23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жүрек пен тілдің туралығы

Жүрек пен тілдің туралығы

Иман келтіру

Жүрек туралығы

Туралықтың түп негізінде оның мән-мағынасына сәйкес келетін таухидтен айнымайтын, ауытқымайтын жүрек туралығы жатады. Егер жүрек Алланы тануда, Одан қорқуда, Оны құрметтеуде, қастерлеуде, Оны жақсы көруде, Оған байланысты қалау-тілекте, Одан үміт етуде, Оған жалбарынуда, Оған арқа сүйеуде және Одан басқаның барлығын тәрк етуде туралықты ұстана бастаса, онда адам денесінің барлық бөліктері де Аллаға бойсұнуда үздіксіз, бұлжымастай туралықты ұстануды бастайды. Себебі жүрек – дененің барлық бөлігінің билеушісі, ал дененің барлық бөліктері жүректің әскерлері іспетті, егер билеуші туралықты ұстанса, оның әскерлері мен қол астындағылары да оған ілеседі. Алла елшісі (с.а.с.): «(Адам) денесінде бір парша ет бар. Ол жақсы болса, барлық тән жақсы болады, ал егер ол жарамсыз болса, онда бүкіл дене жарамсыз болады, расында, ол – жүрек», – деген.

Тілдің туралығы

Адам ағзасының жүректен кейінгі туралықты ұстануы қажет бөлігі – тіл. Өйткені тіл – жүрек қалауының тілмашы, оның ойын жеткізуші. Бұл – ойдың дұрыстығына дәлел, Пайғамбардан (с.а.с.) сахабаларының бірі келтірген хадисте: «(Бір күні) мен: «Уа, Алланың елшісі! Мен үшін ең қатерлі не?» – деп сұрағанымда, ол қолымен тілін көрсетті», – деген. Әнәс (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Құлдың иманы оның жүрегі туралыққа келмей тура болмайды, ал оның жүрегі, оның тілі тура болмай туралыққа келмейді», – деді», – деген.

Ал Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Таңертең адам баласы ұйқыдан оянғанда, оның дене бөліктері тілге жалынышты тіл қатады: «Біз үшін Алладан қорыққайсың, өйткені біз саған тәуелдіміз, егер сен тура болсаң, онда біз де туралықты ұстанамыз, ал егер сен қисайсаң, біз де қисық боламыз», – деп айтқан», – деген.

материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: