«Олармен әрбір істе кеңесіп отыр» («Әли Имран» сүресі, 159-аят). «Олар (барлық) істерін өзара кеңесе отырып жүргізеді» («Шура» сүресі, 38-аят).
Жәбир (р.а.): «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге әрбір істе Алладан жөн сұрауды Құран сүресін үйреткеніндей мұқият үйретіп былай дейтін еді: «Егер іштеріңнен әлдекім қандай да бір іске ниеттенсе, екі рәкат нәпіл намаз оқысын. Содан кейін: «Уа, Алла Тағалам! Шексіз іліміңе сүйене отырып бір Өзіңнен ниет еткен ісімнің жақсылығын тілеп, жөн сұраймын. Шексіз құдіретіңе арқа сүйеп бір Өзіңнен осы істе күш-қуат сұраймын. Бар жақсылықты Сенің мейіршапағатыңнан тілеймін, өйткені Сенің күшің бәріне жетеді. Ал менің қауқарым ештеңеге жетпек емес. Сен бәрін де білесің. Ал мен білмеймін. Сен – Өзіңнен басқаға беймәлім ғайып әлемін де толық білесің. Уа, Алла Тағалам! Егер бұл іс дініме, фәнидегі тіршілігіме және нәтижесі (немесе басы һәм соңы) тұрғысынан мен үшін қайырлы болса, оны маған нәсіп ете гөр! Әрі оны мен үшін жеңіл һәм берекелі ете гөр! Ал егер бұл іс дініме, фәнидегі тіршілігіме және нәтижесі (немесе басы һәм соңы) тұрғысынан маған жамандық әкелетін болса, менен оның бетін ары қылып, мені де одан аулақ еткейсің! Жақсылық атаулы қай жерде болмасын мені соған жеткізе гөр! Сол арқылы мені қуанышқа бөлей гөр!» – деп айтсын да, қажетін сұрасын», – деп айтты», – деген (Бұхари, дағауат 48/таухид 10).
материал «Хадистер жинағы» кітабынан алынды,
ummet.kz