арқылы мүмін мен мұнафықтың (екіжүздінің) ара-жігі ажыратылады. Бұл – пайғамбар емес пенделердің пайғамбарлық сипаты. Міне, осы сипат мүміндерді ақыретте Ұлы Жаратушымыздың мәртебелі, сыйлы, қалаулы құлдарымен бірге етеді.

Алла елшісі (с.а.с.) қалай сыддық болса, оны алғаш қолдап, қорғаған досы Әбу Бәкір де сондай сыддық еді. Құран бұл жайды: «Ол шындықты алып келді, оны растап қолдағандар – нағыз тақуалар», – деп баяндайды. Сыдық – пайғамбарлардың негізгі сипаты болумен қатар, иман мен ислам жолында, Құран ақиқатын жаю жолында жүргендер үшін, ең күшті қозғаушы күш. Ақырет әлемінде азап пен тозақтан құтылудың басты шарасы. Алла: «Шыншылдарға шындықтарының пайда беретін күні – нағыз осы күн», – деу арқылы бұл дүниеде шыншыл болудың о дүниеде қайтарусыз қалмайтындығын білдіреді.

Туралық – сөз бен істің бір жерден шығуы, жалған айтып құтылып кетуі бек мүмкін қилы сәтке тап болғанда, өзінің әуелгі табиғатынан титтей де айнымауы. Нағыз шыншылдар мен турашылдар мойнына алған іске жан-тәнімен беріліп, ішкі-сыртқы тазалығын сақтай біледі.

Жапан түзде жалғыз қалып, басына қандай күн туса да ішкі ар-иман таразысынан әсте жаңылмайды. Құран аяттары сөз бен іс тұтастығын сақтауды, дүниелік істерімен қоса ішкі ниет-пейілде әрқашан туралықтан айырылмауды нағыз мүмінге жарасымды асыл мақсат-мұрат ретінде көрсетеді. Сыдықтық қасиет пайғамбарларды, муқаррабин (Аллаға жақын аса тақуалы жандар) асфияларды (тура да шыншыл әрі салиқалы тақуа жандар) асқар шыңға жеткізсе, ал жалған мен өтірік шайтан мен оның ізбасарларын құрдымға батырған. Демек, шыншылдық – пайғамбарлар мен олардың артынан ергендерге тән қасиет болса, өтірік сөйлеп, жалған әрекетке бару – екіжүзділік пен күпірлік сипаты.

Әбу Бәкірді де пайғамбарлардан кейінгі ең жоғарғы мәртебеге шығарған шыншылдығы, шынайылығы мен адалдығы. Пайғамбарымыз дінді ең алғаш уағыздай бастағанда, адамдардың бәрі сырт айналып кетіп жатқан қылыштың жүзіндей қысылтаяң кезеңде оған қолдау көрсеткен де осы Әбу Бәкір Сыддық болды. Миғраж оқиғасында да кейбір адамдардың көңілдерінде кірбің туып, екі ойлы болғанда адалдық танытқан, Хұдайбия шайқасында да көптеген кісілер тосылып қалғанда Пайғамбарымыздың жанынан табылып, оны растаған да Әбу Бәкір (р.а.) еді. Сондықтан да ол Пайғамбарымыздың ең сенімді серігіне айналды. Туралық – ақиқат жолы. Алайда, тіршіліктегі ақырғы дәм-тұзы таусылғанша адамның туралықтан ауытқымауы үшін өте күшті ерік-жігер, шынайы ықылас қажет. Мұның қаншалықты қиын екенін Алла елшісі: «Әмір етілгендей тура бол» аятын толыққанды жүзеге асыра білу үшін «мені «Һуд» сүресі қажытты»,– деген. Яғни, Пайғамбарымыз Алланың бұйырғанындай тура өмір сүру үшін өмірінің соңына дейін бүкіл күш-жігерін жұмсаған, сондай-ақ, үмбетіне де осыны үнемі насихаттап отырды. Ол:

“Маған мына алты нәрсе үшін кепілдік беріңдер, мен де сендерге жаннатқа кіруге кепілдік берейін:
– Сөйлегенде шындықты айтыңдар!
– Уәделеріңді орындаңдар!
– Аманатқа сенімді болыңдар!
– Ұятты жерлеріңді сақтаңдар!
– Көздеріңді харамға жұмыңдар!
– Қолдарыңды харамнан аулақ ұстаңдар!”.
Басқа бір хадисінде:
“Күмән туғызар нәрсені тастап (күмәнсіз аймақта ғұмыр кеш). Туралық көңілді хош етіп, жанды рақатқа бөлейді. Жалған көңілді жайсыз етіп, күмән ұялатады”,– дейді. Тағы бір насихатында:
“Әрдайым туралықты іздеңдер! Туралықта құрдымға бататындарыңды білсеңдер де, сөзсіз онда сендер үшін азаттық бар”, – делінген. Басқа бір хадисте:
“Туралықтан айырылмаңдар. Туралық сендерді жақсылыққа, жақсылық жаннатқа апарады. Кісі әрдайым тура болып, туралықты іздесе, Алла әмірімен турашылдардың қатарына жазылады. Жалғаннан сақ болыңдар. Жалғандық адамды күнәға, күнә жаһаннамға апарады. Кісі үнемі жалған сөйлеп, жалғанды іздесе, Алла тағаланың жарлығымен өтірікші кәззаптардың қатарына жазылады”,– деп әмір етеді. Бүгінгі таңда жалғандық пен өтірік сөйлеу қоғамдық өмірдің бүкіл саласына тамыр жайып, адами құндылықтардың аяқ асты етілуіне тікелей себепкер болып отыр. Ал, жалғандық – мұсылмандық сипатқа мүлдем жат. Оған куәлік етудің өзі де – үлкен күнә. Сөзіне ісінің үйлеспеуі мұнафықтық (екіжүзділік) болса, алдау, қиянат жасау ислам шеңберінен шығуға әкеледі.

Ислам құқығында өмірінде бір рет болса да жалған сөйлеген адамның куәлігі қабылданбайды. Хадис ғалымдарының өмірінде бір рет болса да өтірік сөйлеген адамнан хадисті қабылдамауы, исламның шыншылдыққақаншалықты ерекше көңіл бөлгендігінің айқын дәлелі. Шындық пен жалған – иман мен имансыздық сияқты араларында жер мен көктей айырмашылықтары бар бір-біріне кереғар ұғымдар. «Алтын ғасырда» («Бақыт ғасыры» – Пайғамбарымыз бен әділетті халифалар кезеңі) Пайғамбарымыз бен оған ерген саңлақ сахабаларды шыңдардың шыңына шығарған қасиет – олардағы турашылдық, шыншылдығы мен шынайылығы еді. Алайда, уақыт өте келе шындық жалғанмен, шынайылық жылпостықпен араласып кетті.

Адамның мәртебесін өсіріп, жаннаттың төріне жетелер турашылдық жайы сөз болғанда әйгілі сахаба Ка’б ибн Мәликті (р.а.) еске алмау әсте мүмкін емес. Оның турашылдық қасиеті бақытына жол ашты. Ка’б ибн Мәлик – сөзі қылыштай өткір, Ақабаға келіп Алла елшісіне сенім білдіріп серт байласқан, екі дүние шырағы әкелген нұрға бөленген алғашқы мәдиналықтардың бірі еді. Бірақ, толарсақтан қан кештірген Тәбук жорығына тас түйін дайын болғанына қарамастан қатыса алмады.

Ка′бпен бірге тағы екі кісі жорыққа шыға алмады. Алла елшісі (с.а.с.) жорықтан оралған кезде қалып қойған мұнафықтар әр түрлі сылтауды алға тартып жатқанда, Ка′б ибн Мәлик жасырмай шындықты айтты. Бармауына ешқандай себеп жоқ еді. «Үлгерермін» деп жүріп қалып қойған болатын. Пайғамбарымыз сахабаларына Алла тағаладан жарлық келгенге дейін олармен сөйлесуге тыйым салды. Бұл қиын сынақ тура елу күнге созылды. Елу күн болғанда қандай елу күн?!... Олардың сол елу күнде шеккен азабы Құранда былай суреттеледі: «(Алла тағала) артта қалған үш кісінің де тәубелерін қабыл етті. Жер жүзінің кеңдігіне қарамастан, тарылғандай, ар-ождандары өздерін қинаған үстіне қинай түсті. Ақыр соңында олар Алладан басқа ешбір пана жоқтығын аңғарды. Содан соң олардың өздеріне қайта келуі үшін, Алла олардың тәубесін қабыл етті. Өйткені, Алла Тәууәб (тәубені өте көп қабыл етуші), аса Рақымды».

Осы аятты оқығаннан кейін Ка′б Алла елшісіне: «Пайғамбарым! Мен туралығым арқылы азат болдым. Бұдан кейін өмір-бақи шындықтан басқа ешнәрсе айтпайтыныма сөз беремін» деген болатын. Міне, Ка′б ибн Мәлик осындай қиын сынақтан туралығының арқасында ғана аман өтті.

материал «Кемелдік кілті» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: