Бұл – Құран Кәрім мен сүннетте тыйым салынған амалдарға өте үлкен мән берілгендіктен фақиһтер истинбат жолымен алынған әмбебап фиқһ қағидаларының бірі.
Бұл ұстанымның мәні мынада: егер пайдалы іс зиянды іске қарсы келген жағдайда, пайдалыны орындау зиянды әрекеттің іске асуына әкеліп соғатын болса, ал зияндының алдын алу немесе бұрмалау пайдалының іске асырылмауына әкеліп соғатын болса, бар мүмкіндікті зияндының алдын алуға, яғни оны болдырмауға жұмсау керек. Өйткені зиянды нәрсенің етек алу жылдамдығы және оның маңындағыларға ықпал етуі құрғақ шөпке тиген өрттің таралу жылдамдығындай. Сондықтан пайдалыдан айрылып қалуға немесе оның кешігуіне себеп болса да зиянды әрекеттің іске асуына жол бермеу даналықтың көрінісі болады.
Мәселен, бұл қағиданың өмірде қолданылуы туралы фиқһ ғылымының тарамдарына қатысты тоқталсақ, бір кісінің жүзімнен шарап жасайтынын алдын ала білген соң, ол басқаларға қарағанда қымбатырақ бағаға сатып алуға дайын болса да, ондай адамға жүзімді сатудан немесе көп пайда түсетін болса да шарап жасау мен оны сатудан бас тартуы. Шариғаттың тыйым салғандарына қатысты барлық жағдайда осы қағиданы қолдану керек. Осы қағидаға және оның өмірде қолданылуына сай Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелдерге ұзақ мерзімді сапарға тек күйеуімен немесе жақын туысы, шариғат бойынша күйеуге шығуына болмайтын еркекпен (махрам) ғана шығуына рұқсат берген. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.а.с.): «Аллаға және Қиямет күніне сенетін әйелдің бір күндік жолға жақын туысынсыз шығуына болмайды», – деді», – деген.
Мұндағы «бір күндік» деген сөз «бір тәулік» дегенді білдіреді. Кез келген іс-қимылдың пайдасын немесе зиянын анық көз жеткізу арқылы емес, тек қана осылай болуы барынша мүмкін-ау деген жорамалға сүйеніп ескеруге болатынын айта кету қажет. Мұның өзінде кең тараған жағдайларды ескеру керек, ал сирек кездесетін жағдайды ескермесе де болады. Өйткені біздерге зиян келтіреді деп есептелетін іс-амалдар, бұл туралы анық нұсқау не бұйрық болмаса да, олар шын мәнінде тыйым салынған болады. Бұл айтылған сөз бұрын талай рет қайталанса да зиян келтірмеген, бірақ әдетте зиян келтіретін іс-амалдарға да қатысты. Зияны мейлінше аз іс-амалдарды ескермеуге де болады. Бұл жерде кейбір іс-амалдарды жасау белгілі бір дәрежеде зиян келтіретіні белгілі болса да сол іс-амалдан келетін пайда одан келетін зияннан әлдеқайда артық болса, ондай іс-амалдарға рұқсат берілген, тіпті орындалуы міндетті болған ісамалға айналатыны туралы айтылып отыр. Мұның себебі мұндай ісамалдардың пайдасы үлкен, ал олардан келетін зиян мардымсыз. Мәселен, адам өмірін сақтап қалу үшін оның белгілі бір дене мүшесін кесіп алып тастау немесе қарсыласқан екі топты татуластыру үшін айтылған жалған сөз осыған мысал бола алады. Мұндай не осыған ұқсас жағдайда екі зиянның азын таңдау дұрыс. Өйткені адам өміріне қауіп төндіріп тұрған ауру мүшені кесіп алып тастамаса, ол ауру адамға одан да ауыр зиян келтірген болар еді.
Сондай-ақ адамдар арасында өшпенділік тудыратын және көптеген қайғықасіретке себеп болатын даудың жалғаса беруі ешкімнің құқығын кемітпейтін, ешкімге зияны жоқ жалған сөзге қарағанда зиян болып табылады.
материал «Имам ән-Нәуәуи таңдаған қырық хадис шархы» кітабынан алынды,
ummet.kz